Әскери полицияның тарихы 1997 жылғы 22 сәуірде Президент қол қойған «Қазақстан Республикасының Құқық қорғау органдары жүйесін одан әрі реформалау жөніндегі шаралар туралы» Жарлықтан басталды, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
26 жыл ішінде әскери полицияда әскери ортадағы құқық бұзушылықты бақылау мен алдын алудың тиімді жүйесі құрылды. Биылғы жылдың 14 наурызында қабылданған «Әскери полиция органдары туралы» жаңа заң да Қарулы күштердегі құқықтық тәртіпті нығайтуға, олардың мәртебесін арттыруға және өкілеттіктерін кеңейтуге бағытталған.
Анықтау, құқықтық тәртіпті, әскери қызметтің, жол жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскери полиция қару-жарақтың озық түрлерімен және арнайы техникалық құралдармен жарақтандырылған.
Олардың арсеналында заманауи автомобильдер, жылжымалы бекеттер, объектілерді қашықтықтан бақылау кешендері, лазерлік қашықтық өлшегіштер, бейнетіркегіштер және тексеру эндоскоптары бар.
Жыл сайын 80-нен аса адам әскерге шақыру және одан әрі қызмет өткеру үшін әскери полиция мамандарын даярлау орталығында бастапқы оқудан өтеді. Әскери кинологтардың кәсіби шеберлігі халықаралық деңгейде танылып келеді.
Әскери полицейлер Қазақстан Қарулы күштерінің спартакиадаларына, армиялық көпсайысқа, жеңіл атлетикалық және халықаралық жарыстарға белсенді түрде қатысып, әркез жүлделі орындар алып жүр.
Олардың кәсіби шеберлігі мен қойылған міндеттерді орындауға жауапкершілікпен қарауы елдің қорғаныс қабілетін нығайтып, қазақ әскерінің имиджін арттыруға ықпал етуде.