Семей қаласындағы №7 жалпы орта білім беретін мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Нұрлыхан Маратов пен 8-сынып оқушысы Темірлан Темірбаев туристерге арналған мобильді қосымша ойлап тапты.
Мобильді қосымша «Discover Abai» деп аталады. Қосымша жайлы саяхатқа жол ашады әрі туристерге жаңа жерлерді көріп, қазақ тілін үйреніп, жергілікті мәдениетпен танысуға мүмкіндік береді. Айта кету керек, оқушылар дәл осы қосымшаны республикалық хакатонда қорғап, бас жүлде иеленген.
Қазақ, орыс және ағылшын тілінде қолдану мүмкіндігі бар қосымшаға кез келген адам тіркеле алады. Пікір қалдыру, кері байланыс, басқа профильдерді қарау мүмкіндіктері де қарастырылған. Туристерге ыңғайлы болу үшін қосымшаға карта орналастырылған: пайдаланушы белгілі бір объектінің орналасқан жерін оның мекенжайын басу арқылы біле алады. Туристер үшін қазақ тілі сабақтары, Абай облысынан шыққан белгілі тұлғалардың өмірбаяндары, ұлы Абайдың өлеңдері ұсынылған.
– Жобаның клиенттік бөлігі «React Native» кітапханасын қолдана отырып, «JavaScript»-те жасалған. Ал оның артықшылығы «JavaScript»-тегі код «Android» және «iOS» жүйелерінде жұмыс істейді. Яғни әр амалдық жүйе үшін бөлек код жазудың қажеті жоқ. Сонымен қатар технологияның бұл жиынтығы жобаны масштабтауды және сынауды жеңілдетеді, – дейді Темірлан.
Алдағы уақытта қосымша жетілдіріліп, платформалардың барлығына жүктелмек.