АСТАНА. 4 шілде. Үкімет басшысының орынбасары - Қаржы министрі Б.Сұлтановтың 2014 жылдың 3 шілдесіндегі бұйрығымен Қалилла Абдуллаев Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алулар комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Қалилла Насыроллаұлы Абдуллаев 1971 жылы Жамбыл облысында туған. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірген. Мамандығы – инженер-экономист, заңгер.
Қ.Абдуллаев 1994-2002 жылдар аралығында Жамбыл облысында қаржы жүйесі мекемелерінде әр түрлі басшылық қызметте болды. 2002-2004 жылдары Қаржы министрлігі салық комитеті салықтық әкімшілендіру басқармасының бастығы, 2004-2005 жылдары Астана қаласы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары, 2005-2008 жылдары Қостанай облысы бойынша салық комитетінің төрағасы, 2008-2012 жылдары Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау облыстары бойынша салық департаментінің бастығы, 2012-2013 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Ал 2014 жылғы 21 мамырдан осы тағайындауға дейін Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алулар комитеті төрағасының міндетін атқарушы болып қызмет етті.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «ҚазАқпарат».
Фото: meta.kz.