Қазақстан спортшылары боччадан ел чемпионатына қызу дайындықты бастап кетті. Бүгін Астанадағы Паралимпиадалық орталықта алғашқы алғашқы жаттығу жиыны өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Парламент Сенатының Төрағасы – Қазақстан бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев Орталыққа арнайы барып, ерекше қажеттілігі бар жас спортшыларға қолдау көрсетті.
Жаттықтырушылардың айтуынша, соңғы жылдары елімізде бочча спорт түрі қарқынды дамып, соның нәтижесінде спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр. Таяуда Қазақстан бочча федерациясы Boccia International Sports Federation – Халықаралық бочча федерациясының мүшесі болды. Соған байланысты 6 спортшымыздың Польшада өтетін халықаралық челленджерге қатысуына өтінім берілді.
Одан бөлек, ұлттық құрамамыздың 2023 жылдың қазан айында Қытайда өтетін Азия Паралимпиада ойындарына және 2024 жылы Парижде жалауы желбірейтін Паралимпиада ойындарына қатысуына өтінім беру көзделіп отыр.
Сонымен қатар алдағы маусым айында Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайында тірек-қимыл аппараты бұзылған спортшылар арасында боччадан Қазақстан чемпионаты өтеді. Оған еліміз бойынша 15 және одан жоғары жастағы 50-ге жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан бочча федерациясының кезектен тыс конференциясында Федерация Президенті болып сайланды. Ол бірнеше жыл бойы елімізде инклюзивті спорт түрлерінің дамуына қолдау көрсетіп, мүгедектігі бар балалар мен спортшылар үшін мұндай қадамның маңызы зор екенін айтып келеді.