• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Баға 19 Сәуір, 2023

Батыс Қазақстан облысы: Ахуал алаңдарлықтай емес

183 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстанмен 5 облысы шекаралас жатқан Ресей Федерациясында дизель отынының бағасы 45%-ға қымбат. Мұндай жағдайда арзан жанармайдың сыртқа кетуі – қалыпты құбылыс. Мысалы, елімізде наурыз айында өткен жылмен салыстырғанда жанар-жағармай тұтыну 15 пайызға өсіп кеткен.

«Қазақстан әлемде жанар-жағар­май бағасы ең арзан елдердің қата­ры­на кіреді. Оның үстіне соңғы бес жылда инфляция деңгейіне қарамас­тан, бензин бағасы – 2,3%, дизель отыны – 5,3% ғана өскен. Сондықтан энергетика министрінің мұнай өнімдерінің жаңа бағасы туралы шығарған бұйрығына түсініс­тікпен қарау керек», дейді Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәй.

Дәл қазір Батыс Қазақстан облы­сында жағдай тұрақты, ешқандай шек­теу жоқ. Соңғы мәлімет бойынша, облыс аумағындағы мұнай база­ла­рын­да, жанар-жағармай бекетте­рінде 4 100 тонна дизель отыны бар, бұл облыстың 8 тәулік тұтынуына жет­кі­лікті. Сондай-ақ АИ-92 маркалы бензиннің – 3 021 тоннасы (5 күн­­дік қор) және АИ-95 маркалы бен­­зин­­нің – 712 тоннасы (2 күндік қор) бар.

Батыс Қазақстан облысын дизель отынымен қамтамасыз ету көп­тен шешілмей жүрген күрде­лі мәселенің бірі. Бір қызығы, облыста дизель отынын өндіретін «Кон­денсат» компания­сы бар. Ол жылына 850 мың тонна мұнай өнімін, атап айтқанда, бензин, газойль жә­не дизель отынын шығара ала­ды. Соның ішінде кәсіпорын 200 мың тонна жазғы және қысқы дизель оты­нын шығаруға қауқарлы. Алай­да Қарашығанақ кенішінің дәл үстінде отырған компания шикі­затқа зар болып, небәрі 12,2% қуа­ты­­мен жұмыс істеуде. Биылғы 3 ай ішін­де «Конденсат» 26 мың тоннаға жуық мұнай өнімін, соның ішінде 11 мың тоннаға жуық дизель отынын өндірген.

«Бүгінде компанияны тұрақты шикізатпен қамтамасыз ету мәселе­сін орталық атқарушы органдар қарас­тырып жатыр» дейді БҚО кәсіп­керлік және индустриалды-инно­вациялық даму басқармасы бастығының орынбасары Жанна Бекқалиева.