Бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі, 2022 жылғы Азия біріншілігінің қола жүлдегері, 2020 жылғы Қазақстан чемпионы (60 келі) Саматәлі Төлтаев допинг дауына байланысты командадан шеттетілді, деп хабарлайды Egemen.kz Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл 30 сәуір мен 14 мамыр аралығында Ташкентте өтетін бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионаты қарсаңында болды.
Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановтың айтуынша, боксшы еліне қайтарылған, ол оқу-жаттығу жиынында жоқ.
«Мен командаға келген соң, қайтадан дәрігерлерді, ғылыми кешенді топ қызметкерлерін жинап, жұмыс істей бастадық. Олар жігіттерге допинг туралы үнемі ескертіп отырады. Тіпті, көшеден су ішуге болмайтынын да ескертеміз. Ал Саматәлі достарының, таныстарының айтуымен витамин ішемін деген ойда болған. Бүгінде одан екінші сынама алынады. Халықаралық комиссия шешеді бәрін. Қазір оны үйіне қайтардық. Жаттығу жиындарында жоқ. Боксшылар мамандар мен дәрігерлердің бақылауында», деді бас бапкер.
Саматәлі Төлтаевтың допинг қолданғаны дәлелденсе, төрт жылға спорттан шеттетілуі мүмкін.