Мемлекет басшысы экономика қауіпсіздігіне мән беру туралы ескерту жасады. деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Стратегиялық нысандар» ұғымын айқындау тәсілін қайта қарау қажет. Бәлкім, аймақтық маңызы бар стратегиялық нысан ұғымын енгізу керек шығар. Бұл – әлемдік тәжірибе. Бәрін ойланбай өзгерте беру экономикалық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Қазіргі геосаяси жағдайда бұл мәселенің өзектілігі тіпті арта түсті.
Қазақстан салмақты және дербес экономикалық саясат жүргізуі керек. Қоғамдық ресурстар қолжетімді болуы үшін ашық аукцион қағидаттарын басшылыққа алу қажет. Бизнес өкілдері барлық міндеттемелерін адал орындау үшін тиімді бақылау жүйесін орнату керек», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент экономиканы монополиядан арылту туралы жиі айтады. Бүгін де осы мәселеге тоқталып, активтерді елге қайтару жұмыстарын таза жүргізуді әрі олардың қайтадан біреудің қалтасына түспеуін қадағалауды тапсырды.
«Монополистерге қарсы қозғалған істер бойынша сапалы жұмыс атқарылуға тиіс. Ол үшін қазылардың білікті болуы аса маңызды. Қазір заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жұмысы жандана түсті. Қайтарылған активтер мен мүліктер қолды болып кетпеуі керек», деді ол.