• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Сәуір, 2023

Хайуанаттар бағында кішкентай қыз сындырған әйнекті демеуші төлейтін болды

312 рет
көрсетілді

Шымкентте хайуанаттар бағындағы қоршаудың сынған әйнегіне қатысты оқыс оқиға тараптардың татуласуымен шешілді. Сонымен қатар залалды өтейтін демеуші де табыла кетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қыздың ата-анасы хайуанаттар бағы әкімшілігінің БАҚ арқылы таратқан ескертуінен құлағдар болып, мекемеге келген, кешірім сұраған. Осыдан кейін хайуанаттар бағының басшылығы олардың үстінен түсірген арызын кері қайтарып алды. Сондай-ақ қоршау әйнегін қалпына келтіру шығынын толық өтеуге дайын демеуші де табылды», делінген Otyrar.kz таратқан ақпаратта.

Өз кезегінде хайуанаттар бағының басшылығы мұндағы қарапайым ережелерді сақтауды сұрайды.

- әйнекті ұруға болмайды;

- жануарларды тамақтандыруға, оларды мазақ етіп, ашуландыруға болмайды;

- хайуанаттар бағындағы ескерту белгілерін елеп-ескеру қажет.

Айта кетсек, 5 сәуірде Шымкентте кішкентай қыз маймылдар отырған қоршаудың әйнегін сындырып алғаны хабарланған болатын. Оқыс оқиғаға куә қыздың ата-анасы хайуанаттар бағынан тез кетуге асыққан. Хайуанаттар бағы басшылығы егер ересектердің өздері мекемеге келіп, кешірім сұрамаса, онда қалалық полиция департаментіне арызданатындарын мәлімдеді.