АСТАНА. 9 шілде. Президент әкімшілігінің келісімімен және Шығыс Қазақстан өңірінің басшысы Бердібек Сапарбаевтың өкімімен Бақытжан Баяхметов Ұлан ауданының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Бақытжан Баяхметов 1970 жылдың 29 тамызында Аягөз қаласында туған. 1992 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын инженер-электрик, 2008 жылы Алматыдағы Орталық Азия университетін экономист мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1992 жылы «Алтайэнерго» мекемесі Аягөз электр торабының инженері болып бастаған.
2002 жылы «ВК РЭК» жабық акционерлік қоғамының Аягөз аймақтық директоры, 2004 жылдың мамырынан Аягөз аудандық электр желісінің басшысы болды. 2004 жылдың желтоқсанынан Бородулиха ауданы электр торабының бастығы, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары болды. 2008-2009 жылдары «Дана-Аягөз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры, 2009 жылғы ақпан айынан бастап Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік сатып алу және құқықтық жұмысты ұйымдастыру басқармасының бастығы, 2009 жылғы сәуірден Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат және мұрағат комитетінің есеп басқармасы бас сарапшысы, 2009 жылғы маусымнан Қоршаған ортаны қорғау министрлігі бюджеттік жоспарлау және мемлекеттік сатып алу басқармасының бас сарапшысы, 2009 жылғы қазаннан бастап Өскемен қаласының құрылыс бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған.
Ал 2010 жылдың қарашасынан бастап осы тағайындауға дейін Аягөз қаласының әкімі болып қызмет етіп келді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «ҚазАқпарат».
Фото: «ҚазАқпарат».