ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде ораза айт мейрамына орай жамағат арасында «Түйе палуан» сайысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлының ұйымдастыруымен өткен дүбірлі додада мешіт жамағатынан құралған палуандар бақ сынасты.
Сайыста жүзден жүйрік қарсыластарынан озған палуандар қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік атанып, бірінші орынды қанжығасына байлаған сайыс жеңімпазы Ерсін Серікұлына Ұмра қажылығының жолдамасы тарту етілді.
Ал екінші орын Мұхтар Дәлелханұлына бұйырды. Палуан 250 000 теңгені олжалады.
Жүлделі үшінші орын алған Ақжігіт Алтынбекұлы 150 000 теңгені иеленді.