• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
09 Шілде, 2014

Жемқорлыққа қарсы ұлттық стратегия

290 рет
көрсетілді

Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мүдде, бір мақсат, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында әлемнің 30 дамыған елдері қатарына енудің кеңейтілген жоспары ұсынылды. Елбасы мемлекеттің жаңа саяси бағытының мақ­саттары мен міндеттеріне кері әсерін тигізетін сыбайлас жем­қорлыққа қарсы стратегияны қалыптастырып, іске асыруды ең маңызды міндет ретінде қарастырды. «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру аясында еліміздегі болып жатқан ауқымды өзгерістер жағдайында сыбайлас жемқорлыққа қарсы институттар, тиімді тетіктер мен амалдарды жандандыру қажеттілігі айқын болды. Міне, осы жұмысты үйлестіру үшін Премьер-Ми­нистр К.Мәсімов басқаратын ве­дом­ство­аралық жұмыс тобы құрылды. Ұлттық сыбайлас жемқор­лыққа қарсы стратегияның жобасын әзірлеумен құрамына Пре­зидент Әкімшілігінің, орталық мемлекеттік органдардың, қазақстандық және халықаралық қоғамдық ұйымдардың өкілдері, атақты ғалымдар мен сарапшылар енген сараптамалық топ айналысады. Қазіргі уақытта сараптамалық топ мемлекеттік органдардың ұсыныстарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді стратегия­сын іске асыра алған елдер тәжірибесі арқылы зерделеуде. Ал сыбайластыққа қарсы табысты әрекет жемқорлықтың алдын алуға бейімделген стратегия болғанда ғана дәрменді. Сондықтан, жазалауды қатаң­датумен және қылмыстық қу­далауды күшейтумен бірге, сыбайлас жемқорлықты тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған қосымша шаралар пысықталатын болады. Осы мәселені шешуде мемлекет пен қоғамның күш салуын біріктіруге аса көңіл бөлінуде. Ол үшін Қаржы полициясы агенттігінің www.finpol.gov.kz ресми сайтында 5 шілдеден 25 шілдеге дейін «Халықтық құқықшығармашылық» атты бөлім жұмыс істейтін болады. Аталған бөлімге әрбір азамат өзінің ұсыныстарын көрсете отырып, хабарлама қалдыра алады. Әрбір ұсыныс қарастырылады, олардың өзектілері жұмыс тобының талқылауынан кейін Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының жобасына енгізіледі. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске өз үлесіңізді қосыңыздар, одан шет қалмаңыздар, деп хабарлады Қаржы полициясының баспасөз қызметі.