• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Фотогалерея 13 Сәуір, 2023

Еліміздің ежелгі карталары

1016 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Ғылым қызметкерлері күніне орай XV-XIX ғасырлардағы еліміз­дің ежелгі Еуропа және Америка картала­рының галереясы ашылды. Онда аталған жоғары оқу орнындағы Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың көп жылдық ғылыми зерттеу еңбегі ұсынылды.

Галереяда көне карта­лар­дың 100 көшірмесі қойыл­ды. Мазмұнды іс-шара­ның ашылуында уни­верси­тет ректоры Ерлан Сыдықов Мем­лекет басшысының Мұхит-Ардагер Сыдықназаровты қабылдап, оның атқарған жұ­мысына жоғары баға бер­генін атап өтті.

Одан кейін сөз алған Ғы­­лым және жоғары білім министр­лігі Ғылым коми­теті­нің төрағасы Дархан Ах­мед-Зәки де ғалымның жемісті қыз­метіне тоқталып, оған шығар­машылық табыс тіледі.

Іс-шара аясында «Қазақ­­станның үзіліс­сіз мем­ле­кет­тілігі. Қазақ мем­лекет­тілігі тарих толқынында. XVI-XIX ғасырлардағы Еуропа және Америка карталарындағы Қа­зақ мемлекеті. Атлас» кі­та­бының авторы Мұхит-Ар­дагер Сыдықназаров дәріс өткізді. Сондай-ақ ол жи­нал­ған қауымға өз еңбегі туралы айтып берді. Ғалым 17 жылдан аса Еуропаның ұлт­тық және корольдік мұра­ғатында, кітапхана мен мұра­жайда, картографиялық ор­талықтарда және АҚШ кітап­ханаларында зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізген. Кітап-атласқа табылған 1 500 көне картаның 130-ы енгізілген. Жинақ 3 тілде дайындалып, елімізде ғана емес, шетелде де таныстырылған.

 – Бүгінде Қазақ мемле­кетінің ең көне картасы 1540 жыл деп белгіленген. Ол Швей­царияның Базель қала­­сында табылды. Жал­пы, XV-XIX ғасырлардағы Қа­зақ мемле­кетінің картасы бар­лық студентке әр салада жаңа құзырет­тілікті мең­геруге мүм­кіндік береді. Бұл түрлі ғы­лыми және білім беру пән­­дері аясында еліміздің мем­лекеттілігі туралы білімді ны­ғайтуға, патриоттық сезімді қа­лыптастыруға ықпал етеді. 12 сәуірде Брюссельдегі Еуро­парламентте алғаш рет «XV-XIX ғасырлардағы Қазақ мем­лекетінің ежелгі Еуропа және Америка карталарының галереясы» таныстырылады. Бұл – тарихи оқиға, – деді профессор.