Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 7-туры басталды. Біріншілік барысында петропавлдық «Қызылжар» алғаш рет ұпай жоғалтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Петропавл футболшылары өз алаңында Ақтаудан келген «Каспий» командасын қабылдады.
Ел біріншілігінде «Қызылжар» сәтті ойын көрсетіп жүр: алты кездесудің барлығында жеңіске жетіп, турнир кестесінде 18 ұпаймен көш бастап келеді.
Ал «Каспий» командасы қатарынан бес рет жеңіліп, соңғы орындардың бірінде қалды.
Бүгінгі кездесуде петропавлдық команда алғашқы минуттардан бастап ширақ болды. Нәтижесінде матчтың 3-минутында Тамаз Макацария есеп ашты. Ал 19-минутта олардың қақпасына пенальти белгіленді. Оны Алексей Залеский мүлтіксіз орындады.
Осылайша «Қызылжар» біріншілікте алғаш рет тең түсіп, ұпай жоғалтты. Соған қарамастан турнир кестесіндегі бірінші орынды сақтап қалды.
Еске сала кетсек, ертең, 23 сәуірде «Оқжетпес» (Көкшетау) пен «Шахтер» (Қарағанды), «Атырау» мен «Ақсу» (Павлодар облысы), «Тобыл» (Қостанай) мен «Ақтөбе», «Қайрат» (Алматы) пен «Ордабасы» (Шымкент). «Қайсар» (Қызылорда) мен «Астана» командалары жасыл алаңға шығады.