АСТАНА. 4 шілде. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана күнін мерекелеудің басталғанын білдіретін Мемлекеттік туды көтеру рәсіміне қатысты. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Елордадағы «Атамекен» этно-мемориалды кешенінде өткен жиында Мемлекет басшысы: «Тәуелсіздігіміздің тірегі, еліміздің жүрегі Астанамызға биыл 16 жыл толады. Осындай тарихтағы қас қағым уақытта зор табыстарға жеттік. Болашақты бағдарлап, Есілдің бойында ел қондырған еңбегіміз ақталды. Астана татулық пен тұрақтылықтың құтты ордасына айналды. Қазір елорда Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үрдістің бесігі болып отыр. Бұл ел тарихына, Астана жылнамасына жазылатын өте белгілі оқиға. Елорда мерекесі қарсаңында мемлекеттік туымызды көтеру рәсімі – біз үшін осындай жетістіктің бірі», – деді.
Сондай-ақ, Президент Астана күні қарсаңында мемлекеттік туымызды көтеру дәстүрге айналғандығын айта келе: «Көкте желбіреген көк байрағымыз мерейімізді асырып, рухымызды биіктететін киелі рәмізіміз болып саналады. Ал Қазақстанды кемел келешекке бастаған Астана – біздің қастерлі бойтұмарымыз. Әр уақытта байрақ, ту елдің қолына ұстайтын, қарулы күштердің паналайтын, бағалайтын елдіктің рәмізі болып саналады», – деді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «ҚазАқпарат».
Фото: alashainasy.kz.