Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Иерусалимдегі Әл-Ақса мешітінде болған қақтығысқа байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.
ҚМДБ қасиетті Рамазан айында Алланың мейірімінен үміт етіп, мешітте құлшылық жасап жатқан мұсылмандарды күшпен қудалап, олардың өмірі мен денсаулығына зиян тигізіп жатқан тараптың іс-әрекетін қатаң айыптады.
«Алла Тағала қасиетті Құранда: «Құлын (Мұхаммедті) бір түнде Харам мешітінен айналасына Өзіміз құт-береке дарытқан Ақса мешітіне кейбір маңызды белгілеріміз бен дәлелдерімізді көрсету үшін алып барған Алла – мінсіз. Ол – Сәмиғ (бәрін естуші), Басир (бәрін де көруші)» («Исра» сүресі, 1-аят) деп баяндайды. Бұл аят әл-Ақса мешітінің мұсылман әлемі үшін қаншалықты қасиетті әрі ардақты екенін айғақтайды», делінген ҚМДБ таратқан хабарламада.Осы ретте, діни басқарма еліміздегі барша мұсылманды қасиетті айда қасиетті мекеннің тыныштығы мен сол жердегі мұсылман бауырларымыздың бейбіт өмірі үшін дұға жасауға шақырды.
«Алла Тағала қасиетті әл-Ақсаның бейбітшілік пен амандықта болуын нәсіп етсін! Раббымыз жер бетін түрлі бүлік пен қантөгістен сақтағай! Әмин!», делінген мәлімдемеде.