• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Сәуір, 2023

Көлік-логистика саласындағы ізденістер

432 рет
көрсетілді

Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет үйін­де өткен еліміздің әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық даму мәселелері жөніндегі кеңей­тілген кеңесте байтақ даламыздан өте­тін халықаралық дәліздерге аса мән бергені мәлім. Еліміздің Батыс пен Шығыс елдерінің арасы­на географиялық жағынан өте қолайлы орналасуын есепке алсақ, сала бойынша Президент тапсырмаларын артығымен жүзеге асыруға мүмкіндік мол.

Ресей-Украин қақтығысы Батыс пен Шығыс елдерінің көбін сарсаңға салып, таптаурын болған мыңжылдық қатынас жолдарын өзгертіп, жаңа транзиттік дәліздер іздеуге мәжбүр етіп отыр. Егер Үкімет халықаралық жолдардың жөні мен жігін дұрыс үйлестіре білсе, біздің ел бұл жағдайда ұтылыс емес, ұтысқа шығары сөзсіз. Оның ондаған дәлелін алыс-жақын шетелдердің сала мамандарының ұлы далаға емініп, ентелеп тұрғанынан көруге болады.

Жуырда отандық инвестициялық ынтымақтастық агенттігі конференция ұйымдастырды. Жиынға Алматы облысының әкімдігі, SPG, Қытай консулы және бизнес қауымдастығы, сондай-ақ «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «QazTrade» өкілдері  қатысты. Маңызды іс-шара барысында Алматыда өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды. Сөйтіп, жаңадан логистикалық хаб салу ісі қолға алынатын болды. Жаңа жоба жүзеге асса, бұл логистикалық хаб автожол, теміржол және әуе жолын біріктірмек.

Конференция барысында Алма­ты облысында шетелдік тауар тасы­малдаушыларға арналған қоймала­ры бар логистикалық парк пен құрғақ порты іске қосылатыны айтылды. Бұл тек логистикалық сектордың ғана емес, өңір бизнесінің де дамуына септігін тигізеді. Аталған жобаны жүк тасымалы бойынша әлемдегі №1 порт – Шаньдун порт корпорациясы (SPG) ұсынып отыр. Аталған корпорацияның делегациясы Алматыға Қазақстан инвестициялық ынтымақтастық агенттігінің арнайы шақыртуымен келген.

– Батыста бүкіл әлемді порттар байланыстырады деген сөз бар. Біз теңіз порттарынан бөлек, құрлық порттары да өте маңызды рөл атқаратынын айтқымыз келеді. Екі ел арасында барынша қолайлы логистикалық дәліз жасасақ дейміз. Біздің топ логистика және сауда саласында қазақстандық кәсіпорындармен ынтымақтастықты тереңдетуге күш салуда. Қазақ елі мен Қытай арасындағы тиімді қарым-қатынасқа өз үлесімізді қосатынымызға сенімдіміз, – дейді SPG бас директоры Ли Фэнли.

Алматы агломерациясында ірі сауда-логистикалық хаб ашу жоспарымен «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Қойшыбаев бөлісті. Оның айтуынша, оны Алматы айналма теміржол желісі (73 км) жанынан салу көзделіп отыр екен.

– Әзірге техникалық-экономикалық негіздеме жасалуда. Осы сәтті пайдаланып, SPG өкілдерін ынтымақтастықта жұмыс істеуге шақырамыз. Бірқатар ірі компания хаб құрылысын салу­ға қызығушылық танытып отыр. Атал­ған жоба аясында өңір логистикасы, интермодальді тасымал дамиды, ол автожол, теміржол және әуе жолын бірік­тіреді. Сонымен қатар ірі құрғақ порт салынады, – деді Е.Қойшыбаев.

Конференцияға қатысушылар Еу­ропа мен Ресей Федерациясынан Оңтүстік-Шығыс Азияға электромобильдер транзитін іске қосып, сондай-ақ SPG порттары арқылы біздің ел астығын экспорттау мәселесін де қарастырды.

– SPG серіктесіміз ретінде ұзақ­мерзімді ынтымақтастық үшін күш салатынына сенімдіміз және біз өз тарапымыздан бар жағдайды жасаймыз. Әлемдегі №1 порт тобынан smart инвестициялар күтеміз. Логистикалық тасымалдаудың тиімділігін арттыру үшін қытайлық және қазақстандық тараптардың инфрақұрылымы мен мүм­кіндіктерін пайдаланудың маңызын атап өткен жөн, – деді Қазақстан инвес­тициялық ынтымақтастық агенттігінің жетекшісі Айдын Байеділов.

 

Жүк тасымалында    жағымды жаңалық

Осы жылдың бірінші тоқса­нында біздің ел мен ҚХР арасында жүк­терді тасымалдау өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32 пайызға өсіп, 6,5 млн тоннаны құрапты. ҚХР-дан жүк қабылдау 7 пайызға, яғни 2,6 млн тоннаға көбейген. Жүктерді ҚХР-ға тапсыру 56 пайызға, яғни 3,8 млн тоннаға дейін артты. Алтынкөл стансасы бойынша жүк тапсыру үш есеге, 1,2 млн тоннаға, қабылдау 4 пайызға, 1,5 млн тоннаға дейін артты.

Қытай бағытындағы жүктерді тасы­мал­дауға сұранысты ескерген ҚТЖ қа­зақстандық астық тасымалдаушылармен келісімге келе отырып, қанат қақты пойызын іске қосты. Жоба Қытай мен Қазақстан теміржол және терминал­дық инфрақұрылымының дайындығын, мүм­­кіндіктерін анықтауға бағытталған. Еске алсақ, антиковидтік шараларға бай­­ланысты Қытай соңғы екі жыл­­дан бері астықты астық вагондарымен қа­былдаудан бас тартып, тек контейнерлермен әкелуді талап етіп келеді.

Қазіргі күнде отандық өнімді экс­порт­тық тасымалдауды дамыту үшін Достық-Мойынты учаскесінің екінші жолының құрылысы жүргізілуде, бұйырт­са оның өткізу қабілеті 5 есеге артады. Сондай-ақ Бақты – Аягөз темір­жол жобасы іске асырылуда. Ол Қазақ­стан мен Қытай арасындағы өткізу қабі­летін жылына тағы 20 млн тоннаға артты­рады.

 

«Жасыл» және «ақылды» порт салынады

Көрші ел тек халықаралық жолдар арқылы жүк тасымалдау және тауар алмасумен ғана шектеліп қалмай, салада­ғы түрлі іс-шара бойынша да бірлесіп жұ­мыс істеуге мүдделі. Жақында Ақтау және «Shangdong Port Group» (SPG) тобына кіретін Qingdao Port сауда порттары SPG делегациясының біздің елге сапары аясында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Тараптар тәжірибе мен ақпарат алмасу бойынша тығыз өзара іс-қимыл және бірқатар мәселе бойынша: персоналды даярлау, пайдалану үдерістерін оңтайландыру, логистика бойынша ық­тимал ынтымақтастық туралы уағда­ласты. «Жасыл» және «ақылды» порт салу саласындағы келісімді кеңейту жос­парланып жатыр.

Кездесуде тараптар өздерінің мүм­кіндіктері мен перспективалық даму жос­парларын таныстырды. Сондай-ақ ТХКБ бағыты бойынша транзиттік тасымал тиімділігін арттыруға қазақстандық және қытайлық тараптардың қолда­ныстағы инфрақұрылымы мен артық­шылықтарын пайдаланудың маңыз­дылығында назардан тыс қалдырмады.

Еске салсақ, Shandong Port Group (SPG) – жүк айналымы бойынша әлем­дегі бірінші порттық тобы. Топқа биз­нес­тің 12 сегментінде жұмыс істейтін 12 компания мен 4 порт кіреді: кеме қатынасы, сауда, логистика, ғылыми-техникалық әзірлемелер, жабдықтар өндірісі және т. б.

Бұлармен бірге «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен ҚХР ірі порт операторы SPG порт тобы қол қойылған Ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде мультимодальді контейнерлік сервистер мен цифрлық өнімдерді бірлесіп дамытатын болады.

Құжатта цифрлық көлік-логис­ти­ка­лық сервистерді, порт және терми­нал­дық қызметтерді дамыту, сондай-ақ теңіз тасымалдарын, оның ішінде Каспий және Қара теңіздегі теңіз буынын дамыту саласындағы ынтымақтастық көз­делген. Бұдан басқа тараптар тұрақты контейнерлік сервистерді құру үшін біздің ел арқылы маршруттарды, оның ішінде Транскаспий халықаралық кө­лік бағдарын бірлесіп пайдалану мүм­кіндігін зерделейді.

Осы кездесу аясында қатысушылар­ға Қытай, Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО және Таяу Шығыс елдерінің сауда ло­гис­­тикасын байланыстыратын Ал­ма­ты аг­ломерациясындағы сауда-логис­тикалық хаб жобаның тұжырым­да­ма­сы таныстырылды.

Shangdong Port Group президенті Ли Фэнли бастаған делегация еліміз­дің Құрық портында да болды. Онда паром кешенінің қызметі мен инфра­құрылымымен танысты. «Құрық порты» ЖШС бас директоры Серік Ахметов қонақтарды порттың өткен жылдардағы жұмысының нәтижесімен таныстырды. Мұнымен бірге ТХКБ бағыты бойынша логистиканы дамыту жоспарлары туралы әңгімелеп берді. Бұдан кейін тараптар Құрық порты мен SPG Port of Rizhao арасында достық қарым-қатынас орнату бойынша келісімге келді.

 

Ескі жоба, жаңа келісім

Каспий теңізін көктей өтіп, Әзер­байжан, Грузия, Түркия арқылы Еуропа елдеріне сауда керуендерімен төте тартуды біздің ел көптен бері көксеп жобасын жасағанымен, жүзеге асырудың реті келмей жүрген-ді. Қазіргі геосаяси жағдай сол кеудедегі көк аспанға пара-пар көксеуді амалға асырудың сәтін тудырғандай.

Таяуда бауырлас Әзербайжан Рес­пуб­­ликасының Президенті Илхам Әлиев елімізге ресми іссапармен келгенде мемлекет басшыларының негізгі көтер­ген тақырыбының бірі – Шығыс-Батыс Транскаспий орта дәлізі болғаны мәлім. Онда Каспий теңізін таязданудан барынша қорғауға, сондай-ақ биоәртүрлілікті сақтауға бағытталған бірлескен күш-жігерді іске асыру қажеттігін растады. Оған қоса, өңір елдерінің көлік-транзит саласындағы мәселелерін тиімді шешу жағдайында назарға алды. Сөйтіп, өза­ра іс-қимылы ортақ мүдделерге сай және ұлттық көлік стратегиялары басымдықтарына көңіл бөлді. Ал Шы­ғыс-Батыс Транскаспий орта дәлізі мұ­ның маңызды бағыты болып табылады.

Осыған орай тараптар 2022 жыл­ғы 25 қарашада Ақтауда өткен Транс­каспий өзара байланысы жөніндегі министрлік кездесуінде 202-2027 жылдарға арнал­ған «Осал тұстарды» үйлесімді жою және «Орта дәлізді» дамыту жөніндегі жол картасының қабылдануын жоғары бағалады. Осы құжатқа сәйкес іс-шара­лардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету керектігін айтты.

Маңызды шара аясында тараптар «Цифрлық Жібек жолы» (Digital Silk Way) жобасын іске асыруды қолдайды және екі елді Каспий теңізінің түбімен жалғайтын талшықты-оптикалық байланыс желісін бірлесіп салу жөніндегі жұмыстарды тезірек аяқтауға жәрдемдесетін болды. Цифрлық даму саласындағы ынты­мақтастықты кеңейтудің, оның ішінде электрондық құжат айналымы жүйесін және электрондық қолтаңбаларды пай­даланудың маңызды екенін де атап өтті.

 

Маңызды мәмілелердің мәні зор

Туысқан елдер отын-энергетика са­ласындағы, оның ішінде энергия ресурстарын тасымалдау бойынша ынтымақтастықты нығайтудың маңыз­ды екенін атап көрсетті. Баку – Тби­лиси – Жейхан құбыры арқылы қазақ мұна­йын жеткізудің басталуына Әзербай­жан басшылығы риза көңілін білдірді. Сондай-ақ туысқан елдің аумағы арқы­лы қазақстандық мұнайды жеткізу көле­мін ұлғайту жөніндегі шарттарды келісу бо­йынша одан әрі жұмыс жүргізу екі тарапқа да аса қажет екені келісілді.

Тараптар байланысты нығайтуда экономика және саясатпен ғана іркіліп қалған жоқ. Мәдениет және өнер, білім, ғылым, туризм және спорт сала­ла­рындағы байланыстарды да дәйек­ті түрде тереңдетуге, қоғамдық, жас­тар және білім беру ұйымдары, иннова­циялық орталықтар, бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы қоян-қолтық істерде бір-біріне жәрдемдесу жөнінде уағдаласты.

Екі халықтың төл мәдениетін дә­ріп­теу мақсатында шығармашылық ұжымдармен алмасу практикасын оң бағалай отырып, 2023 жылы Әзербай­жанда Қазақстан мәдениетінің күндерін, сондай-ақ Қазақстанда Әзербайжан мәдениетінің онкүндігін өткізуге дайын­ екендігін екі тарап та айтты. Болған ке­ліссөздер мен сапар барысында қол қо­йылған екіжақты құжаттар Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы достық және одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Әзербайжан тарапы оккупанттардан босатылған аумақтарын реконструкциялау және қалпына келтіру жөніндегі мақсатты жұмыс шеңберінде Қазақстан тарапы танытқан мүдделі­лікті құптайтындарын жасырмады. Сөйтіп, әріптестер мен инвесторлар­дың инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысуына жәрдемдесуге дайын екендерін айтты.