АСТАНА. 8 шілде. Елорда күніне орай ғаламдық желіде «Астана-2050» бизнес-порталы іске қосылды. Аталған порталды ашудағы мақсат – кәсіпкерлерге қажетті іскерлік ақпарат беру. Бұл туралы astana.kz хабарлады.
Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Мейірбек Мәжитов: «Порталда елорда экономикасының барлық секторлары және кәсіпкерлікті мемлекеттік қаржылық және қаржылық емес қолдау құралдары туралы ақпарат ұсынылады. Сондай-ақ, бұл қажетті ақпаратты іздеу уақытын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді», – деді.
Порталды пайдалану барлық адамдарға қолжетімді. Онда елордалық кәсіпорындардың қызметімен танысып, олармен тікелей байланыс орнатуға болады.
Мамандардың айтуынша, бұл интернет-ресурс сапалы ақпарат көзіне айналады.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: astana.kz.
Фото: astana.kz.