Астана қаласындағы «Алау» мұз сарайында 8 және 13 жас аралығындағы бұрымды хоккейшілер арасында біріншілік өтті. Оған еліміздің әр өңірінен келген 7 команда қатысты. Олар 3 күн бойы айналмалы жүйеде мачтар сериясын өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жеңімпаз командаларды марапаттау рәсіміне Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев және Астана қаласы мәслихатының депутаты Нұрлан Муслим қатысып, жүлделі орындарға ие болған бұрымды қыздарды құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
«Елімізде әйелдер хоккейінің дамуына, әсіресе болашақ чемпиондарды бала жастан тәрбиелеуге ерекше көңіл бөліне бастады. Оған бүгінгі жарыс дәлел болып отыр. Былтыр ел чемпионатына 5 команда келіп еді. Биыл көрсеткіш 7-еуге жетті. Яғни жыл өткен сайын осы спорт түріне деген қызығушылық артып келетінін байқап отырмыз. Қыздардың деңгейі де жақсы. Ойындар өте тарысты өтті. Бірнеше қыз ерекше қабілетімен көзге түсті. Сәйкесінше, ұлттық құрамаға лайықты ізбасарлар өсіп келеді деген сөз», дейді әйелдер хоккейінің жетекшісі Бұлбұл Қартаңбай.
Жарыс қорытындысы бойынша «Астана» командасы бас жүлдені жеңіп алды. Үздік үштікті Алматы мен Өскемен қаласының құрамалары түйіндеді.