Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы мәдениет күндерінің елордадағы ашылу рәсімі өтіп, айшықты сәттер көп көңіліне шуақты әсер қондырды.
Сарайға ағыла көшкен жұртқа қаз-қатар тізілген ислам мәдениетінің таңдаулы өкілдері фольклорлық үлгідегі музыкаларын шарықтата әуелетіп, сыпайы ізетпен қарсы алуда. Ислами құндылықтар ортақ болғандықтан қонақтар ұсынған қасиетті құрма жемісінен, зәмзәм суынан дәм татуға әркім-ақ ұмтылған. Кіре берісте Сауд Арабиясы Корольдігінің өткен, қазіргі өмірі туралы тұшымды баяндайтын түрлі плакаттар, кітапшалар тегін таратылып, мұсылман елінің беймәлім қырларын ашуда шексіз қызмет көрсетілуде.
Мәдени шара қасиетті Құран-Кәрімнің аятын жүрек толқыр мақаммен оқумен басталып, екі елдің мәдениет саласы басшыларының құттықтау лебіздерімен жалғасты. Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед араб бауырлардың елордаға келуі үлкен тарихи оқиға болып саналатын себебі Сауд Арабиясы Корольдігінің мәдениет күндері Қазақ елінің астанасында тұңғыш рет өткізіліп отыр дей келіп, ислам өркениетіндегі мұрат-мүддесі бірегей елдердің саяси-экономикалық әлеуметтік-мәдени, дипломатиялық бағыттағы байланыстары қарқынды дамып келе жатқанын баяндады. Сауд Арабиясын дүние жүзіндегі екі миллиардқа жуық адамдардың ең қасиетті мекені болып саналатын ислам дүниесінің қос киесінің шырақшысы, ұстаушысы ретінде білетінін, Қазақстанның басқа өңірлерін айтпаған күннің өзінде астанадағы көптеген әсем ғимараттарға саудиялық бауырлардың қосқан үлесі айрықша екенін, оның ішінде король Фахдтің тікелей шешімімен Сенаттың ғимараты, кардиологиялық орталық сияқты аса үлкен мәдени, медициналық кешендер саудиялықтардың бізге тегін көрсеткен көмегінің арқасында салынғанын айтып, осы аралықта Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі рет Сауд Арабиясына ресми сапармен барып, екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты биік деңгейге көтергенін тілге тиек етті. Мәртебелі қонақтарға бұл сіздердің де отандарыңыз, өйткені ислам өркениеті біртұтас, мүбәрәк дінімізбен жүректер арқылы жақындастыратын қасиетті дін болғандықтан өз бауырларыңыздың үйіне келдіңіздер деген тілек білдірсе, Сауд Арабиясы Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Әбу Бәкр Бин Ахмад Бакадир қасиетті мешіт орналасқан жердің халқының сіздерге зор сәлемін жеткізгім келеді деді. Осынау шараны мен екі ел арасындағы ерекше сипаттағы достық қарым-қатынастың дәлелі деп білемін деген ол Сауд Арабиясында өткен Қазақстанның Мәдениет күндеріне өте жоғары баға берді. Әл-Фараби, Сұлтан Бейбарыс сияқты ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген Қазақ еліне келу қуанышына ие болғанына жаны марқайды.
Кернейшілер, лифа-шоу, хабити-шоу, сауди-шоу өнері Араб елінің әр өңірлерінде сақталған музыкалық үлгілерді ұсынды. Көшпелілер мекенінің дүбірі дүйім далаға жайылып, сахара салты сағыныш саздарымен әсем желпіді. Астана мен Алматыда Арабия мәдениетін мейлінше жайып көрсетуге дайын меймандар қолтаңбасы тек сахналық көріністермен, музыкалық арнаулармен аяқталмасы белгілі. Бүгін ол басқа сарында жалғасады. Тамер бен Хемдан әл-Харби, Михрез бен Салех Насир, Хасан бен Әли Калим шеберлердің қос мешітке арнаған көрмесі иманды жұртты ибалы ойға жетелейді деген сенімдеміз. “Пальма мен құрма” көрмесі арабтардың өмірі туралы тың мағлұматпен қанықтыратыны сезіледі. Елу бір қылқалам шеберінің картиналары мен сандық өнердің он екі шебері әзірлеген бұйымдар көңіл айнасын шуақтандырып жіберетіндей. Эмаль өнері мен араб жазуының мүлтіксіз шеберлері ұсынған құндылықтар ислам мәдениетінің заманауи үндерін заңғар көкке көтеруді аңсаған мұраттар сынды қабылданбақ. Осы іс-шара шеңберінде Кеңес Одағының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі бірінші елшісі Нәзір Төреқұловқа арналған арабтың көне кітаптары, сондай-ақ қолданбалы, аспаздық өнерлер бойынша көрмелер ұйымдастырылмақ. Мәдениет министрлігі мен “Қазақстан халқының рухани даму қоры” акционерлік қоғамының ұйытқы болуымен өтетін әр шарадан жан-дүниені нұрлы таңмен сергітер ерекше саз еседі.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.