Іргетасы қаланғанына он жылдың жүзі болған «Қарағайлы» шағын ауданында әлі күнге дейін шешілмей келе жатқан әлеуметтік мәселе жетіп артылады. О баста Семей қаласының дамуына, тұрғындарының болашағына қуат беретіндей көрінген «Қарағайлыға» қоныс аударған жұртшылықтың ішінде, әсіресе көпбалалы отбасылардың атқарушы билікке айтар шағымы шашетектен.
Алдымен «Қарағайлыдағы» әлеуметтік түйткілдер Семей қаласы Шығыс Қазақстан облысына қарап тұрған шақтан, яғни 2014 жылы басталғанын айтуымыз керек. Ал енді шаһар өткен жылы Абай облысының орталығы мәртебесіне ие болғаннан бастап бұл аудандағы шешімін таппай келе жатқан ахуал жергілікті атқарушы билік өкілдеріне қалған «мұраға» айналып шыға келді. Сонымен тұрғындар сөзіне кезек берейік.
– Біз үшін басты проблема – мектептің жоқтығы. Қаланың Жоламан, Шығыс кенті, Цемпоселок аудандарынан осында қоныс аударып, жаңа ауданға келгендіктен, жақын жылдарда жағдайымыз жақсаратынына еш күмәніміз болмаған. Мұнда меншікке беру құқығынсыз, яғни жалға алу баспанасының арзан болуы себепті көпбалалы отбасылар қуана-қуана келдік. Облыс, қала басшыларының қолынан әр жылдары салтанатты түрде пәтер кілттерін алғанда мәз-мейрам болатынбыз. Біртіндеп балаларымызды бұрынғы оқитын мектебіне апарып әкелу машақаты басталғанда барып, өзекті мәселенің жайын ұқтық, – дейді қала тұрғыны Альфия Маратқызы.
Оның сөзіне қарағанда, «Онкологиялық орталық» маңындағы 29 мектепте оқитын екі баласын мектепке дейінгі даярлық және 1-сыныпқа апару үшін күн сайын қиналады екен. «Бұл жаққа қала орталығынан әрең қатынайтын автобусқа сығылыса кіріп жеткенше қатты қиналамын. Баспанамды «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 2020 жылы алғаныммен, мүмкіндігі шектеулі балам бар. Жалғызбасты анамын», дейді ол.
Ал Қымбат Бейісханова балалардың ойын алаңы жоқтығына күйінеді.
– Осындағы 25-үйде тұратын біз балаларымызды есік алдына шығарғанда ойын алаңын іздеп төңіректі шарлап кетеміз. Өзім төрт баланың анасымын. Бізден басқа 21, 26, 27-көпқабатты үйлерде тұратын отбасылар да балаларын қайда апаратынын білмей дағдарып жүреді. Амал жоқ, 20, 43-үйлерге дейін барып ойнатуға мәжбүрміз. Оның өзінде алаң бос болса жақсы, үнемі босай бермейтіндіктен, әткеншектеріне, сырғанағына кезекке тұратын да кездеріміз болады. Екі балам осыған дейін оқып келген 9 мектепте білімдерін жалғастырып жатыр. Үш жастағы баламды мұндағы балабақшаға бермек болып едім, ондағы әдіскерлер орын жоқтығын айтады. Негізі туа сала кезекке тіркеліп қойғанмын, – дейді Қ.Бейісханова.
Қысқасы, жақындап келе жатқанда жарқырап көрінетін «Қарағайлы» ауданының ішіне еніп, мәселесімен таныса бастасаңыз проблемалар бірінің ішінен бірі шығатын қуыршақтай тізбектеле жөнеледі. Мектеп, балабақшадан бөлек кейбір үйлердің асығыс әрі сапасыз салынғандығынан қабырғаларының жарықшақтана бастағаны да бұл күнде жасыруға болмайтын жайтқа айналған. Көпбалалы отбасылар үшін азық-түлік басты орында тұратыны белгілі. Мұнда қазір бір ғана супермаркет бар. Халық ондағы бағаның қаланың өзге дүкендерінен қымбаттығын айтады. Денсаулығы сыр бере қалса, қаралатын емхана жоқтығы да жанға батқанда, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген мәтел еске түседі. Мүмкіндігі шектеулі балаларымен келіп, тығырыққа тіреліп отырған отбасылар да аз емес.
Мәселен, 20-үйде тұратын бес баланың анасы Динара Рахимова өзіне берілген үйдің сапасыз салынғанына наразы.
– Мен жалғызбасты, көпбалалы анамын. Жолдасым қайтыс болған. Үйді жалға алу ақысы 11 мың теңге шамасында. Коммуналдық қызмет ақысы жарық, су дегендей қыстың күндері айына 30 мың теңгеге дейін төлем келеді. Кіріс атаулыдан асыраушысы жоқ отбасына берілетін 60 мың теңге аламын. Бірақ қарап жатпай кондитерлік тағамдар пісіріп, соны сатып күнделікті жол-пұлымызды тауып отырамын. Ал 3 бөлмелі үйдің қабырғаларындағы жарықшақтар туралы үйді салған компания біледі, келіп жамап-жасқап кетеді. Оны енді, амалдармыз. Мен үшін де мектептің тезірек салынуы басты арман. Өйткені екі ұлым, қаланың екінші шетіндегі Юность кентінде орналасқан анамыздың қолында апта бойы 19 мектепте қалып оқиды. Осы күндерім артта қалса деймін, – дейді Д.Рахимова.
Мұң-мұқтажы бірінен-бірі өтетін «Қарағайлы» ауданында тұратын жас-кәрісі аралас тұрғындар бірер күн бұрын «Amanat» партиясының облыстық филиалына барып, депутаттармен жүздесіп те қайтты. Әзірге белгілісі – алдағы 2024 жылы осы ауданның шығыс және батыс жағынан «Жайлы мектеп» мемлекеттік бағдарламасы аясында екі мектеп салынатын болады. (Ал жалпы Абай облысы бойынша 11 мектеп бой көтермек – авт).
Партия филиалындағы жиында сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әсем Хасенқызының сөзіне сүйенсек, «Қарағайлыдағы» 6 878 адам тұрғылықты тіркеуде тұр. Туғаннан 18 жасқа дейін 1 870 бала бар. Оның алты жасқа дейінгісі – 850 бала. Ал қаланың әр аудандағы мектептеріне қатынап оқитын бала саны – 982.
– Аталған екі мектеп те «Самұрық-Қазына» қаражатынан салынатын болады. Қазіргі күнде қаржысы бөлінді. Алдағы жылы салынатын болады. «Қарағайлы» тұрғындары мектептерге қатынап оқитын балалар үшін автобус бөлінсе дейді. Оның өзіндік талап ережесі бар. Қала маңындағы ауылдардан белгілі бір қашықтықта автобус қатынауына болады. Ал километраж есебінен, алып қарасақ, «Қарағайлыдан» қала мектептерінің арасындағы қашықтық 3-тен 5 шақырымға дейін ғана, – дейді Әсем Хасенқызы.
Демек, аталған аудан тұрғындарының автобус бөлінсе деген өтінішін орындауға мүмкіндік жоқ. Автобус демекші, қазіргі күнде қала шетіндегі «Қарағайлыға» 4, 34, 36, 41-бағыттағы қоғамдық көліктер қатынайды. Осы көліктердің бағытындағы жолдарда орналасқан мектептерге бару үшін балаларымен таласа кіретін ата-аналардың айтары осындай. Ал автобустың көп күттіріп келетінін айтсақ, одан қалса, ауысып мінуге тура келетін отбасылардың жанайқайын айтсақ, мысалдар жалғасып кете береді.
Жоғарыда баяндалған дүкен, емхана, балабақша, автобус қатынасы сияқты өзекті жайлардан қала басшылығы хабарсыз емес. Алайда тұрғындарға мәселелерді шешу үшін нақты қандай іс-қимылдар жасалып жатқандығын түсіндіріп берер шенеунік те табылар түрі жоқ. «Қарағайлы» мәселесі бойынша, Семей қаласы әкімінің орынбасары Руслан Базарбаевтың өзімен жүздескенімізбен, жарытымды жауап алу мүмкін болмады. Осы қызметті бұған дейін атқарған, Семей қалалық мәслихатының төрағасы Данияр Шәкәрімовтің орнына келгендіктен бе, әлде, іске енді кірісіп жатқандықтан ба, диктофонға тікелей жауап беруден жалтарып, сұрақты жазбаша тапсыруым қажеттігін айтып шығарып салды.
Бет қатталып жатқанда: «Қарағайлы» ауданына қатысты тағы бір шағым түсті. Осындағы 12 үйде тұратын жеті жасар Әділхан Мансұрұлы есік алдында ойнап жүріп, анасына қарай асыққанда ылғалданып тұрған жер ойылып кетіп, батпаққа белшесінен түсіп кеткен.
– 8 сәуір күні кешкісін ауызашарға баруға подъезден шығып келе жатқанбыз. Есік алдында ойнап жүрген ұлым маған қарай жүгіріп келе жатып абайсызда лай суға түсіп кетті. Бұл су үйлердің кәріз суларынан жиналып келіп жатыр ма, түсініксіз. Соның салдарынан пайда болған шұңқыр бары, тереңдігі қаншалықты екені байқалмайды. Әйтеуір, баламды дер кезінде беліне дейін кіріп кеткенде жанталаса шығарып үлгердім. Балам сол күні қатты шошынып қалды, – дейді сегіз баланың анасы Марал Ақанқызы. Әділханның анасы ертеңіне шығып баласы түсіп кеткен лайлы аумақты бейнежазбаға түсіріп тұрғындардың ортақ чатына салғаны сол, артынша Instaqram әлеуметтік желісі арқылы да тарап кетті.
Осы мысалдың өзі «Қарағайлыдағы» көпқабатты үйлердің былығы жұмбаққа толы «жырлары» таусылмайтындығын айғақтап тұр. Бұл бейнежазбаны Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатовқа кеше кешкісін уатсап арқылы жолдадық. Әзірге қала әкімі тіл қатқан жоқ. Тұрғындар ортасынан табылуға енді ғана қамданып жатқан болар.
Абай облысы