«Әскерде болу – әр азаматтың міндеті» десек те, бүгінде балаларын Отан алдындағы борышын өтеуге жібергісі келмейтін ата-аналар мен әскерге барудан жалтаратын жастар аз емес. Өйткені көбінің санасында кеңес заманынан қалып қойған фобия бар: әскерде жағдай қиын, тамағы мардымсыз, әлімжеттік үстемдік құрады, тағысын тағылар...
2019 жылы елімізде «Аналар жүрегі» сарбаз аналарының комитеті» қоғамдық бірлестігі құрылды. Бұл ұйымның негізгі мақсаты – әскердегі сарбаздардың әлеуметтік жағдайына бақылау жасау, әскери қызметкерлер мен ата-аналар арасында «көпір» міндетін атқару. Комитет төрағасы Лилия Хайруллинаның айтуынша, 2018 жылы өз ұлы әскерге шақырылғанда оның қай жерде және қандай жағдайда борышын өтейтінін білейін десе, әскери комиссариаттың есігі түгіл, тесігінен қарау мүмкін еместігіне көз жеткізген. Бөгде адамдар үшін ешкім ләм-мим деп жауап бермейді. Сонда ол баласын әскерге аттандырған ата-аналар үшін құқықтық көмек беретін ұйым құру туралы ойға келеді.
«Бірнеше жылдан бері Қорғаныс министрлігінен бастап әскер саласына жауапты басқа да құзырлы органдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеміз. Ең бірінші жеткен жетістігіміз, әрине, олар біздің үнімізге құлақ аса бастады. Бұрынғыдай есік алдымыздан тарс жабылмайтын болды. Әскердің ішкі жағдайын бақылауға қол жеткіздік. Әлбетте, әскердің бүгінгі жағдайы туралы айтар болсам, кеңес заманымен салыстырғанда әлдеқайда жақсарған. Сарбаздардың жауынгерлік міндеттерін орындауларына және оқу-жаттығудан өтулеріне барлық мүмкіндік бар. Киімдері көк, тамақтары тоқ. Денсаулығына қажетті дәрумендер де тиісті көлемде беріледі», дейді Л.Хайруллина бізге берген сұхбатында.
Дегенмен, кеңес заманының кемшіліктерімен бірге қазіргімен салыстырғанда артық тұстары да жоқ емес еді. Бүгінде жетіспей тұрған нәрсе – әскерден бұрынғыдай патриоттық рух байқала бермейді дейді комитет мүшелері. Ол заманда әскерде болу қасиетті борыш ретінде қатты насихатталатын. Отан алдындағы ғана емес, тіпті жігіттік парызы саналатын. Ал қазір ше?
«Бұл ең алдымен отбасындағы тәрбиеден бастау алған кемшіліктер, – дейді Лилия Юрьевна. – Ата-ана баласын кішкене күнінен отаншылдыққа тәрбиелеп, елді жаудан қорғауға тастүйін дайын болудың не екенін түсіндірсе, ол бала міндетті түрде әскерге барып, қолына қару ұстауды қалап тұрар еді. Өкінішке қарай, көп отбасында мұндай тәрбие берілмейді. Бұдан кейін жастардың бойынан қандай патриоттық рухты көргіңіз келеді? Соның салдарынан әскерден жалтаратын, оны міндетім деп есептемейтін жеткіншектеріміз өсіп келеді»...
Ал таяуда «Аналар жүрегі» комитетінің жетекшісі Л.Хайруллина мен ұйымның өңірлердегі өкілдері Қорғаныс министрлігінің арнайы шақыруымен сарбаздарды тамақтандыруды ұйымдастыру тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысу үшін елордаға жиналды. Аталған іс-шарадан кейін олар №68665 әскери бөлімге ат басын тіреген болатын. Мұнда Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысына бағынатын десанттық-шабуылдау бригадасы орын тепкен. Мерзімді әскери қызметтегі 300-ге жуық сарбаз борышын өтеп жатыр. Біз осы бөлімді аралау барысында «Аналар жүрегі» комитетінің көтеріп жүрген мәселелері мен қол жеткізген жетістіктері жайында сұрап білдік.
2019 жылы құрылған комитет құрамында бүгінде 8 адам бар екен. Олар қазір негізгі 3 бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Біріншісі – сарбаздарды тамақтандыру жағы. «Бұл тұрғыда біздің тараптан шағым жоқ. Өйткені сарбаздарға белгіленген нормада ас-ауқат беріледі. Ол біздің жіті бақылауымызда. Бірақ бәрі жақсы екен деп алдағы уақытта да назардан тыс қалдырмаймыз», дейді комитет төрағасы Л.Хайруллина.
Ұйым құрылғалы бері бірнеше жыл көтеріліп келе жатқан маңызды мәселе – сарбаздардың несиелерін шегеру. Бүгінде несиесі жоқ адамды шаммен іздеп таппайтының белгілі. Жастың да, кәрінің де мойнында, жоқ дегенде, бір-бір несиеден салбырап жүр. Кейде тіпті әскерге шақырылып жатқандардың арасында да несие алып үлгергендері кездесіп қалады екен.
«Мен осы мәселені Қорғаныс министрі Руслан Фатихұлына арнайы кіріп айттым. Халыққа несие үлестіретін банктермен, әсіресе Kaspi банкпен және микроқаржы ұйымдарымен келісім жасасып, сарбаздардың қарызын өтеуді 13 айға шегере тұру керек екендігін жеткіздім. Өйткені олар бір жыл әскерде болса, кейін бір айдың ішінде жұмысқа кірсе, әрі қарай өз несиесін төлеп кетер еді. Әйтпесе, әскердегі азаматтың несиесін кім өтейді? Біз осы мәселені 3 жыл бойы көтеріп, қазір белгілі бір нәтижеге жетіп жатырмыз», деді комитет төрағасы.
Біз де ішімізден «Отан алдындағы борышын өтеген жастардың белгілі бір сомаға дейінгі несиелері шегерілмек түгілі, кешірілсе де артық етпес еді» деген ойға келдік.
Үшінші мәселе – әскери бөлімдердің ата-аналар үшін барынша ашық болуы. Олар кез келген уақытта келіп, балаларының қалай өмір сүріп жатқанын көруге мүмкіндіктері болуға тиіс. Осы мақсатта комитет мүшелерінің ұйытқы болуымен республика бойынша «Әскер – аналар көзімен» атты акция ұйымдастырылмақ екен.
«Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскердегі өлім-жітімді азайтуға қатысты тапсырма бергені белгілі. «Әскер – аналар көзімен» акциясы да осы бағытта өткелі отырған іс-шара. Мұнда ата-аналар өз балаларының қасында бір күн болып, олардың таңертең тұрғанынан бастап кешке ұйқыға жатқанға дейінгі күн тәртібін, не нәрсемен айналысатынын өз көзімен көреді», деді «Аналар жүрегі» комитетінің Абай облысы бойынша өкілі Айнұр Баяхметқызы.
Біз ұйым мүшелерінен бүгінгі таңдағы ең өзекті проблемалардың бірі – әскердегі әлімжеттік пен зорлық-зомбылық туралы сұрадық. Мәселен, өткен жылдары еліміздің кейбір өңірінде жас сарбазға жыныстық зорлық көрсетілгені, өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары орын алғаны белгілі. Президенттің де әлімжеттік мәселесін көтергені бекер емес. «Бұл проблема неліктен туындап отыр, онымен қалай күресеміз?» деген сауалдарымызға жауап іздеген едік. Алайда неліктен екенін қайдам, ата-аналар бұған жауап беруден бас тартты. Сондықтан біз осы сұрақты әскери борышын өтеп жүрген Алмат Жақыпов есімді сарбазға қоюды жөн көрдік.
«Әлімжеттік деген нәрсе біздің әкелеріміздің заманында болған шығар. Қазір ондай келеңсіздіктер мүлдем жоқ. Тіпті біз басқа роталардағы сарбаздармен мүлдем кездеспейміз. Қайда барсақ та, әрдайым қасымызда сержанттар жүреді. Тәртіп өте қатаң. Сондықтан біреуді ұрып-соғу, күш көрсету жағдайлары ешқашан болған емес», деді Павлодар облысынан келген жас сарбаз.
Иә, бүгінгідей алмағайып заманда елдің тұтастығын, жұрттың тыныштығын сақтау үшін әскеріміздің айбынды, жауынгерлеріміздің жалынды болғаны жақсы. Жастарымыз әскери борышын өтеуге қаймығып емес, қанаттанып аттануы үшін оның оң имиджін қалыптастырып, беделін арттыру – күн тәртібіндегі міндет.