Елімізде «MG Production» мен Оңтүстік Кореядағы атақты
«Плюс F» кинокомпаниясы ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойды
Екінің бірі елімізде «MG Production» деп аталатын кинокомпанияның бар екендігін білмесе де, бір қауым көрермен осы компания түсірген «Елес қуған сайыпқыран», «Обратная сторона», «999», «Ана жүрегі» деп аталатын картиналарды көрген. Сонымен, Қазақстандағы аталмыш компания Оңтүстік Кореядағы атақты «Плюс F» компаниясымен көркем фильмдер мен телесериалдар түсіру туралы ұзақ мерзімді әріптестік келісімшартына қол қойды.
Мәселен, «Плюс F» кинокомпаниясы өз елінде табысты телесериалдар мен көркем фильмдер түсіруге әбден машықтанған, абыройлы картиналар жасаумен аты шыққан кинокомпаниялардың бірі. Осынау кинокомпания түсірген талай картиналар халықаралық кинофестивальдердің лауреаты атанған.
Ал Қазақстандағы «MG Production» кинокомпаниясының да аяқ алысы жаман емес. Биыл жыл басында «Елес қуған сайыпқыран» атты ғылыми фантастикалық элементтері бар көркем фильмді бірден екі тілде тарту еткені оқырманға аян.
Шындығында, жаңа фильм экшн жанрын жақсы көретін көрермендердің көңілінен шыққан-ды. Алғашқы қазақ блокбастері ауқымды спецэффектілерімен, сапалы графикасымен де ерекшеленді.
– Бұл – кинематография саласында екі елдің бірігіп жұмыс істеуінің бірінші мысалы. Оңтүстік Кореяның теле және киноөнімдері Азия мен ТМД елдерінде үлкен сұранысқа ие. Біз қолға алған бастама қазақстандық-кореялық киножобаларды жаңа рынокқа шығаруға көмектеседі, – дейді «MG Production» кинокомпаниясының бас директоры Ернар Мәліков.
Ернар Мәліковтің айтуынша, бұл қадам Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасына тартылған мәдени көпірді мемлекеттік деңгейде ғана бекемдеп қоймай, қазақтар мен корейлерді жақындастыра түсудің игі амалдары болып табылады.
– Біздер екі елдің мәдениеттерін, тарихи құндылықтары мен әдет-ғұрыптарын бір-біріне бұрынғыдан да түсінікті етіп, жақындастыра беруді де ниет етіп отырмыз, – дейді қазақстандық кинематограф.
Қысқасы, келісімге келген екі кинокомпания өз жобаларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік телеарналар мен киностудиялардың көмегіне сүйеніп және жеке демеушілер тартуды көздеп отыр.
Мұндай жобалар – кино және телесериалдар түсіру өндірісі Қазақстан үшін коммерциялық тұрғыда тиімді болуына септеседі деп ойлайды киногерлеріміз.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.