Кеше Президенттің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қайрат Қожамжаров «Орталық» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері базасында өткен Ұлттық ұланның командалық құрамының оқу-методикалық жиынына қатысты.
Аталған шара аясында Ұлттық ұлан Әскери кеңесінің мәжілісі өтіп, оның барысында қызметтік-әскери жұмыстардың негізгі қорытындылары шығарылды және алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды.
Мәжілісте Қ.Қожамжаров Ұлттық ұланның қоғамдық қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз етудегі рөлін атап көрсетті. Оларға өз қызметтерін ары қарай жетілдіру бойынша тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ, Ұлттық ұлан бөлімшелерінің күштер мен құралдарды жедел-қызметтік қолдану ауданына жеткізудегі, сонымен қатар, парашютті-десанттық және әскери барлау топтарының практикалық іс-қимылдары көрсетілді.
Жиын қорытындылары бойынша Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы тарапынан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамының іс-қимылына оң баға берілді.