АСТАНА. 11 шілде. Өткен түнде Алматының «Қайрат» командасы Қарағандының «Шахтері» мен Астананың «Астанасысының» сәтті жолын жалғастырып, Еуропа лигасы іріктеу раундының келесі кезеңіне өтті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Алматылықтар екі ойынның қорытындысы бойынша Албанияның «Кукеси» командасын ұтып кетті. Атап айтқанда, олар бұдан бір апта бұрын өз алаңында 1:0 есебімен жеңіске жеткен болса, түнде қонақта 0:0 есебімен тең ойнады.
Қарымта ойын Албанияның астанасы – Тирана қаласының «Кемаль Стафа» стадионында өтті. Алаң иелері бірінші минуттан Алматыдағы ойынның ең соңғы минутында жіберіп алған голдарының есесін қайтаруға ұмтылды. Бұл уақыттарда «Қайрат» та алаңсыз қорғаныста қойған жоқ. Оның сол тұстағы екі қарсы шабуылы гол әкеле жаздады. Айталық, Бауыржан Исламханның соққысы қақпа бағанынан қайтса, «Ақтөбемен» ойында хет-трик жасаған команда дебютанты Жерар Гоудың ұрған добын голкипер қағып алды. Тұтастай алғанда, бірінші таймдағы ойын алма-кезек шабуылмен өрнектелді. Соның барысында қақпашы Дмитрий Хомич бірнеше рет алматылықтар қақпасын аман сақтап қалды.
Екінші тайм тағы да «Кукесидің» шабуылымен басталды. Өз кезегінде «Қайрат» оларды мұқият қайтарумен болды. Сосын Исламхан тағы да өткір шабуылдың өтінен көрінді. Оның бұл жолғы соққысы бағанның жанынан өтті. Бұдан кейін күшейіп кеткен жауын екі жақты абайлап ойнауға мәжбүр етті. Командалар сонда да болса, таразы басын өздеріне аударуға тырысып бақты. Алайда, матчтың соңына дейін таблодағы 0:0 деген есеп өзгермеді.
Мұның алдында «Шахтер» мен «Астана» командалары келесі кезеңге өткен болатын. Армения жасақтарымен күш сынасқан олардың екеуі де екі ойынның қорытындысы бойынша 6:1 дегент есеппен жеңіске жетті. Кеше елордалық команда «Пюникті» 2:0 етіп тізе бүктірсе, кеншілер «Ширакты» 4:0 етіп талқандап шықты.
Сөйтіп, Еуропа лигасында ойнап жатқан Қазақстанның үш командасы да іріктеу раундының келесі кезеңіне өтті.
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: egemen.kz.
Фото: vesti.kz.