• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 18 Сәуір, 2023

Қаржы жымқыру тыйылмақ емес

391 рет
көрсетілді

Екібастұздың жұртшылықты жұмыспен және баспанамен қамту саласында сыбайлас жем­қорлыққа жол бергендер жиілеп тұр. Жергілікті шенеуніктер мемлекет қаржысына салынған пәтерлер мен грант қаражаттарын өз туыстары мен таныстарына үлестірген. Онымен қоймай субсидияланатын әлеуметтік жұмыс орындарына сайда саны, құмда ізі жоқ азаматтар тіркеліп, шаруашылықтар оған бөлінген миллиондаған қаржыны қымқырыпты.

Жуырда өңірдегі әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындылары жария етілді. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Дархан Құрақбаев атап өткендей, тіркелген заң бұзушылықтардың саны 30-дан асқан. Олардың қатарында бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік гранттарды үлестіруге қа­тыс­ты жобалар да бар. Қазынадан бөлінген грант қара­­жаттарын үлестіруде жобаны жүзеге асырушылар «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге барған. Грант қа­ражаттарын үшінші тұлғаға аудару, жобаға қаты­сушыға гранттың екі рет берілуі, сондай-ақ тұрақ­ты еңбек орны бар азаматқа рәсімделуі сияқты заң бұзушылықтар тіркелді. Мұндай кемшілікке жол берген бес адам тәртіптік жазаға тартылса, тағы екеуі лауазымынан босатылды. Тағы 20 заң бұзушылық әлеу­меттік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыс орындарын құруға қатысты екен. Оның 14-і бойынша жемқорлық әрекеттері дәлелденіп, жұмыспен қамту орталықтарының сегіз қызметкері жазаланса, төрт адам жұмыстан қуылды.

«Екібастұзда өрескел заң бұзушылықты тіркедік. Әлдебір ер азамат жұмыспен қамту орталығы арқылы жергілікті шаруа қожалығына жұмысқа тіркеліп қойыпты. Алайда жұмыс уақытында нақты түрде ол жерде болмаған, тіпті ел аумағынан тыс жерде тұрып жатқан. Сәйкесінше ол адамның фермада жұмыс істеу мүмкіндігі жоқ еді. Ал мемлекеттен ай сайын әлеуметтік жұмыс орны үшін тиісті қаражат қожалыққа аударылып келген. Тексеру іс-шараларының нәтижесінде жұмыс беруші заңсыз иеленген 420 мың теңгені қазынаға қайтарды», дейді Д.Құрақбаев.

Бұдан бөлек, Павлодар мен Екібастұз қалаларында және Железин ауданында субсидияланатын жұмыс орындарына тұрған азаматтар нақты жұмыс орындарына мүлде бармағаны айқындалды. Екі қаладағы жұмыс берушілер мемлекетке жалпы сомасы бір миллион теңдеген астам залал келтірген.

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демекші, Екібастұз қаласының билігі өткен қыста қаладағы төтенше жағдай зардабымен күресіп жүргенде жергілікті бірқатар шенді өздерінің арам ниеттерін жүзеге асырып жіберген. Шаһардағы мемлекеттік мекемелердің өкілдері қоныс аударушыларға тиесілі 15 пәтерді өзгелерге таратып берген. Олардың заңсыз әрекетін жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері әшкереледі. Баспана бөлу жөніндегі арнайы комиссияның құрамында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары ғана болған. Қоғамдық ұйым өкілдерін мүлде кіргізбеген. Ал пәтерлерді бөлу бойынша шешім қабылдау кезінде залдағы бейнекамераны сөндіріп қойыпты. Пәтер берілген әлгі адамдардың мемлекеттік бағдарлама жеңілдігін пайдаланатындай еш құқығы болмаған. Белгілі болғандай, бұл пәтерлер жұмыспен қамту орталығының қызметкерлеріне, туыстарына немесе таныстарына берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері тұрғын үй бөлу жөніндегі отырыстардың құра­мы мен тәртібін өзгертуді, халықты жұмыспен қамту орта­лы­ғымен бірлесіп, заңсыз берілген пәтерлер бойын­ша келісім­шарттарды бұзуды ұсынды. Тек осы бір заң­сыз­дықтан мемлекетке 75 млн теңгенің материалдық шығыны келген.

 

Павлодар облысы