Семей өңірінде кәсіпкерлер аз емес. Ал осы өңірде туризмді дамытуға атсалысып келе жатқан азаматтарды көп деуге келмейді. Исағали Омаралинов сондай азаматтардың бірі ғана емес, бірегейі. Оның бұл мәселемен айналысып келе жатқанына ширек ғасырдан асып барады. Қазірде айдынды Алакөл жағасындағы 350 орындық ең үлкен демалыс кешені осы азаматтың иелігінде. Мұнда тынығушыларға барынша қолайлы мүмкіндік жасалған. Өткен жылы осында екі отбасылық сәнді коттедждер салынды. Ал олардың сапасы шетелдердегі демалыс орындарынан еш кем емес. Бір сөзбен айтқанда, «Әйгерім» шетелдік қонақтарды қабылдауға да сақадай сай әзір.
Жуырда, яғни жаңа маусым алдында Исағали Қалимұсаұлы Өскемен мен Семейдің және облыстың бірқатар аудандарының жалпы жиыны отыздан астам еңбек ардагерлерін Алакөлге шақырып, тегін тынықтырып, демалдырды. Бес күнге созылған демалыс барысында жасы сексенге тақаған ақсақалдарға мейлінше құрмет көрсетілді. Яғни, мазмұнды кеш, ойын-сауыққа дейін ұйымдастырылды. Сол себептен де ақсақалдар ақсұңқар секілді жемін шашып жеп жүрген азаматқа дән риза болды. Бұған дейін де мектеп, мешітке, спорт мекемелеріне қамқорлық танытып келе жатқан Исағалиды қалай мақтасаң да сыйымды.
Осы орайда сапарда көңілімізге түйіп қайтқан келелі мәселені айта кетсек еш артықтығы жоқ деп білеміз. Яғни, Алакөлге барып қайту мәселесі әлі күнге дейін өз шешімін таппай келеді. Жалаңашкөлден Алакөлге дейінгі небәрі елу шақырым жерге теміржол тартылса дейміз. Олай болмаған күнде осы екі аралықтағы жолға асфальт төселсе бұл мәселе жартылай болса да өз шешімін тапқан болар еді. Ал еліміздің Астана, Алматы сынды ірі қалаларымен бірге, Өскемен, Семейден Алакөлге тікелей ұшақ ұшырыла бастаса оның айтары жоқ. Мемлекетіміз әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарынан көрінуге талпынып отырған шақта бұл қияли әңгіме емес. Туризмді дамытсақ, еліміз де қоса дамитындығын кім жоққа шығарады!
СЕМЕЙ.