• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қылмыс 11 Сәуір, 2023

Айла-шарғымен шырмайтын алаяқтар

304 рет
көрсетілді

Ертіс-Баян өңірінде облысында интернеттегі алаяқтыққа және мал ұрлығына қатысты қылмыстарды ашу көрсеткіштері мәз емес. Ресми статистикаға сүйенсек, былтыр азаматтардың ғаламторда алданып қалу фактілері бойынша 404 оқиға тіркеліп, оның тек 188-іне өндірістік іс қозғалған. Ал тіркелген 64 мал ұрлығының 44,3 пайы­зы ашылған.

Құқық қорғау мамандары интернет­тің мүм­кіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жү­зеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын­ өзгеріп отыратынын айтады. Бы­лайша айтқанда, кибер-қылмыскерлер де уақыт талабынан қалмайды. Облыстың тәр­тіп сақшылары күн сайын заңсыз кон­тенттерді анықтау мақсатында интернет же­лісіне мониторинг жүргізіп, күмәнді сайт­тар мен сілтемелерді «киберқадағалау» жүйесіне енгізіп жібереді. Жыл басынан әлгіндей мазмұндағы 77 сілтеме анықталған екен. Полиция өкілдері өткен жылмен салыстырғанда алаяқтық фактілерімен күре­суде оң үрдіс байқалатынын айтады әрі бұл профилактикалық жұмыстардың нәтижесі деп санайды. Алайда күмәнді ресурстарда жарқ етіп шыға келіп, көзді арбайтын түрлі жалған «инвестициялар» мен алаяқтардың одан өзге де айла-шарғыларына халықтың иммунитеті қа­лып­таспай отырғаны анық.

Еліміздің Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов интернеттегі алаяқтық шын мә­нінде қазіргі полицияның алдында тұр­ған үлкен проблема екенін айтады. Оқи­ға­лар саны бір жыл ішінде 10 есеге өс­кен. Тір­кел­ген қылмыстар ішінде ұрлық­тан кейін екінші орынға шығып үлгерді. Құ­зырлы органдар бұл мәселеде заманауи тех­нологиялардың көмегіне көбірек сүйен­бекші.

«Мәселен, былтыр қызметкер­лері­міз Украинаның Днепропетровск қала­сы­на арнайы сапармен барып, Қазақстан аза­маттарын зар илетіп отырған колл-орта­­лықты жабуға қол жеткізді. Ол жерде кә­дімгі алаяқтар тобы құрылып, жұмыс істе­ген. Соның нәтижесінде алаяқтардың 8,5 млн қоңырауы қазақстандықтарға дейін жет­пе­ді. Бұл топ отандасымызды арбау жо­лы­­мен 15 млрд теңгені шетел асырып, жым­­қыр­ған. Бүгінде елдегі барлық оператормен ке­лісім жасалды. Енді шетелден жалған нө­мірмен қоңырау шалатын болса, ол біздің аза­маттардың телефонына түспейтіндей еттік. Жа­л­ған жарнама таратып, халыққа күмәнді сілтемелер жіберетін 1 112 сайт бұ­ғатталды. Жуық уақытта еліміз Еуропа кеңесінің компьютерлік қылмыстар жөнін­дегі конвенциясына қосылады. Сол уақытта 66 елдің интернет-провайдерімен шұғыл түрде ақпарат алмасуға мүмкіндік туып, байла­ныс операторлары үшін техникалық қалқан ­пайда болады», дейді министр.

Сондай-ақ түрлі ресурс арқылы син­тетикалық есірткі сату үдей түскен. Есірт­кі бизнесі кез келген елдің заңынан бүрке­мелене алатын киберкеңістікте тамырын мықтап жайып, тарату нарығы «жанасусыз» әдістің арқасында гүлденіп отыр деуге толық негіз бар.

«Осы жылдың басында 10 тонна син­тетикалық есірткі тәркіленді. Бұл дегеніміз 20 млн доза болар еді. Ал ақшаға шаққанда 200 млрд теңге. Заңсыз бизнеспен айна­лы­сушылар еліміз бойынша әлгі есірт­кіні тарататын 3 мыңнан астам адамды да­йындаған. Ел бойынша 21, соның ішінде Пав­­лодарда 2 зертхана жасырын жұмыс істеп кел­генін анықтап, жолын кестік. Ен­дігі кезекте біз бұл кесапаттың себебімен күре­суге дайындық жүргізіп отырмыз. Мысал үшін елде есірткіге тәуелділерді емдейтін орындар аз. Екібастұз қаласына жаңадан емдеу мекемесін салу, ал Павлодардағы­сын кеңейту қажет. Оқушыларды жыл сайын есірткі бойынша скринингтен өткізу көзделіп отыр. Дәрігерлер есірткіге тәуелділерді 1-2-кезеңде толықтай қалыпты өмірге қай­таруға болатынын, ал 2-3-кезеңге өткен­дердің 10 пайызын емдеп шығу мүм­кін екенін айтады. Кесапат шын мәнінде ұрпа­ғы­мыздан мәңгүрт азаматтар жасап отыр», деп қынжылады Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, қыл­мысқа әсер ететін 250 фактор бар екен. Оның 11-і ғана полицияның құзырына жатады. Өзгесі әлеуметтік, экономикалық, гео­графиялық, миграциялық, табиғи, мәдени, демографиялық және басқа да себеп-салдарлар. Мәселен, қылмыстық заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістердің нәтижесінде елімізде мал ұрлығы 3 есеге азайған. Бұрын қолға түскен ұрылардың істі қарау барысында түлік иесімен бітімге келуіне жағдай жасайтын заң талаптары бар еді. Жаңа заң­намада олардың әрекеті бірден ауыр қыл­мысқа телінетіні көрсетілген. Яғни бітім­гершілікке жол жоқ. Екінші тұрғыдан бұл жерде жауапкершіліктің екінші ұшы мал иесінде болуы керек деп санайды маман­дар. Малды қараусыз қалдыру былай тұр­сын, түлікті сырғалау, оларға арнайы чип енгізу, ауыл шаруашылығы жануарларын бір­дейлендіру талаптарын орындамайды. «Қа­заннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедінің» кері бұл. Сондықтан алдағы уақытта заң шығарушылар бұл бағытты да қамтуға кіріседі деп күтіліп отыр. Әйтпесе ұрлықты былай қойғанда, айдың-күннің аманында күре жолда малдың кесірінен көлік апатына ұшырап, көз жұмып жатқандар аз емес.

Айтпақшы, Ішкі істер министрлігі қоғам­дық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қам­тамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірлеуге кірісті. «Халықтың сенімі біздің қызметімізді трансформация жасауға итер­мелейді», дейді тәртіп сақшылары. Сон­дықтан жаңа тұжырымдама қоғамның тал­қылауымен жүзеге асады деп күтіліп отыр. Қазір ол өңірлерде талқыланып, жұрттың талап-тілегі ескеріледі.

Жуырда Павлодарда Қазақстан бойынша алғаш рет сервистік қызмет көрсететін учаскелік полиция пункті ашылды. Мұнда азаматтар полицияның құзырындағы кез келген қызметті ала алады. Қоғамдық орындарда полицияның тұрақты болуына және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сервистік орталық 57 мыңнан астам адам тұратын «Усолка» шағын ауданында орналасқан. Нысанда азаматтарды қабылдауға және жұртшылықпен жұмыс істеуге арналған бөлмелер, ана мен бала бөлмесі, мәжіліс залы, қызметтік, демалыс және тамақтануға арналған бөлмелер бар. Орталықта жалпы саны 16 тәртіп сақшысы қызмет көрсетеді. Әлгіндей сервистер жуық арада еліміздің өзге де қалаларында ашылады деп жоспарланып отыр.

 

Павлодар облысы