• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Сәуір, 2023

ҚМГ: «БерӘлі» компаниясының бұрынғы қызметкерлерімен келіссөз жалғасады

1194 рет
көрсетілді

11 сәуірден бастап Астанада арнайы комиссия өз жұмысын бастады. Оның құрамына Энергетика министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілдері, сондай-ақ 10 адамнан құралған «БерӘлі» компаниясының белсенді тобы кірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«ҚазМұнайГаз» таратқан мәліметке сәйкес, бүгінге дейін жұмыс комиссиясы 3 отырыс өткізген.

− «БерӘлі» компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің басты талабы – «Өзенмұнайгаз» АҚ штатына жұмысқа орналасу. Бастамашыл топқа бұл шарттың мүмкін еместігі айтылды. Ұйымға жұмысқа кезекте 9 мың адам тұрғаны атап өтілді. Олар қабылданған алгоритмдерге сәйкес бастапқыда коммуналды компанияларда жұмыс істейді, әрі қарай бос жұмыс орны пайда болғанда кезек бойынша «Өзенмұнайгазға» жұмысқа тұрады. Келіссөз жүргізушілердің бұл талабы қала тұрғындарының мүдделері мен құқықтарына қайшы келеді, − делінген хабарламада.

Сатып алу қызметін ұзақ мерзімге белгілеу мәселесі бойынша ҚМГ өкілдері «3+2» схемасы бойынша келісімшарт жасасуға дайын екенін білдірді. Ол бойынша келісімшарттар қосымша 2 жылға ұзарту құқығымен 3 жылға жасалады.

Жекелеген мәселелер бойынша «БерӘлінің» бұрынғы қызметкерлерінің талаптары өзгерді: атап айтқанда, жерасты жөндеу жұмыстарының қосымша көлемін «Бұрғылау» және «МұнайФилдСервис» жеке компанияларына беріп, «БерӘлінің» бұрынғы қызметкерлерін осы компанияларға жұмысқа орналастыру мүмкіндігі айтылды. Алайда алдын ала келіссөздерден кейін аталған компаниялардың басшылығы өз бригадаларының толық жүктелмеуіне байланысты мұндай қызмет түрін көрсетуге қызығушылығы жоқтығын мәлімдеді.

«Еңбекті қорғау және ұйымдастыру жағдайлары, бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамасын (БТБА) қолдану және тендер рәсімдеріне қатысты мәселелер бойынша тәуелсіз комиссия құруды мемлекеттік орган өкілдері қарастыруға және комиссияның күн тәртібі мен құрамын мүдделі органдармен келіскеннен кейін жауабын беруге дайын екендіктерін мәлімдеді.

Бұдан бөлек, ҚМГ өкілдері «БерӘлі» компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің барлығын осыған дейінгі жалақысы мен әлеуметтік пакетін сақтай отырып, конкурс нәтижесінде жеңімпаз болған компанияға жұмысқа орналастыруға дайын екендігін растады», делінген ҚМГ хабарламасында.

Қазір жоғарыда аталған мәселелерді талқылау жалғасып жатыр және тараптар қолданыстағы заңнамаға сай келісімге қол жеткізуге мүдделі.

Еске сала кетейік, 10 сәуірде 60-70 мұнайшы Энергетика министрлігі ғимаратының маңында наразылыққа шыққан болатын. Алайда жұмысшылар бейбіт жиын талаптарын бұзғаны үшін ұсталған еді. Осыдан кейін жұмысшылардың талабы тендер талабымен сай келмейтіні туралы Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов пікір білдірді. Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақов тұрғындарға үндеу жасады.

Ал мұнайшылардың талаптарына қатысты Энергетика министрлігі түсініктеме берген. Ведомство бұл мәселе еңбек заңнамасы мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ сатып алу қағидаларын ескере отырып, заңнамалық негізде шешілуі тиіс деп санайтынын айтқан.