Үкімет Қазақстанда ғылымның ашық моделін қалыптастыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыруы керек. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Әлихан Смайыловқа бірқатар міндет жүктеді, деп жазады Egemen.kz.
«Үкімет Қазақстанда ғылымның ашық моделін қалыптастыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыруы керек. Ең алдымен, ғылымды дамытудың жаңа тәсілдерін заң жүзінде бекітіп, мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясатының өзара байланысын күшейткен жөн», деді Президент.
Президент таяуда ғана Ғылым мен жоғары білім саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданғанын еске салды.
«Енді ғылым мен технологиялық саясат туралы арнайы заң әзірлеудің қажеттілігі туындады. Бизнесті ғылымға қаржы құюға ынталандыру үшін салық жеңілдіктері мен инвестициялық преференцияларды «ауқымды шегерімдер» түрінде енгізу қажет.
Әлихан Асханұлы, ғылымға көбірек инвестиция тарту үшін салық жүктемесін жеңілдету арқылы ынталандыру мүмкіндіктерін қарастырыңыз. Бізге салық саясатында, жалпы алғанда, икемді тәсілге көшу керек деп ойлаймын. Азайтуға мүмкіндік бар жерде, қорықпау керек. Түптеп келгенде, Салық кодексі осы заңнама аясында тиісті шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін қарапайым нормативтік акт болуға тиіс. Бүкіл Салық кодексін мың беттен тұратын қасиетті кітапқа айналдырмайық. Осыған келісейік», деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, бұл жеңілдіктер ҒЗТКЖ мен ғылыми орталықтардың дамуын қаржыландыратын кәсіпкерлерге берілуге тиіс. Мұндай тәжірибе Сингапурда, Қытайда, Оңтүстік Кореяда өз тиімділігін көрсетті. Салық, Кәсіпкерлік және Бюджет кодекстеріне нақты нормаларды биылдан қалдырмай енгізу керек.