Еліміздің қай қиырынан келген қонақтар болса да, Қызылжардың ақ қайыңды ормандарын көргенде тамсанып жатады. Облыстағы ормандардың жалпы аумағы 560 мың гектар жерді құрайды.
Алайда орман қанша көп болса да оны қорғау керек, қалпына келтіріп, оталғандардың орнына жаңасын егіп отырған дұрыс. Ормандардың қазіргі жай-күйін, қалпына келтіру шараларын білмек үшін жуырда біз облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исмановқа жолыққан едік.
«Ормандар оттегін бөліп, ауаны тазартумен қатар шаруашылықтарға да зор пайдасын тигізеді. Олар егісті өткір желдер мен дауылдардан қорғайды. Сөйтіп, климатты реттейді, суды шұғыл кеуіп кетуден сақтап, ылғалды алып қалып, топырақтың құнарын ұшырмайды. Тіпті санитарлық-гигиеналық, сауықтыру және басқа да пайдалы функцияларды орындап, өңіріміздің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қолдауда маңызды рөл атқарады», деп бастады ол өзінің орман туралы сөзін.
2020 жылдың 1 қыркүйегінде жариялаған Жолдауында Мемлекет басшысы орман қорын толықтыру үшін 2 млрд түп ағаш отырғызуды тапсырған еді. Осы тапсырманы орындау үшін біздің облыста 2021-2025 жылдар аралығында 20 мың гектар алқапқа 100 млн түп ағаш отырғызу туралы кешенді жоспар құрылған. 2021 жылы 869 мың гектар жерге 3,6 млн түп ағаш отырғызылды. Бұл – осы жылға белгіленген жоспарды 102 пайызға орындаған сөз. 2022 жылы 1 652 гектар алапқа 6,9 млн түп ағаш отырғызылған, бұл белгіленген жоспардың 11 пайызға артық орындалғанын көрсетеді. Биылғы меже – 4 100 гектар жерге 23,1 млн түп ағаш отырғызу.
Қазір отырғызылған жаңа түптерді отап кететін қалың мал жоқ. Ауылдың қосалқы шаруашылығындағы малдар көп емес, сондықтан өскіндердің тез жетіліп кетуіне қолайлы жағдай бар. Алайда өскіндерді дайындайтын тұқымбақтардың қуаты жетпей қалуы мүмкін. Биыл Есіл ауданында 28 гектар аумақты алатын жаңа тұқымбақ ашу көзделген, алайда оған 284 млн теңге қаражат керек. Осыған облыс бюджетінен қаражат табылса, тұқымбақтардың қуаты арта түсер еді. Қазір облыс әкімдігіне қайрылған хат қаралу үстінде.
Орманды өздерінің шаруаларына пайдалану үшін адамдар бір жағынан кессе, екінші отағышы – өрт. Жаңбырсыз, ыстық жазда қаңсып тұрған орман алабында болмашы шоқтан көтерілген өрт ешкімге әл бермей, сол алаптың орманын, жануарлар мен өсімдіктер әлемін түгел жалмап, микроклиматты өзгертіп, экологиялық апат жасап кетеді. Сондықтан орманды күтетін, қорғайтын, өсіретін қызметтердің бәрінің бір бүйірінде аптап жаздағы өрттен сақтану мазасыздығы жүреді.
Қазір өртке қарсы күресу үшін орман шаруашылықтары қажетті техникалармен мүмкіндігінше қамтамасыз етілген. Барлық шаруашылықты қоса есептегенде 25 өрт сөндіргіш машина, 87 трактор, су сақтайтын 30 үлкен сыйымдылық, жедел хабарлағыш 798 радиостанса алынған. Әрине, бұлар да қалың орманды облыс үшін әлі де аздау. Жоғарыдағы құралдардың ішінде соңғы төрт жылда облыстық бюджеттен 372 млн теңге бөлініп, оған 12 өртсөндіргіш машина, 21 трактор алынған. Биылға тағы да 160 млн теңге бөлініп отыр.
Халықты өрттен қорғауға шақыру, орманда өрт қауіпсіздігін сақтау туралы алдын алу шаралары үнемі жүргізіліп тұрады. Көрнекі жерлерге «Өрттен сақ болайық, орман – біздің байлығымыз» деген сияқты жазулар қойылған. Қалың орман арқылы қосылып жатқан Ресейдің Омбы, Қорған, Түмен сияқты облыстарындағы әріптестермен екі мемлекет арасында қол қойылған экономикалық ынтымақтастық аясында орман өрті кезінде бірлесе іс-қимыл жасау жөнінде келісім бар.
Ормандағы өрттің тез жайылып кетпеуіне тосқауыл болатын минерализациялы жолақтар тарту да – үнемі назарда. Мұның мәнісі – орманның іші мен сыртында жырту әдісімен үлкен жолақтар тарту. Мұндай жолақтарға тірелген өрт әрі қарай жайыла алмайды. Былтыр 1 551 шақырымға созылатын осындай жолақтар тартылған. Сонымен бірге облыстағы орман шаруашылығының 11 мекемесіне ормандағы өртті бақылап отыратын 16 интерактивті кешен алынып, олар 20-22 метр биіктікке дейін көтерілген мұнараларға орнатылған.
«Кейінгі жылдарда болған өрттердің себебіне сараптама жасағанда олардың негізгі себепшісі адамдар екені анықталған. Күн түсіп, найзағай ұшқынынан болған өрттің саны шамалы ғана. Адамдар ашық даладағы былтырдың қау шөбін, ескірген сабанын өрт қауіпсіздігін сақтамай күйдіреді. Мұндай істер шаруашылық үшін керек шығар, бірақ өрттейтін жерді айналдыра кемінде 4 метрлік жерді жыртып, сақтық жолағын жасау міндеті орындалмайды. Соның кесірінен қатты желмен немесе дауылмен күшейген өрт орман алаптарына жетіп, тілсіз жау бәрін жайпап кетеді. Қаншама материалдық шығынға, тіпті адам өліміне жол беріледі. Барлық өрттің 60 пайызы осындайдан туған. Тағы 30 пайызы орманға барып, от жаққан адамдардың өрт қауіпсіздігін сақтамағандығынан болған. Қалғаны автомобиль жолдарының маңында минерализдендірілген жолақтарды тартпаған орман шаруашылықтары қызметкерлерінің өз ісін тиянақты атқармағанынан туған. Сондықтан өрт қауіпсіздігін сақтау – баршаның міндеті. Биыл шамамыз келгенше өрт қауіпсіздігін қатаң сақтап, оның зардабын барынша азайтуға тырысамыз», дейді Б.Исманов.
Солтүстік Қазақстан облысының халқы мен кәсіпорындары жыл сайын 550 мың текше метр ағаш өнімдерін тұтынады. Соның ішінде үй жылыту үшін қолданылатыны 350-380 текше метр болса, қалғаны ағаш бұйымдарын жасауға жұмсалады. Облыстың ағаш бұйымдарын жасайтын кәсіпорындары республикалық барлық талаптың 30 пайызын қанағаттандырады. Жыл сайын 120 мың текше метр ағашты өңдейтін «АБД-Орманы» ЖШС, «Глазок» ЖК, «Ақмолдин» ЖК, «Петерфельд Агро» ЖШС, «Базилик» ЖШС және басқалары. Осындай жалға алушылар бюджетке кейінгі жылдары 1,3 млрд теңгенің кірісін енгізген және 14 мың гектар жердің орманын қалпына келтірген. Қазір Солтүстік ормандарынан жасалатын тауарлардың ассортименті 30-дан асқан.
Солтүстік Қазақстан облысы