Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Авиациялық көлік прокуратурасының бастамасымен Үндістаннан әкелінген контрабанданы тәркіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Таза салмағы - 356 кг болатын 54 449 дана «тағамға биологиялық белсенді қоспа» деген атпен дайын дәрілік заттардың партиясын (таблетка түрінде) енгізуге тырысты», деп хабарлады Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.
Кедендік сараптама нәтижесінде тауар «дәрілік зат» болып табылатыны және терапевтік мақсаттарда пайдалануға арналғаны анықталды. Ол дозаланған дәрілік формада бөлшек саудаға арналып оралған.
Жүргізілген есептеулерге сәйкес тауарлардың кедендік құны 43,4 миллион теңгені, ал бюджетке келтірілген шығын сомасы 5,2 миллион теңгені құрады.
Сыртқы экономикалық қызметке қатысушының іс-әрекетінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 234-бабында көзделген «экономикалық контрабанда» бұзушылық белгілері байқалады, осыған байланысты материал шешім қабылдау үшін Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жолданды.
2023 жылдың басынан бастап Департамент кедендік тексеру нәтижелері бойынша кеден заңнамасын бұзудың 780 фактісін анықтады, айыппұл сомасы 6,4 миллион теңгені құрады, қосымша 82,2 миллион теңгеге кедендік төлемдер мен салықтар есептеліп, өндірілді.