Еліміздің бес өңірінде сұйытылған мұнай газы (СМГ) қымбаттайтын болды. «Қазақстан Республикасының аумағында автогаз құю стансаларында автокөлікке жанармай құю үшін сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге уақытша мемлекеттік баға реттеуді енгізу туралы» Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының 2022 жылғы 5 шілдедегі №16 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы қаулы жобасы ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланды.
«Қазақстандық отын қауымдастығының және нарық субъектілерінің көлік қызметтеріне (көлік-экспедиторлық қызметтер, вагондарды беру және жинау жөніндегі қызметтер) шығындардың ұлғаюына, СМГ-ны бірқатар облыста өткізу кезінде шекті бағалады көтеру қажеттілігі туралы (5-тен 10 теңге шегінде) өтініштерін ескере отырып, көлік қызметтеріне (көлік-экспедиторлық қызметтер, вагондарды беру және жинау жөніндегі қызметтер) автомобильге газ құю стансалары мен газ жинақтау пункттерін, жалақы қорын, бөгде ұйымдардың қызметтерін ұстау және оларға қызмет көрсету, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» магистральдық темір жолдары бойынша жүктерді тасымалдауға арналған тарифтер СМГ-дағы белгіленген бағаларды бұрынғы деңгейде сақтай отырып, СМГ-ны өткізуді шектеу және оның тапшылығы тәуекелдері туындайды», делінген қаулыда.
Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысында, Алматы облысында, Солтүстік Қазақстан облысында және Алматы қаласында СМГ-ны бөлшек саудада сату бағасын өзгерту ұсынылады. Нақтылап айтқанда, сұйытылған мұнай газының бағасы Алматыда – литріне 65-тен 75 теңгеге, Алматы облысында 70-тен 75 теңгеге, Шығыс Қазақстан облысында – 60-тан 70 теңгеге, Солтүстік Қазақстан облысында 70-тен 75 теңгеге және Абай облысында 60-тан 65 теңгеге көтерілмек.
Сондай-ақ осы өңірлердегі шалғай аудандардағы бағалар да өседі. Еліміздің өзге аймақтарындағы СМГ-ның бөлшек бағасы өзгеріссіз қалды. Бұйрық жобасы 17 сәуірге дейін қоғамдық талқылауға ұсынылады.
«Мемлекет басшысының 2022 жылғы 5 қаңтардағы тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 119-бабына сәйкес Агенттік Төрағасының міндетін атқарушысының 2022 жылғы 5 қаңтардағы №1 бұйрығымен автогаз құю стансаларынан сұйытылған мұнай газын (бұдан әрі – СМГ) бөлшек саудада өткізуге аймаққа байланысты литріне 50-ден 70 теңгеге дейінгі шекті бағаларды белгілей отырып, уақытша мемлекеттік баға реттеу енгізілді. Бұдан әрі агенттіктің 2022 жылғы 5 шілдедегі № 16 және 2022 жылғы 27 желтоқсандағы №20 бұйрықтарымен осы шекті бағалар 2023 жылғы 30 маусымға дейін ұзартылды», делінеді қаулы мәтінінде.
Ішкі нарықта сұйытылған мұнай газын негізгі тұтынудың 60%-дан астамы автокөлікке тиесілі. 2019 жылдан бастап сұйытылған газға ауыстырылған автокөлік саны 2021 жылға қарай 2,2 есе өсіп, 310 мыңнан астам бірлікке жетті.
2021 жылы 3,17 млн тонна сұйытылған мұнай газы өндірілсе, 2022 жыл бұл көрсеткіш 2,82 млн тоннаны құрады. Биыл 2,86 млн тонна көлемінде СМГ өндірілуге тиіс.