Алға аудандық білім бөлімінің басшысы қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланғаны үшін істі болды. Ол жеке кәсіп ашқаны үшін 3 жыл 6 ай мерзімге сотталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қылмыстық іс Алға аудандық сотында қаралды.
Іс материалдары бойынша, аудандық білім бөлімінің басшысы оқу орталығын ашқан. Бизнесті жүргізу үшін өзіне таныс кәсіпкердің атын пайдаланған. Балаларға қосымша білім беру қызметін көрсету үшін конкурсқа түсіп, 1,2 млн теңге көлемінде грант ұтып алған.
Оған қоса, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, тұмыс деңгейі төмен, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды, мүгедектігі бар 300 баланы 12 күндік лагерьге жіберуді жоспарлаған. Жолдама сатып алуға 18850000 теңге бөлінген. Нәтижесінде конкурс шарттары өзгертіліп, балалар лагерьге 12 күнге емес, 7 күнге жіберілген. Айта кетерлігі, лагерьге аттанған 203 баланың 160-ы арнайы санатқа жатпайтыны анықталды.
«Сотталушының заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде білім бөлімі серіктестік шотына 10280674 теңге сомасында бюджет қаражатын негізсіз аударды. Қылмыстық іс Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары мен сотталушы арасында жасалған кінәні мойындау туралы процестік келісіммен сотқа келіп түсті. Сотталушы сот отырысында өз кінәсін мойындап, белгіленген жазамен келісетінін айтты. Прокурор сотталушыны жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тарта отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
Сот тарапынан Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшылығына жеке қаулы шығарылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», делінген облыстық соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.