Каспий теңізінің ғана емес, еліміздің тыныштығын, бейбіт өмірін қорғау жолында кірпік қақпай көк айдын төсінде жүрген жігіт шәкірт тәрбиелеуге, білгенін жастарға үйретуге құштар екен. Осылайша, өз қызметін сүйетін боцман «зейнетке осы қызметтен шықсам» деп армандап қояды...
...Нұрлан Санатаевты кемедегі жұмысына өмір толқындарының өзі қақпақылдап әкелгендей. 1993 жылы 10 қыркүйекте Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында өмірге келген ол Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 9 сыныбын бітірген соң кәсіптік лицейде оқып, оператор мамандығын алады. 2011-2012 жылдары Луговой стансасындағы №42062 құрлық әскери бөлімінде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, туған ауылына оралған соң тұрақты жұмыс табыла қоймайды. Жүк тасымалдаушы, күзетші, жүргізуші сынды жұмыстарды тапқанымен, табысы аз әрі кейбірі мерзімдік, маусымдық жұмыстар болып шығады. Нұрлан көп ойлана келе 2015 жылы туған күнінде Ақтаудағы №21814 әскери бөлімімен келісімшартқа қол қойып, әртекті кемелер дивизионы «Сарыарқа» зымыран артиллериялық бөлімінің технигі болып орналасады. Екі жыл техник болып теңіздегі әскери өмір, кемедегі жауапкершілік туралы біраз тәртіп-талапқа үйреніп қалған Н.Санатаев 2017 жылы аталған бөлімнің топ басшысы болып тағайындалады. Араға 4 жыл салып қызметіне тиянақты жас жігітті басшылық кеме боцманы – бас старшина етіп тағайындайды. Қазір Н.Санатаев кеменің ішкі тазалығы, тамақ, көрпе-төсек, киім-кешек, арқан, катер, зәкір, тамақтың сақталуы сынды жауапты міндеттер жүктелген қызметті шырқ үйіріп жүр.
«Өзім құрлық әскерінде болдым, қызметке орналасқан соң кемемен теңізге алғаш шығу оңай болған жоқ, теңіз ауруымен ауырып тұрдық. Қазір жұмысыма әбден үйрендім, өзіме ұнайды, 8 жыл бойы тұрақты осы «Сарыарқа» кемесіндемін. Келешекте білімімді жетілдіріп, келісімшарт мерзімін ұзартқым келеді», дейді Нұрлан Қаржауұлы.
Қыс мезгілінде теңізге сиректеу шыққанымен күн жылынысымен аптасына 2-3 рет, кейде апталап теңізде болады. Аса жауапты қызметке орналасқан соң облыстың ең шалғай ауданындағы ата-анасын Ақтауға көшіріп әкелген болатын, бүгінде қара шаңырақтағы «ата-ана қолындағы бала» атанған Нұрланның отбасында кішкентай ұлы мен қызы өсіп келеді.
«Сарыарқа» кемесімен түрлі әскери халықаралық сайыстарға қатысып жүрген Нұрлан: «Әлі бірінші орын бұйырмай тұр», деп күледі ауыл баласына тән аңқылдаған адалдықпен. 2016 жылы Тәжікстанда өткен халықаралық «Теңіз кубогі» сайысында додаға қатысушы «Орал» кемесіне қосымша боцман ретінде барып, екеуі 2-орынды місе тұтса, 2017 жылы осы сайыс Бакуде өтіп, «Сарыарқа» экипажы 2-орынмен оралды. Араға екі жыл салып Әзербайжан астанасынан тағы да 2-орынды еншілесе, 2021 жылы Иранда өткен сайыста судан құтқару кезеңі бойынша «Сарыарқа» кемесінің тобы 1-орынды иеленді, ал 2022 жылы кеме тобы «Теңіз кубогі» халықаралық сайысынан 2-орынның жалауын желбіретіп оралды.
Маңғыстау облысы