Абай облысындағы Елеке сазы қорғаны ежелгі сақ дәуірінен сақталып қалған киелі орын. Біраз жылдан бері тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашев бастаған ғалымдар осы қорғанға археологиялық қазба жұмысын жүргізіп, тарихымызды одан әрі терең тануға тың жаңалық қосты. Белгілі археологпен болған бүгінгі сұхбатымызды осы тақырыпта өрбіттік.
– Зейнолла аға, аталған қорған туралы қысқаша айтып берсеңіз...
– Елеке сазы қорғаны қазіргі Абай облысы Ақсуат ауданының орталығынан 90 шақырым жердегі таудың арасында орналасқан. Іргесінен Қарғыба өзені ағып жатыр. Бұл жерді ертеде Елеке есімді бай жайлапты. Зираты да сонда. Табиғаты өте көркем. Таудың бір қуысынан Үржар ауданына тура баратын өткел бар. Бұл жердегі обалардың саны 300-ден асады. Оларды Тас, Қола және Сақ дәуірлерінің алғашқы және соңғы кезеңдеріне жатқызып отырмыз. Сондай-ақ көне түркі дәуірінің кешендері кездеседі.
– Қазба жұмыстары қашан басталды?
– Осыдан 10-15 жыл бұрын Тарбағатайдағы көне обаларды біреулер тонапты дегенді естідім. Жалпы, обаларды тонау кеңес өкіметі құлағаннан кейін қатты белең алды. Тонаушылар сол заттарды сатып, ақша тапты. Бұл жағымсыз құбылыс бізде ғана емес, біраз елде әдетке айналған. Осы жағдайды естіген соң Елеке сазына келіп, жан-жақты зерттеу жүргіздік. Оған өзімізбен бірге жұмыс істеп жүрген Ресей мамандарын да шақырдық. Алғаш 2016 жылы жас археолог Ерден Оралбай келіп бір обаны қазды. Одан алтыннан жасалған әшекей бұйымдар мен 6-7 жебенің ұшы шықты. Бұл қазба жұмысы екі айға созылды. Обаның биіктігі 2 метрге жетеді. Қорымнан табылған жәдігерлерге қарап, оның ежелгі сақтар дәуіріне жататынын анықтадық. Бұл қорғанның қазақ жеріндегі басқа кешендерге ұқсамайтын ерекшелігі бар. Мәселен, Тарбағатайды мекендеген сақтар қабірді терең қазбай, жердің үстіңгі бетін ғана тазалап, мүрдені соған жатқызған. Өлген адамның басын батысқа немесе солтүстікке қаратып жерлеген. Мүрденің айналасын биіктігі бір-екі метр таспен қоршап, бөлме жасаған. Оған шығыстан кіретін есік қалдырған. Одан соң бұл бөлмені сыртынан жеркепе секілді шыммен жауып, арасын таспен өріп, үстіне топырақ үйген. Содан кейін обаның айналасын қой тастармен қоршаған. Археологтер жұмысын күзде аяқтап, кетіп қалғаннан кейін де тонаушылар техникамен келіп, обаларды қайта қопарды. Кейін жергілікті органдармен келісіп, сол жерге күзет қойдық. 2018 жылдан бастап Елеке сазы кешеніне жүйелі қазу жұмысын бастадық.
– Қорғанның аумағы үлкен бе?
– Елеке сазы қорғанының аумағы 10-15 шақырымды қамтиды. Сондықтан оны қазу үшін алдымен топографиялық картасын салып, жобасын жасадық. Содан кейін бірнеше оба қазылды. Оны бір ескерткіш немесе бірнеше ескерткіш деуге болады. Осы обалардан өте құнды жәдігерлер табылды. Біріншісі – ежелгі сақ дәуірінің алғашқы кезеңіне жататын «Алтын адам». Бұл адамның әшекейлері тоналмаған. Сол күйінде сақталған. Екіншісі – көне түркі дәуірінің ғұрыптық кешені. Сонымен қатар басқа қорғандардан да біраз бағалы зат шықты.
– Әңгіме ауанын «Алтын адамға» қарай бұрсақ...
– Бұған дейін де қазақ жерінен бірнеше алтын адам табылды. Соның ішінде Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» ғана тоналмаған еді. Басқаларының бәрі тоналған. Ал екінші тоналмаған «Алтын адам» – осы. Бұл екі құнды жәдігердің уақыты жағынан хронологиялық айырмашылығы бар. Мәселен, Есік қорғанынан табылған адам біздің заманымызға дейінгі төртінші ғасырға жатады. Ал Елеке сазынан шыққан «Алтын адам» біздің заманымызға дейінгі сегізінші ғасырға тиесілі. Демек, Есік қорғанынан табылған жәдігерден төрт ғасыр алда тұр. Антропологтер оның жасын 17-18 шамасындағы жігітке жатқызады. Табылған мәйіттің сүйектері бірнеше жерінен тесілген. Бас жақ сүйегінің қасында түтікше тәріздес нәрсе болған.
Осы тесіктер мәйітті бальзамдау үшін жілік майын шығаруға арналғанын зерттеу барысында анықталды. Бұл адам көптің бірі емес, таза алтыннан құйылғанға қарағанда ауқатты болғанын аңғарамыз. Киімі де бағалы әшекей бұйымдармен көмкерілген. Жанынан табылған қорамсасы мен қанжарында яғни сауыт-сайманындағы бұғылар бейнесі де сол дәуірдің мәдениетінен сыр шертеді.
– Әшекей бұйымдардағы өзгешеліктерге тоқталасыз ба?
– Елеке сазынан табылған әшекей бұйымдардың технологиясы мүлде өзгеше. Соның ішінде көздің жауын алатын керемет екі дүние бар. Біріншісі – алтыннан жасалған қанжардың қынабы. Қанжардың беті өте ұсақ сірке технологиясымен әшекейленген. Сіркенің диаметрі 1 милиметрге жетпейді. Ұсақтығы сондай көзге көрінбейді. Қазіргі шеберлер оны 10 есе үлкейтіп көрсететін лупамен отырып жасайды. Сол заманда ондай құрал болмағаны анық. Бірақ Сақ дәуіріндегі зергерлердің шеберлігі таңдай қақтырады. Әшекейлердің ою-өрнегі де ерекше. Ешкімге ұқсамайды. Осыдан-ақ сол кезеңде тау-кен ісі айтарлықтай дамығанын көреміз. Біз көбінесе алтын адамға назар саламыз да, технологияға маңыз бермейміз. Негізгі айтатын дүние – осы. Қысқасы, ежелгі Сақ дәуірінде жоғары деңгейде технология дамыған деп айта аламыз.
– Көне түркі ғұрыптық кешені қай дәуірге жатады?
– Бір қазылған қорғаннан жылқының сүйегі мен мүйізден жасалған сулық шықты. Сулық дегеніміз – кәдімгі ауыздық. Бұл сулық біздің заманымызға дейінгі тоғызыншы ғасырға тиесілі. Яғни сақтар дәуірінің көне сулығы. Қорған екі бөліктен тұрады. Сонымен бірге қазу барысында қағанның өртенген сүйегі табылды. Бұл қағанды Батыс түрік қағанатына жатқызып отырмыз. Шын мәнінде, олар он тайпадан құралған мемлекет болған. Содан өздерін он оқ еліміз деп атаған. Өйткені Батыс түрік қағанаты тарағанда әр мемлекет қағандарына бір-бір алтын оқты таратып берген. Ол кезеңде өлген қағанды өртейтін салт болған секілді. Бұл біздің заманымызға дейінгі сегізінші ғасыр. Мәйітті өртеуге қағанның туыстары, жорықта бірге жүрген үзеңгілестері қатысып, өздерінің тұтынған заттарын жанып жатқан отқа тастаған. Сондықтан да үзеңгі көп жиналған. Ең кереметі, белбеудің салпыншақ бетінде түрік қағанының тақта отырған бейнесі сақталған. Басында тәжі бар. Алтын тәжі деп жүргеніміз осы. Бұл көне түркі мәдениетін зерттеушілердің алдында бірінші рет ашылып отырған жаңалық. Тақтың бар екенін білетінбіз, бірақ оның түрі қандай, қалай әшекейленді, соны білмейтінбіз. Енді оны осы салпыншақтарда салынған суреттер мен жанрлық композиция арқылы біліп отырмыз.
– Осы айтқаныңызды тарқатып берсеңіз?
– Алтын тәжінің өң бетінде доға тәрізді доғал тесік орналасса, тақтың үстінде жайғасқан билеушінің бейнесі салынып, қос қапталында қызметшілерге қарап тұрған жылқы тұқымдас хайуанның басы анық бәдізделген. Қағанның қолында билік символикасын білдіретін құрал және шекелігіне ежелгі дәуір патшаларына тән жылан бейнелі атрибуты бар үш жапырақты бас киім. Жалпы, көне түркі дәуіріне тән бас киімдер, шошақ төбелі, үш төбелі, төрт, бес сайлы, орама және басқа түрлі болып келеді. Бұл жәдігер 2001 жылы Моңғол даласынан табылған Білге қаған тәжісіне біршама ұқсастығы бары байқалады. Сонымен қатар қағанның басындағы үш жапырақты миниатюралық этнотәжісі Күлтегіннің бас мүсінінде бәдізделген бейнемен ұқсас екенін байқаймыз. Бұл ғұрыптық кешенде жұмыс әлі жүріп жатыр. Алдағы жылы аяқталады деп отырмыз.
– Археология саласында қордаланған мәселелер бар ма?
– Алдымен мені кадр мәселесі толғантады. Қазір білікті археологтер азайып барады. Жалпы, археология – сан салалы ғылым. Өйткені археология геология, медицина, ботаника, антропология секілді сан түрлі ғылым салаларымен тығыз байланысты. Бұл біздің ғылымның бір ерекшелігі. Сол жағынан кейде қолымыз байланады. Одан кейін біздің салаға жаңа технологиялар енуі керек. Егер жаңа технологиялармен жұмыс істесек, ауыртпалығымыз біраз азаяр еді. Осыған жауапты органдар көңіл бөлсе деймін. Тоқсаныншы жылдардағы қиыншылық археология саласын күйретіп кетті. Қазір археология ғылымына талантты жастар көп келмейді. Өйткені еңбекақы аз. Содан кейін әрбір музейде археолог болу керек. Осыны ешкім ескермейді.
Бүгінде археология ғылымы көп өзгеріске ұшырады. Қазір ол пәнаралық ғылымға айналып барады. Әлкей Марғұлан мен Кемел Ақышевтің кезіндегідей бұл саланы бір тұлға зерттеп, жетістікке жете алмайды. Ұжымдық еңбекпен ғана нәтижеге жетесіз.
Бізде мазмұнды ғылыми жобалар басталады да, кейін аяқсыз қалып жатады. Мәселен, 1997 жылы марқұм Әбіш Кекілбаев Мемлекеттік хатшы болып тұрғанда «Жан-жақты этно мәдениетті зерттеу» атты жобаны қолға алды. Осы жоба аясында бір жыл ішінде этнографтар мен тарихшылар еліміздің барлық ауылына экспедиция ұйымдастырып, өте құнды материалдар жинады. Әбекең басқа жұмысқа ауысқаннан кейін ол жоба тоқтады. Қазір ел ішінде өңірдің шежіресін білетін қариялар азайды. Олар өздерімен бірге қаншама қазынаны алып кетіп жатыр. Біз солардың көзі тірісінде тарихи деректерді жазып алып қалуымыз керек. Кейін бәрі кеш болады. Қазірдің өзінде ел ішіндегі этнографиялық деректердің көбі жойылды. Археологтер үшін бұл деректер өте қажет еді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Азамат ЕСЕНЖОЛ,
«Egemen Qazaqstan»