• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Мәдениет 16 Сәуір, 2023

Күй аңызы: Күшікбайды өлімнен алып қалған «Қосбасар»

976 рет
көрсетілді

Күй аңызы қызық қой. Күйді тыңдағанымыз болмаса, шығу тарихын аса біле бермейміз.

Баяғыда, мына Қаракесекте бір Күшікбай деген бай болыпты. Заманында, Атымтай жомарт сияқты қолының ашықтығымен, мырзалығымен аты шыққан адам екен, – Сабыт ұйыған аяғын созып сәл отырды, — Талай адамды тізгінге жеткізіпті. Талайдың басына үй тігіп, алдына мал, қазанына ас салып беріпті. Сөйткен Күшікбайдың жалғыз ұлы өледі ғой. Сонда Күшікбай налыған дейді. Бұл Құдайға не жаздым, қаріп пен қасерге мендей шарапат қылған адам бар ма еді. Қай қылығымнан таптым. Қой, Құдайда әділет жоқ екен. Одан да өлейін депті. Ауылдың адамдары у ішіп өлмесін деп, удың бәрін тығып тастапты. Бауыздалып өлмек болыпты. Туыстары темір біткеннің бәрін тығып тастапты. Енді аштан өлем деп теріс қарап жатты дейді. Жанына қазы-қарта, жал-жая қояды. Біріне қарамапты. 

Ақырында бай-екең сарғайып, шынында да өлім аузына барған дейді. Енді не істейміз деп жұрт сасады. Ақырында жөн білетін біреу, бай-екеңді бір сейілтсе, Тәттімбет сейілтеді дейді. Сонымен Тәттімбетті қос аттап алдырады. Тәттімбет, қылшылдаған жас кезі екен, табалдырыққа отыра сала домбырасын шерткен дейді.  Екі күн отырып қанша күй толғаған. Жиыны алпыс екі күй болыпты. Ақырында Күшікбай, көзінің жасы бұлақтың суындай болып ағып, қайғы-шері тарқап орнынан  тұрыпты.

Бұл өзі ұзақ күй. Әлденеше тарау. «Табалдырық Қосбасар», «Зар Қосбасар», «Жайсары Қосбасар»болып салаланып кете береді. Арқада осы алпыс екі күйді бұзбай толық тартқан шеберлер болыпты. Ал мына естігендерің, сол күйдің соңғысы — «Қырмызы Қосбасар», — Сабыт аяғын жиып қайтадан малдас құра отырды.

Таласбек Әсемқұлов «Талтүс» романынан

Дереккөз – Күй аңызы