Тәуелсіздік елдің егемендігімен ғана өлшенбесе керек. Мемлекет әр салада үстемдік құрып, бәсекеге қабілетті болғанда ғана тәуелсіздіктің төрт құбыласы теңеледі. Шетелге телміруді шектеген сайын тәуелсіздіктің де тамыры тереңдейді. Біз бағыт алған «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығы дәл осындай мақсатпен құрылған болатын.
Жер серігі – ел сенімі
Дербес ел үшін ғарыштағы тәуелсіздіктің қаншалықты маңызды екенін көпшілік қазір ұғынып отыр. Айналаның бәрі алмағайып күй кешкенде алыстағы ғарышпен алаңсыз байланыс орнатудың өзі үлкен жетістік екен. Ал осы бір жетістіктің іргетасы осыдан 20 жыл бұрын қаланғанын біреу білсе, біреу білмес.
2003 жылғы желтоқсанда Үкімет елдегі алғашқы ұлттық байланыс және хабар тарату жерсеріктік жүйесін құру жұмысына қызу кірісті. Жауапты міндет «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» акционерлік қоғамына жүктелді. Шүкір, мемлекеттік тапсырма мүлтіксіз орындалған сыңайлы. Бұрын шетелге тәуелді едік, қазір ғарыш жүйесі арқылы қол жеткізген қызметтерді өзге мемлекеттерге экспорттайтын деңгейге жеттік. Бұған «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығы да елеулі үлес қосып отыр.
Бұл мекеме 2005 жылғы желтоқсанда құрылған. Республикалық ғарыштық байланыс орталығына қарайды. Орналасқан жері елордадан онша қашық емес. Әрі кетсе бір сағаттық қана жол. Ақкөл қаласының іргесіндегі орман алқабында орын тепкен. Ат шаптырым аумақты алып жатыр. Бұрынғы «Энергетик» пионер лагерінің орнына қоныстанған.
– Бұл ғарыштық аппараттарды жерүсті басқару кешені және байланыс мониторинг жүйесі бар еліміздегі алғашқы орталық. Бүгінде мұнда 80 адам жұмыс істейді. Оның тең жартысы – инженерлік құрам. Қалғаны – қызмет көрсетуші мамандар. Әлбетте, негізгі жұмыс инженерлерге жүктелген. Олар осы жерден ғарыштық аппараттарды басқарады, байланыс мониторингі жүйесімен жұмыс істейді, – дейді «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығының директоры Қайрат Телғарин.
Ғарыштық аппараттар деп отырғанымыз – орбитада жүрген «KazSat-2» және «KazSat-3» қондырғылары. Жерүсті кешені ғарыштық аппараттарды басқару үшін жаңа технологиялық жабдықтармен жарақтандырылған. Барлық жүйесі толық автономды әрі тәуелсіз. Кешен «KazSat» сериялы ғарыштық аппараттардың техникалық және баллистикалық сипаттамаларын басқару, бақылау әрі сүйемелдеу міндеттерін үздіксіз орындауға арналған.
Қысқасы, сіз бен біз пайдаланып жүрген ұялы байланыс, интернет, телевизия секілді игіліктердің бәрі Ақкөлдегі орталықтың арқасында қолжетімді болып отыр. Мұның сыртында басқа да қызмет түрлері бар. Айталық, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі секілді мемлекеттік мекемелер де, байланыс операторлары да ғарыштық орталық арқылы қыруар шаруаның қиюын келістіріп отыр.
Орталықта қызмет ететіндер қатаң іріктеуден өтеді. Инженерлік біліміңнен бөлек, спорттық бітіміңде де мін болмауға тиіс. Үздіктердің үздігіне ғана есігін айқара ашатын мекемеде еңбек ету осы салада жүрген мамандардың асқақ арманы десек артық айтпаймыз.
Орталық басшысының айтуынша, қазіргі қызметкерлердің дені – отандық университеттердің түлегі. Орталық құрылғанға дейін Ресейде оқығандары да баршылық. Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлектері де біртіндеп қатарға қосылып жатыр. Бүгінде мұнда «Болашақпен» берісі Ресейде, әрісі Англияда білім алған бес маман еңбек етеді. Әу баста ұжымдағы инженерлердің негізгі бөлігін Байқоңырда борышын өтеген мамандар құрапты. Қазір олардың үлесі айтарлықтай азайған. Шамамен 20 пайызға тең. Ғарыш саласына қызығатын студенттердің біразы алдағы өмірін Ақкөлдегі орталықпен байланыстырғысы келетіні де ақиқат. Мұнда тәжірибеден өтуге ниетті студенттердің көптігі соны аңғартады.
– Отандық операторлар бұрын шетелдік жерсеріктердің қызметіне тәуелді еді. «KazSat» ғарыштық аппараттары орбитаға шыққалы олар толықтай отандық қызметті тұтына бастады. Орбитада жүрген «KazSat-2» және «KazSat-3» қондырғылары біздің елдің аумағын тегіс қамтып отыр. Оның үстіне шетелдік жерсеріктермен салыстырғанда отандық аппараттар арқылы ұсынылатын қызметтердің тарифі әлдеқайда төмен. Бұл да басты артықшылығымыздың бірі. Осылайша, елдің қауіпсіздігіне қомақты үлес қосып отырмыз. Ғарыш дегеніміз – жоғары технология. Ғарышқа жол салған елдің қай салада болсын бәсі биік. Жерсерігі бар мемлекеттің дамыған елдердің қатарына қосылуға мүмкіндігі зор, – дейді Қайрат Телғарин.
Орталықтағы мониторинг бөлімінің жетекші инженері Дидар Зарқұмовтың айтуынша, мұндағы мамандарға үлкен жауапкершілік жүктелген. Мәселен, аталған бөлімнің инженерлері «KazSat» сериялы ғарыштық аппараттарының пайдалы жүктемесін мониторингілеумен айналысады. Сондай-ақ байланыс операторларының параметрлерін бақылайды.
– Жұмыс үздіксіз жүреді. Ауысым бойынша еңбек етеміз. Бір ауысымға екі адамнан түседі. Бірі – жетекші инженер, екіншісі – инженер. Байланыс операторларының параметрлері белгілі бір диапазоннан асып кетпеуі керек. Соны бақылау – біздің міндетіміз. Сол секілді орбитадағы қондырғылардың жағдайын жіті назарда ұстаймыз. Жұмыс физикалық тұрғыдан ауыр болмаса да, жауапкершілік жүгі зілбатпан. Қателеспеуің керек. Нақтылық, дәлдік қажет етіледі. Қызметім өзіме ұнайды. Тиісті жағдайдың бәрі жасалған. Жалақымыз жеткілікті. Біліктілігімізді үнемі арттырып отырамыз, – дейді Ақкөлдегі орталыққа он жылдай уақытын арнаған Дидар Зарқұмов.
Ғұмыры ұзарған «KazSat-2»
Еліміз осы күнге дейін «KazSat» сериялы ғарыштық аппараттардың үшеуін орбитаға ұшырды. Алғашқысы «KazSat-1» деп аталды. Өкінішке қарай, оның сәтсіздікке ұшырағанын жақсы білеміз. Есесіне 2011 жылы ұшырылған «KazSat-2» қондырғысы қолданылу мерзімі аяқталуға таяса да, тұрақты жұмысынан жаңылған жоқ. 2014 жылы «KazSat-3» ғарыш көгіне көтерілді. Бірегей жоба саналғандықтан, мамандар дәл осы «KazSat-3»-ке ерекше сенім артып отыр.
– Ғарыш аппараттары жерден шамамен 40 мың шақырым қашықтықта орналасқан. Соған қарамастан олармен онлайн режімде кедергісіз байланыс орнатылған. Қондырғылардан жеткен ақпарат дәл сол сәтте-ақ біздің кешенге жолданады. Сигналды жеткізу үшін 1,5-2 секунд жеткілікті. Қондырғылар орбитаны 3 километр/секнуд жылдамдықпен айналады. Осыған қарап-ақ олардың қандай жылдамдықпен жұмыс істейтінін болжай беріңіз. Экранға үңілсеңіз, аппараттар бір орында тапжылмай тұрған секілді. Ал шын мәнінде олар үздіксіз қозғалыста. Түсінікті болуы үшін мысал келтірейін. Тікелей эфирде өтетін спорттық жарыстарды алайық. Байқаған болсаңыз, жарыс өтетін орындарда төбесінде арнайы қондырғысы бар көліктер тұрады. Олар сигналды ғарыштағы қондырғыға жөнелтеді, ол сол сәтінде-ақ біздің кешенге түседі. Осылайша, тікелей эфирлер еш қиындықсыз ел назарына ұсынылады. Айтпағым, осының бәрі бірнеше секундтың ішінде атқарылатын шаруалар, – дейді орталықтағы ұшуды басқару бөлімінің басшысы Бекболат Азаев.
Оның айтуынша, «KazSat-2» мен «KazSat-3»-тің айырмашылығы жер мен көктей. Алғашқысы ескі технологиямен жасалған. Ал «KazSat-3» – соңғы буынның өкілі. Ол орбитадағы жағдайға әлдеқайда икемді. Сол себепті ғарыш көгін кезіп жүріп те өзін-өзі тексере алады. Жүйеден қандай да бір ақау шықса, жердегі мамандарға бірден белгі береді.
– Қондырғылардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін олардың жағдайын бақылап отырамыз. Күнделікті мініп жүрген көлігімізді де техникалық тексеруден өткізіп тұрамыз ғой. Бұл да сол секілді. Байқаған болсаңыздар, ғарыштық аппараттардың қос қанаты бар. Бұлар – күн панельдері. Ол күннен энергия алады. «KazSat-2»-нің қос панелі 4,5 киловат, ал «KazSat-3»-тің панельдері 11 киловат энергия өндіреді. Соның нәтижесінде борт қалыпты жұмыс істейді. Қондырғылар жылына екі мәрте жердің көлеңкесінде қалып қояды. Яғни жер күннің көзін көлегейлеп тастайды. Мұндайда электр қуатын өндіру тоқтайды. Ал аппараттар қалайда жұмыс істеуі керек. Міне, осы кезде әрбір қондырғының бүйіріндегі аккумуляторлар іске қосылады да, қалыпты жұмысты қамтамасыз етеді, – дейді Б.Азаев.
Орбитаны шыр айналып жүрген қос аппараттан жердегі кешенге 8 мыңдай параметр келіп түседі екен. Орталық мамандары осының бәрін бағамдап һәм бағалап отыруы қажет. Яғни көктен түскен параметрлерге анализ жасай отырып, ғарыш аппаратының жағдайын анықтайды. Егер қандай да бір кінәрат байқалса, дереу реттеуге кіріседі. Мұндағы инженерлердің бәрі – өз ісінің шебері. Сондықтан мұндай қысылтаяң шақта не істеу керегін жақсы біледі.
– Қондырғылардың толықтай біздің территорияны қамтуы маңызды. Егер сәл ғана дәлсіздік орын алса, сәуле біздің аумақтан кетіп қалады. Тиісінше, телевизия да, телефон байланысы да, интернет те үзіледі. Ол аздай орбитада «KazSat» аппараттарынан бөлек, өзге мемлекеттердің де қондырғылары ұшып жүр. Олар бір-бірімен қақтығысып қалмауы керек. Алда-жалда қақтығысса, мемлекеттер арасында жанжал оты тұтануы әбден мүмкін. Әрине, әзірше біздің қондырғыларға қатысты мұндай келеңсіз жағдай орын алған жоқ және оның мүлдем болмағанын тілейміз. Айтпағым, мамандарымыз үлкен дәлдікпен жұмыс істейді, – дейді ұшуды басқару бөлімінің басшысы.
Жоғарыда «KazSat-2» қондырғысының 2011 жылы ұшырылғанын айттық. Оның жұмысы 12 жылға шақталған. Демек келесі жылы осының бәрін мұқият ескеріп, пайдалану мерзімі аяқталады. Десе де, орталық мамандарының кәсіби шеберлігінің арқасында аппараттың ғұмыры тағы бірнеше жылға ұзартылды. Ал «KazSat-3» құжат бойынша 15 жыл мінсіз қызмет көрсетуі керек. Мамандар оның да қолданылу мерзімі әлдеқайда ұзақ боларына сенімді. Өйткені «KazSat-3»-тің техникалық мүмкіндіктері әлдеқайда жоғары.
– «KazSat-2»-ні өз ішімізде қалжыңдап қолмен басқарылатын аппарат дейміз. Өйткені онда «KazSat-3»-тегідей мүмкіндіктер қарастырылмаған. Қондырғылардың ғұмырын ұзарту үшін түрлі қадамдар жасалып жатыр. Арнайы стратегия, әдістеме әзірленген. Мәселен, қондырғыдағы жанармайды үнемдеуге мүмкіндік бар. Сол секілді басқа да резервтерді үнемдеу есебінен оның ғұмыры ұзарады. Бұл ретте «KazSat-2» аппаратына қатысты қолданған әдістемеміз өз жемісін берді. Оны 2026 жылға дейін пайдалануға жол ашылды, – деп нақтылады Бекболат Азаев.
Айтпақшы, «KazSat-2»-нің салмағы – 1,2 тоннаға, ал «KazSat-3»-тікі 1,7 тоннаға тең. Бір қызығы, үлкен қондырғыны кішкентай ғана құрылғы қозғалтып тұр. Мәселен, «KazSat-2»-ні итеретін қозғалтқыштың тетігі 4 грамды ғана құрайды. «KazSat-3»-тікі 8 граммға тең. Б.Азаевтің айтуынша, бұл жерде кішкентай болса да қозғалтқыштың көмегі орасан зор. Өйткені орбитадағы жағдайдың қолайсыздығына байланысты қондырғылар тиісті орнынан қозғалып кетуі ықтимал. Міне, осындай кезде әлгі бірнеше грамдық тетіктер ғарыш кемесін тырп еткізбей ұстап тұрады.
– Ғарыш – агрессивті орта. Онда радиация көп. Температура да жиі өзгеріп тұрады. Мәселен, күннің көзі шығып тұрғанда температура +50 немесе +60 градусты құрауы мүмкін. Ал көлеңке түскенде көрсеткіш -120 градусқа төмендеп кетеді. Сондықтан қондырғылар осындай жағдайларға мейлінше төзімді болуы керек. Аппаратты әзірлеу кезінде де мұндай факторлардың бәрі ескеріледі. Әйтпесе, 40 мың шақырым қашықтықтағы қондырғыдан кінәрат шықса, оны жөндеуге ұшып баратын мүмкіндік жоқ қой. Сол себепті аппаратты әзірлегенде барлық элементтің жеткілікті қоры жасақталады. Кейде қондырғыларға радиация жинақталып қалады. Бұл жағдай оны істен шығаруы мүмкін. Сондықтан келеңсіздіктің алдын алу үшін кейде қондырғыларды өшіріп отырамыз. Сонда жинақталған радиация да өздігінен жойылады. Аппараттың ғұмырын ұзарту дегеніміз осы, – дейді Б.Азаев.
Ғарыш қателікті кешірмейді. Барлық жағдайға дайын болу керек. Ақкөлдегі орталық секілді Алматы облысының аумағынан «Көктерек» ғарыштық байланыс орталығының жасақталуы да сондықтан. Мамандардың айтуынша, оның да мүмкіндігі зор.
Майталман мамандар мекені
«Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығында жемісті еңбек етіп жүрген мамандардың қатарында Максим Куцев те бар. 2005 жылдан бастап өмірін осы орталықпен байланыстырып келеді. Былтыр «Bilim orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы еліміздің үздік мамандарын анықтаған болатын. Максим ғарыш байланысы саласы бойынша үздік деп танылды.
– Ақмола өңірінің тумасымын. Осы өлкеде өстім, өндім, еңбек етіп жатырмын. 2005 жылы Республикалық ғарыштық байланыс орталығы отандық алғашқы ғарыш аппаратын құрастырып, іске қосу үшін білікті мамандарға іздеу салды. Бағымды сынап көрдім. Қателеспесем, конкурсқа 15 мыңдай инженер қатысты. Соңында 34 маманды іріктеп алды. Бұл қатарға мен де іліктім. Сөйтіп, әріптестеріммен бірге еліміздің ғарыштық байланыс жүйесін дамытуға кірістік, – дейді «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығы аппараттық-бағдарламалық және метрологиялық қамтамасыз ету орталығының басшысы Максим Куцев.
Ол «KazSat» ғарыш аппараттарын басқару және бақылау жүйелерін монтаждау жұмыстарына қатысқан.
– Жұмыс қызықты әрі күрделі еді. Өйткені ол уақытта елімізде мұндай деңгейдегі қондырғы құрастырылған жоқ-тын. Монтаж жұмыстарының дәлдігіне қойылатын талаптар да өте қатаң еді. Тіпті кейбір жабдықтар мен бағдарламалық жасақтамалардың бір ғана данасы жасалды. Біз осының бәрінен өттік. Үйрене жүріп, шыңдалдық, тәжірибе жинадық. Әсіресе, сынақтан өткізу кезіндегі жұмыстар қиындығымен есте қалды. Себебі жабдықтарды орнатуға тікелей қатыстым. Ал «KazSat-2» және «KazSat-3» жобаларына бастан-аяқ атсалыстым. Техникалық тапсырма құрудан бастап, конструкторлық құжаттаманы талдау әрі бекіту, жерүсті жабдықтарын монтаждау, сынақтарды өткізу, аппаратты пайдалануға беру секілді шаруаларды тегіс атқардық, – дейді ол.
Максим Куцевтің айтуынша, ғарыш аппараттарын басқару жүйелеріне сапалық һәм сенімділік тұрғысынан қатаң талаптар қойылады. Өйткені ғарыш қондырғыларынан телеметрия үздіксіз келіп тұрады және олардың жұмысын үзуге болмайды. Сондықтан ғарыш аппаратына дейінгі қашықтықты (шамамен 40 мың шақырым) өлшеу кезіндегі қателік 10 метрден аспауы керек. Ал бұрыштық жағдайды өлшеу қателігі 1 доғалық минуттан аспауы шарт.
– Маған қарасты орталықтың құрамында екі бөлім бар – аппараттық және бағдарламалық қамтамасыз ету. Бөлім мамандары тәулік бойы кезекшілік жүргізеді. Жабдықты тиісті сапа деңгейінде ұстап тұру үшін жоспарлы-профилактикалық жұмыстарды атқарады. Өлшеу құралдарын метрологиялық қамтамасыз ету іс-шаралары бөлек жүргізіледі. «KazSat-3» жобасында біз посткеңестік кеңістікте алғаш рет ғарыш аппараттарының пайдалы жүктемесінің параметрлерін мониторингілеу жүйесін метрологиялық аттестаттаудан өткіздік. 2007 жылдан бастап «KazSat» жерсеріктік тобының басқару және бақылау құралдарына қызмет көрсету әрі жөндеу жұмыстарын орталық мамандары өз күшімен жүзеге асырып келеді, – дейді Максим Куцев.
Жоғарыда Ақкөлдегі орталық білікті жас мамандарды да қатарға қосып жатқанын айттық. Бұл ретте Дарья Комарова да университеттегі оқуын тәмамдаған соң ғарыштық байланыс мекемесіне жұмысқа қабылданыпты. Бүгінде анализ және жоспарлау бөлімінің инженері болып еңбек етіп жүр.
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдадым. 2019 жылы осы орталықта тәжірибеден өттім. Сол кезде мұндағы жұмыс қатты ұнап еді. Ақыры қызметке қабылдандым. Үздіктердің ортасына қосылғаныма өте қуаныштымын. Жұмыс өте қызықты. Университетте алған теориялық білімді тәжірибе жүзінде бекітіп жатқан жайымыз бар, – дейді Дарья.
Ақкөлдегі орталықта алаңсыз жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Мәселен, орталықтан таяқ тастам жерде қызметкерлерге арналған көппәтерлі тұрғын үй кешені орналасқан. Мұнда отбасылық өмірге қажеттінің бәрі ескерілген. Үйдің астыңғы қабатында тренажер залы, күрес залы орналасқан. Бұдан бөлек үйдің аумағында жылыжай, балалардың ойын алаңы, стадион бар.
Ұлттық оператордың қадамы оң
«Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мәлік Жүйріктаевтың пікірінше, еліміз ғарыштық байланыс саласы бойынша тәуелсіздігін жыл өткен сайын нығайтып келеді.
– Елімізде бірнеше жерсеріктік топ бар. Біріншісі – «KazSat» ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесі, екіншісі – Жерді қашықтан зондтаудың жерсеріктік жүйесі, үшіншісі – отандық инженерлер құрған ғылыми-технологиялық мақсаттағы ғарыш жүйесі. Олардың әрқайсысы ақпараттық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосып отыр. «KazSat» жерсеріктері геостационарлық орбитада жұмыс істейді. Жермен синхронды түрде айнала отырып, тұрақты бекітілген жерсеріктік байланысты қамтамасыз етеді. Геостационарлық жерсеріктер – мемлекеттік және корпоративтік қажеттіліктердің жоғары талаптарын қанағаттандыратын ақпаратты берудің ең сенімді әдісі. Бүгінгі таңда отандық «KazSat» байланыс және хабар тарату ғарыштық жүйесінің құрамында екі геостационарлық байланыс жерсерігінің өзіндік орбиталық-жиілік ресурсы бар, – дейді Мәлік Жүйріктаев.
Республикалық ғарыштық байланыс орталығы Қазақстанның ұлттық байланыс және хабар тарату операторы мәртебесіне ие екенін атап өтейік. Әрі бұл мекеме елдің телехабар тарату, байланыс, интернет қызметтеріне деген қажеттілікті 100 пайыз қамтамасыз етеді.
– Алғашқы жылдардың өзінде «KazSat-2» және «KazSat-3» жерсерігінен импортты алмастыру көлемі жылына 30 млрд теңгеден асты. Сонымен қатар жерсеріктеріміз арқылы ұсынылатын қызметтердің тарифі халықаралық операторлардың көрсеткішінен едәуір төмен. Ал техникалық сипаттамалары мен қызмет сапасы бойынша қос жерсерік те әлемдік нарықтағы қондырғылардан кем түспейді. Елімізде байланыс жерсеріктерін топтастыруды нығайту әрі арттыру үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Біріншіден, «KazSat-2» жерсерігінің ресурсы ұзартылғанын айту керек. Оның қызмет ету мерзімі «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығы инженерлерінің кәсіби шеберлігінің арқасында 2026 жылдың соңына дейін ұзартылды. «KazSat-3» жерсерігіне келетін болсақ, оның пайдалану мерзімі 2029 жылы аяқталады. Қазіргі уақытта компанияның алдағы 10 жылға, яғни 2032 жылға дейінгі даму тұжырымдамасына сәйкес, мамандарымыз еліміз үшін жаңа геостационарлық жерсерік құру бойынша жұмыстарға кірісті, – деп нақтылады «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы.
Мемлекет басшысы ел халқының цифрлық теңсіздігін жою, түкпірдегі аудандарды, ауыл тұрғындарын байланыспен қамтамасыз ету міндетін жүктегенін білеміз. Осыған байланысты республикалық орталыққа 500-ден астам ауылдық елді мекенді интернетпен қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл бағытта да тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.
– Биыл «Көктерек» ғарыштық байланыс орталығына 10 жыл толады. Аталған кешен жерсеріктердің жұмысын резервтеу есебінен үлкен соманы үнемдеуге ғана емес, сонымен қатар тұтынушыларға қызмет көрсетудің қосымша техникалық мүмкіндіктерін дамытуға жол ашады. Бұл жерде біздің жерсеріктік телепорттың жұмысы және «Көктерек» орталығының базасында оның жаңа қызметтерін дамыту туралы айтып отырмын. Халықаралық ынтымақтастыққа да ынталымыз. Біз қызметтерді тек еліміз аумағында ғана емес, сонымен қатар өнімнің экспортын да қамтамасыз етеміз. Бұл тұрғыда іргелес жатқан Қырғызстанмен және Тәжікстанмен алғашқы нәтижелер баршылық. «Starlink», «One Web», «O3b Mpower» сияқты жаһандық жобалармен де ынтымақтастық жайын қарастырамыз. Бірақ негізгі міндет отандық жерсеріктік топтаманы дамыту болып қала бермек, – дейді М.Жүйріктаев.
Республикалық ғарыштық байланыс орталығы 2011 жылдан бастап «KazSat» сериялы ғарыш аппараттарының транспондерлік сыйымдылығын ұсыну бойынша шамамен 52 млрд теңге табыс тапқан. Бұған қоса компания жыл сайын бюджетке дивиденд төлеп келеді. Соңғы 5 жылда мемлекет бюджетіне шамамен 2,5 млрд теңге аударылған.
ТҮЙІН. Ақкөлдегі ғарыштық байланыс орталығына барған сапарымызда еліміздің бұл саладағы әлеуетінің жоғары екеніне көз жеткіздік. Ең бастысы өте жауапты әрі маңызды шаруаны отандық мамандардың ұршықша иіріп отырғанын көріп қуандық. Демек, ғарыш саласындағы бәсіміздің биіктей береріне қылаудай күмән жоқ.
Ақмола облысы,
Ақкөл қаласы