Шағын және орта бизнеске серпін беретін сан алуан бағдарлама бар. Кәсіпкерлердің ісін оңды-солды тексеруге мораторий жарияланған. Мемлекет басшысы VIII шақырылған Парламент Мәжілісінің алғашқы сессиясында бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға айрықша тоқталды.
«Осы орайда шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет. Ең бастысы, мемлекеттік қолдауға ие болатын жобаларды іріктеу ашық өтуге тиіс. Жобаның нақты әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ескеру қажет. Үкіметке депутаттармен бірлесіп, орта бизнесті дамытудың тың тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын. Өйткені орта бизнес ел экономикасын дамыту ісінде басты рөл атқарады. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады», деді Президент.
Бірақ жергілікті жерде кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін тосқауыл әлі тоқтар емес. Құдды кәсіпкерлерді жөргегінен тұншықтыруға бағытталған қадам жасалып отырғандай көрінеді. Мұны кәсіпкерлердің өздері де жасырмайды. Кедергіге кезіккен олар күн сайын «Атамекен» ҰКП-ның өңірлік филиалына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаментіне шағымданады.
Аталған департамент басшысы Ерұлан Серікқалиевтің айтуынша, жеке кәсіпкерлер мен шағын кәсіпорын басшыларын, фермерлерді қынжылтатын жайт көп. Оның ішінде инженерлік желілерді жүргізу, жер телімін алу, кредиттік серіктестіктерден кепілдік мүлікті қайтару секілді мәселелер бар. Шаруа қожалықтарының өкілдері субсидиялау бағдарламасының ашықтығы мен қолжетімді еместігіне налиды. Өйткені субсидияларды бөлуде кезек мерзімі сақталмайды. Кәсіпкерлер жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту кезінде әкімшілік кедергілерге тап болып жүр.
– Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлердің құқығын қорғау үшін «Бизнеске жол» жобасы іске қосылды. Біз жоба аясында 250 кәсіпкермен кездесу өткіздік. Кәсіпкерлерден 25 шағым түсті. Сол шағымдарға байланысты сыбайлас жемқорлық деректерін жою үшін тиісті іс-шаралар қабылданып, 180-ге жуық кәсіпкердің құқығы қалпына келтірілді. Департаменттің ұсынысымен 2 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – дейді Ерұлан Серікқалиев.
Оның дерегіне сүйенсек, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның 99 кәсіпкерлік субъектісіне 739 млн теңге қарыз екені анықталған. Бұл – көрсетілген қызметтер мен тауарларды жеткізгені үшін төленбей келген қаржының жиынтығы.
«Осыған байланысты департамент пен әкімдік тиісті іс-шараларды қабылдады. Соның нәтижесінде 49 кәсіпкерлік субъектісіне 587 млн теңге төленді. Осылайша, 49 кәсіпкерлік субъектісінің құқығы қорғалды. Ал өзге 43 кәсіпкер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Атырау облыстық филиалына, «Құрманғазы», «Исатай» несиелік серіктестіктеріне берешегін толығымен өтеген. Алайда кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі, кепілдегі мүлікке құқық белгілейтін құжаттары қайтарылмаған. Аталған филиал мен несиелік серіктестіктерге 12 жосықсыз кәсіпкерлік субъектісінің ортақ жауапкершілікке байланысты берешегі құжаттарды қайтарудан бас тартудың себебіне айналған. Департамент қызметкерлері өңірлік филиал басшылығының оң шешім қабылдауына ықпал етті. Кәсіпкерлерге құқық белгілейтін құжаттарды қайтару жүргізіліп жатыр», деді Е.Серікқалиев.
Кәсіпкерлерді тығырыққа тірейтін кедергі теміржол саласында да бар. Департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, кәсіпкерлер «ЦТС» АҚ-ның теміржол тұйығына вагондарды кіргізу мен тұрағы үшін алым төлеуге мәжбүр. Ал құжаттарды ресімдеу уақыт пен қосымша шығынды талап етеді.
– Бұл көрсетілетін қызметті берушілермен жиі тікелей байланысқа әкеліп соқтыратын сыбайлас жемқорлықтың алғышартын жасайды. Міне, сол себептен, әкімшілік кедергілер мен бюрократия әлі де бизнестің дамуына жол бермей отыр. Кәсіпкерлер өз мәселелерін шешу үшін лауазымды адамдардың соңынан жүгірмеуі керек. Департамент қабылдаған іс-шаралардың нәтижесінде ірі теміржол тұйығы иелерімен келісім жасасу мерзімі бір жылға, біржолғы клиенттермен бір күнтізбелік айға ұзартылды. «Қазақстан теміржолы» компаниясына әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған 68 ұсыныс әзірленді, – деп түсіндірді Нұрлан Жахин.
Департамент өкілінің айтуына қарағанда, Жылыой ауданы әкімдігінің лауазым иелері «Теңіз» вахталық кентіндегі жер учаскелерін аукцион арқылы сауда-саттыққа қоймаған. Сөйтіп, кәсіпкерлер үшін жасанды әкімшілік кедергілер жасаған.
Жер теліміне қатысты құжатын заңдастыра алмай жүрген кәсіпкерлер аз емес. Соның бірі – Салтанат Жұбаева. Оның жер телімінің құжатын ресімдеуге талпынғанына екі жылдан асқан.
«Маған бизнеске арналған жер учаскесі шешемнен қалған еді. Мақсатым – самса сататын дүңгіршек ашу. Алайда менің учаскемде басқа біреу ойын алаңын салып қойыпты. Осыған байланысты жер қатынастары бөліміне хабарласқанымда, маған басқа жер учаскесін ұсынды. Бұл үшін маған сәулет бөлімінен жер учаскесін алып қою туралы құжат әкелуім қажет болды. Бірақ бұл құжатты екі жылдан бері ала алмай жүрмін. Әкімдікке әуелі арыз, содан кейін шағым жаздым. Бірақ мәселем әлі шешімін тапқан жоқ», дейді С.Жұбаева.
Ал салық қызметкерлерінің WIPON CASHBACK бағдарламасын пайдаланып, кәсіпкерлерді заңсыз тексергені анықталып отыр. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі Атырау облысы бойынша уәкіл секторының меңгерушісі, өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың айтуынша, бизнес субъектілерінен жаппай өтініш түскен. Осыған байланысты облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне хат жолданған.
Бұл мәселе ың-шыңсыз қалған жоқ. Әсіресе бизнес субъектілері арасында алаңдаушылық тудырды. Өйткені салық қызметкерлерінің тексеру қорытындысымен 1 мыңнан астам кәсіпкер сатып алушыларға фискалдық чек бермегені үшін жауапқа тартылған.
«Біз Мемлекеттік кірістер департаментінен «Азаматтық бақылау – чек талап ет» акциясы өткізілді. Акция шеңберінде тұрғындардан WIPON CASHBACK қосымшасы арқылы фискалдық чектерді бермегені үшін кәсіпкерлерге қатысты 1067 шағым түсті» деген жауап алдық. Тұрғындар осындай тіркелген әрбір дерек үшін бір мың теңге көлемінде сыйақы алған. Салық қызметкерлері жүргізген тексерудің қорытындысымен 508 бизнес субъектісі жауапкершілікке тартылып, 429 кәсіпкер ескерту алған. Ал 79 кәсіпкерге айыппұл салынған. Бұл мәселені кәсіпкерлер Қазақстанның бизнес-омбудсмені Рустам Жүрсіновтің өңірге сапары кезінде көтерген болатын. Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің іс-әрекеті қаншалықты заңды екенін білу үшін прокуратураға жүгіндік. Себебі бұл деректердің қалай тіркелгені белгісіз», дейді Сәрсенбай Жолдыбаев.
Облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Бердібек Жоланның айтуынша, мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері 852 кәсіпкерге фискалдық чек бермегені үшін әкімшілік хаттама толтырғаны анықталған. Кәсіпкердің бәрі жауапкершілікке тартылған.
– Жүргізілген тексеру мемлекеттік қызметшілердің бұл әрекетінің заңсыз екенін көрсетті. Өйткені мұндай тексерулер Бас прокуратураның сайтында тіркелмеген. Осылайша, бизнесті тексеруге мораторийді айналып өтіп, кәсіпкерлерден түсініктеме алған. Бұл да заңсыз болып саналады. WIPON CASHBACK қосымшасы арқылы түскен өтініштерге талдау жүргізілді. Талдау кезінде департамент қызметкерлерінің бірі кәсіпкерлердің фискалдық чектерді бермегені туралы хабарламалары үшін 51 мың теңге көлемінде сыйақы алған. Осыған байланысты әкімшілік хаттама бойынша наразылық актілері енгізіліп жатыр. Сот шешімімен мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің әрекеті заңсыз деп танылды. Жалпы, тексеру көрсеткендей, WIPON CASHBACK бағдарламасы бизнесті тексерудің заңсыз тәсілі ретінде пайдаланылған, – дейді Бердібек Жолан.
Салық қызметкерлерінің заңсыз әрекетке барғанын Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті басқармасының аға прокуроры Мәди Түгібаев та растады. Оның айтуынша, жоғарыда аталған деректер кәсіпкерлердің құқықтарын өрескел бұзу болып саналады. Егер тексерулер статистика органдарында есепке алынбай жүргізілсе, оның қорытындысы бойынша шығарылған барлық шешімнің күші жойылуға тиіс. Сондықтан басқарма прокурорлары осы мәселе бойынша сот үдерістеріне үшінші тарап ретінде қатысады.
«Бізге комитеттен WIPON CASHBACK қосымшасы бойынша жұмыс істеу туралы хат келді. Ал азаматтардың шағымы порталға түседі. Біз бірден айыппұл салмаймыз. Алдымен кәсіпкерлерді шақырып, чек берілгенін немесе берілмегенін сұраймыз. Кәсіпкерлердің көбі чек бермегенін растады. Сондықтан біз хаттама ресімдедік. Қазір қосымшаның жұмысы тоқтатылды. Енді өтініштер қабылданбайды», деді Атырау қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Азамат Мадалиев.
Биыл ақпанда облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті «Studbolt Manufactoring» ЖШС-дан соңғы үш жыл үшін жалпы сомасы 15 млн теңгенің қосымша салығын төлеуді талап еткен. Бұл қаншалықты заңды? Облыс прокуроры Бауыржан Жұмақановқа серіктестіктің бас директоры Сәкен Мұратов осындай сауалмен жүгінді.
«Біз болтты қосылыстарды шығарамыз. Бұған қоса құбыр материалдарын жеткіземіз. Қазір «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» (КПО) компаниясының тапсырысын жеткізуге байланысты проблема туындады. 1997 жылы Қазақстан Үкіметі мен КПО арасында өнімді бөлісу туралы келісімге қол қойылғандықтан, мемлекеттік кірістер департаменті бізге 15 млн теңге салықты қосымша есептегісі келеді. Соған сәйкес КПО компаниясына тауарларды импорттау кезінде басқа да кедендік мөлшерлемелер ескерілуге тиіс. Бұдан біз де, біздің тауарларды кедендік ресімдеумен айналысатын брокерлік компания да хабарсыз болдық. Олар «Астана – 1» бағдарламасынан мөлшерлемелер алады. Мөлшерлеме 10 пайызды құрайды. Оны әлдеқашан төледік. Біз салықты уақытында төлеп келеміз. Енді департамент 1997 жылғы келісімге сәйкес 20% салық төлеуімізді талап етіп отыр. Алайда бұл келісім ашық дерек көзде жоқ. Біз бұл туралы қайдан білеміз? Біз осы тапсырыстар бойынша үш жылда 8 млн теңге табыс таптық деп есептедік. Енді 15 млн теңгеге қосымша салық есептеліп отыр. Менің ойымша, бұл – кеден органдарының қателігі. Өйткені олар бұл ақпаратты брокерлерге, тауар жеткізушілерге уақтылы хабарламайды», дейді Сәкен Мұратов.
Дәл осы келісім брокерлік қызмет көрсететін «Ctcs Logistics» ЖШС үшін проблемаға айналып отыр. Серіктестік директоры Виталий Юнның мәліметінше, брокерлік қызметке жүгінген клиентке Батыс Қазақстан облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлама берген.
«Біздің клиентімізге Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік кірістер департаменті 145 млн теңгенің салығын есептеді. Тексеру қорытындысымен клиентіміздің тауарлары 1997 жылғы өнімді бөлісу туралы келісімге сәйкес кедендік төлемдерді есептеуге жататыны белгілі болды. Бізге бұл туралы 2022 жылғы 8 қарашада хабарлама түсті. Ал бір күннен кейін, 9 қарашада бірінші сатыдағы соттың шешімі шықты. Біз бас прокуратураға және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына шағым бердік», деді серіктестік директоры Виталий Юн.
Прокуратура да кәсіпкерлер құқығын қорғауға баса мән беріп отыр. Мәселен, Құрманғазы ауданының прокуратурасы орталық аурухана тарапынан 80 кәсіпкерге қаржы аудармағанын анықтады. Аудандық аурухана қызметіне жүргізілген талдаудың қорытындысында кәсіпкерлердің өз міндеттерін толық орындағанына қарамастан, тапсырыс берушінің шартта белгіленген тәртіппен және мерзімде төлем жүргізбегені анықталды. Прокурорлық ықпал ету іс-шаралары арқылы 80 кәсіпкердің алдында жалпы сомасы 168 млн 486 мың 177 теңге берешек толығымен өндірілді.
«Прокурорлық қадағалаудың басым бағыттарының бірі – кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Қазір аудандық прокуратурада мобильді топ құрылды. Мобильді топ кез келген кәсіпкердің құқықтары мен заңды мүддесі бұзылуына байланысты өтініштерін қарайды. Ауданда тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау қызметіне кәсіпкерлер үшін ортақ тариф заңсыз бекітілгені анықталды. Атап айтқанда, Экология кодексінің 367-бабында кәсіпкерлер үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және тасымалдауға тариф бекіту көзделмеген. Тараптар арасында жасалған келісімшартқа сәйкес төленеді. Алайда аудандық мәслихат шешімімен кәсіпкерлер үшін тариф заңсыз бекітіліп, аудандағы 281 заңды тұлға мен 2 405 жеке кәсіпкердің құқықтары бұзылған. Прокурорлық қадағалау актісімен мәслихат шешімі заңға сәйкестендіріліп, кәсіпкерлердің бұзылған құқығы қорғалды», дейді аудан прокуроры Магилан Рахимов.
Мемлекет кәсіпкерлерге отандық экономиканы әртараптандыруға серпін беріп, шағын және орта кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтеді деп үміт артып отыр. Алайда түрлі кедергіге кезіккен кәсіпкерлер адымын аша алар емес. Бәрі де – әкімшілік кедергі. Оның дені мемлекеттік қызметтің тарапынан жасалатыны, кәсіпкерлердің шағымы уақытында шешімін таппайтыны өкінішті-ақ.
Атырау облысы