2010-2022 жылдар аралығында Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымы елдерімен сауда қатынасы 3 есе – 4,5-тен 12,9 млрд долларға дейін өскен. Бұл ретте Қазақстан Үкіметі мен ұйым елдері арасында қысқа мерзімді перспективада өзара сауда айналымын 23 млрд долларға жеткізу туралы келісім бар екенін де айта кетейік.
Экономикалық зерттеулер институтының хабарлауынша, егер пандемия толқыны ұрған 2020 жылды есепке алмасақ, онда 2017 жылдан бастап біздің ел мен Түркі мемлекеттері ұйымы арасындағы сауда өсімінің орташа жылдық қарқыны 31 пайызды құрапты. Осы қарқын сақталған жағдайда тараптар түпкілікті мақсатқа (23 млрд долларға жеткізу – ред.) алдағы 4-5 жылда қолжеткізе алады.
«2010 жылдан бері әсіресе, Түркия (3,4 есе) және Өзбекстанмен (3,2 есе) сауда қатынасы тәуір жақсарған. Қырғызстанмен ЕАЭО дейтін одақта бірге екенімізге қарамастан тауар айналымы 91,8 пайызға өсті. Төменгі өсім қарқыны Әзербайжанмен сауда қатынасында байқалады. Небәрі 3,9 пайыз», деп хабарлайды институт.
Сауда айналымындағы 12,9 млрд доллардың 74 пайызы немесе 9,6 млрд доллары – түркі кеңесі елдеріне жөнелтілген Қазақстанның экспорты. Түркияға 4,8 млрд доллардың (50 пайыз), Өзбекстанға 3,7 млрд доллардың (39 пайыз) тауарын тасымалдаппыз. 2022 жылы Қырғызстанға жіберілген экспорт көлемі – 745,3 млн долларды (8 пайыз), Әзербайжанға экспорт 375,3 млн долларды (4 пайыз) құрады. Түркияға жіберілген экспорт құрылымының 89 пайызы – мұнай, көмір, газ, мыс, мырыш, алюминий және қорғасын сияқты тауарлар. Сондай-ақ біз ол елге күнбағыс майы, өңделген астық, жарма, металпрокат жеткіземіз. Ал Өзбекстанға экспорт құрылымы барынша әртараптандырылған деуге болады. Қазір Қазақстан көрші елге телефон, автомобиль, теледидар, компьютер, маргарин, күнбағыс майын, азық-түлік тауарларын сатып отыр. Ал шикізат пен қосылған құны төмен тауарлар үлесі 53 пайыздай. Оның қатарында мыс пен мырыш рудалары, мұнай, легирленбеген болаттан жасалған жартылай фабрикаттар, алюминий, асбест, бидай, күнбағыс тұқымдары, арпа бар. Қазақстанның Өзбекстанға экспортында өңдеу дәрежесі жоғары жартылай фабрикаттарға металл прокаттары, ұн, металл бұйымдары, ет, құбырлар, әртүрлі ыдыстар жатады.
Тауар айналымының 26 пайызы Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінен келетін 3,3 млрд доллар көлеміндегі импортқа тиесілі. Қазақстанға тауар жеткізуші басты мемлекеттер – Түркия (1,6 млрд доллар) мен Өзбекстан (1,3 млрд доллар). Сондай-ақ Қырғызстан 384 млн долларды, Әзербайжан 87 млн доллардың өнімін жеткізген.
Мамандар Қазақстан мен түркі елдері экономикалық қарым-қатынасының перспективалы екенін айтады. Қазірдің өзінде Түркия мен Өзбекстан біздің басты сауда-экономикалық серіктесіміздің бестігіне кіреді (Италия, Қытай және Ресейден кейін).