Астанада «Meta MEET» XIХ республикалық студенттер слеті өтіп жатыр. Үш күндік іс-шараны Қазақстан студенттерінің альянсы ұйымдастырды. Дәстүрлі жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен 1 мыңға жуық қыз-жігіт жиналған.
Қазақстан студенттері альянсының төрағасы Ұлан Наукеннің айтуынша, студенттер слеті – жастардың тәжірибе мен білім алмасып, байланысты нығайтатын алаңы. Сондықтан жастар оны асыға күтеді.
– Студенттер альянсы 2005 жылы құрылған болатын. Содан бері студенттер слеті жыл сайын өткізіліп келеді. Өкінішке қарай, тек пандемия кезінде ғана ұйымдастырылған жоқ. Ауқымды іс-шараны әр өңірде өткіземіз. Мәселен, осыған дейін Тараз, Павлодар, Түркістан қалаларында ұйымдастырылған жиындар көпшіліктің есінде деп ойлаймын. Былтырғы және биылғы слетті Астанада өткізу туралы шешім қабылданды. Биылғы іс-шараға альянстың мүшелерінен бөлек, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының да өкілдері шақырылды. Бұрын альянсқа жоғары оқу орындарының студенттері ғана мүше болса, енді колледж студенттерін де қатарға қоспақпыз. Сондықтан биылғы іс-шараға колледж студенттері де қатысып отыр, – деді Ұлан Наукен.
Биылғы слеттің ашылу салтанаты Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұйымдастырылды. Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары, қоғам белсенділері қатысты. Астана қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров пен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар саясатын үйлестіру комитетінің басқарма басшысы Ақұлан Тастемір қатысушыларға сәттілік тілеп, жастардың қоғамдағы рөліне тоқталды. Сондай-ақ бұл күні TEDx форматында іс-шара ұйымдастырылды. Оған қатысқан журналист Дана Нұржігіт, «Jaidarman»-ның негізін қалаушы Есен Елеукен, әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы Нұрлан имам Байжігітұлы, актер Дастан Оразаев, ақын-журналист Рамазан Есмағамбетов өз ойларын ортаға салды.
Студенттер слетінде Қазақстан студенттері альянсының біржылдық жұмысы қорытындыланып, жаңа жоба-жоспарлар пысықталды. Олар осы күндері білім, мәдениет, спорт сайыстарында сынға түседі. Сондай-ақ жыл қорытындысы бойынша үздік студенттер марапатталады. Іс-шара аясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен және Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен кездесу жоспарланған.