«Amanat» партиясы Қоғамдық саясат институтының «SocioExpert Club» алаңында «Жаңа саяси мәдениет және креативті индустрия» тақырыбы аясында «Капитан Qazaqstan» комиксінің тұсауы кесілді.
Туындының авторы – партия жанындағы Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Ерлан Ахмеди. Бұл оның алғашқы туындысы емес. Бұған дейін оның «ХХІ ғасыр шешені. 77 кеңес» кітабы және «Власть. Серый кардинал» атты саяси романы жарық көрді.
– Тұсауы кесіліп отырған комикстің нобайын оқушы кезімде жасай бастадым. «Marvel»-дің, «DC»-дің киносын, мультфильмдерін көріп өстім. Заманауи Қазақстанның қаһарманы, саясаткері қандай болуы керек деп көп ойландым. Оның жемісі – осы «Капитан Qazaqstan». Ол отбасылық құндылықтарға басымдық беріп, отансүйгіштікті, әділеттілікті ту етеді. Біз жас отандастарымызды дұрыс бағытта тәрбиелеуіміз керек, – деді Е.Ахмеди.
Комикстің бас кейіпкері Дінмұхаммед Қасымхан күндіз әділеттілікті ту ететін саясаткер, түнде әділетсіздікпен күресетін суперқаһарман – «Капитан Qazaqstan». Комиксті Астана қаласындағы «Алаш» және «Абай» кітап дүкендерінен сатып алуға болады.
– Комикс қоғамдық мәдениетті қалыптастырады. Өкінішке қарай, отандық комикстер өте аз. Саусақпен санарлық. Бұл – еліміз үшін мүлдем жаңа сала, тың қадам десе де болады. «Капитан Qazaqstan»-ды елімізде жарыққа шыққан саяси тақырыптағы тұңғыш комикс деуге толық негіз бар. Тіпті бұл еңбекке тек балалар ғана емес, ересектер қауымы да қызығушылық танытады деген сенімдемін, – деді «Kitap.kz» жобасының авторы, медиасарапшы Мақпал Жұмабай.