• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
11 Шілде, 2014

Үкімет басшысы мен бас банкирдің есебін тыңдады

311 рет
көрсетілді

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы Резиденциясында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовті қабылдады. Алдымен Үкімет басшысы Елбасына елдегі алғашқы жар­тыжылдықтағы экономикалық дамудың негізгі қоры­тын­дылары туралы баяндап, келесі жартыжылдықтың жоспарлары жөнінде есеп берді. Нұрсұлтан Әбішұлы бірінші кезекте жауапты лауазым иелеріне негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер мен валюта нары­ғындағы жағдайдың тұрақ­тылығын қамтамасыз етуді тапсырды. Елбасы қазіргі әлемдік қаржы нарығында орын алған жағдайларға байланысты ұдайы болатын тәуекелдерді сараптап отыру қажеттігіне баса назар аудару керектігін атап көрсетті. Өз кезегінде Президентке Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов қаржы саласының жағдайы туралы мәлімдеп, елдегі банк жүйесінің жұмысына байланысты есеп берді. Сол сияқты бас банкир қаржылық сектордың жұмысын реттеп отырған тетік­тердің қаржы-несие саясаты туралы баяндады. Ұлттық банк басшысы өз есебінде еліміздің ішкі жалпы өнімінің нақты өсімі 2014 жылдың бірінші тоқсанында 3,8 пайыз болғанын жеткізді. Өткен жылдың алғашқы үш айымен салыстырғанда тауарлардың экспорты 10,8 пайызға көтеріліп, 22,7 миллиард долларға жеткен. Ал импорт 14,6 пайызға азайып, 8,7 миллиард долларды құраған. Алдын ала мәліметтер бойынша, Ұлттық қордағы қаржы көлемі 77 миллиард доллар болған. Оңтүстік астанадағы кездесуде Мемлекет басшысы Үкіметке де, Ұлттық банкке да нақты тапсырмалар берді. Ең бастысы, еліміздің қаржы жүйесінде тұрақтылықты қамтамасыз ету мен экономиканың даму ырғағын сақтау қажеттігін қадап айтты. Президент қабылдауынан кейін Қайрат Келімбетов журналистермен қысқа баспасөз брифингін өткізіп, БАҚ өкілдеріне қорытынды ақпарат берді. – Алғашқы жартыжылдықтың макроэкономикалық көрсет­кіш­­­­тері бойынша алдын ала есеп бердік. Ағымдағы көрсет­кіш­тер Қазақ­стандағы макро­эко­номика­лық жағдайдың тұрақты екендігін көрсетеді. Дәл қазіргі таңда инфляция жылға шаққанда 7 пайыз көлемінде тұр. Бұл Ұлт­тық банк бекіткен 6-8 пайыз ара­лығындағы болжамға сай келеді. Сондай-ақ, 1 қаңтардан бас­тап бүгінге дейін тұрғындардың депо­зиті 500 миллиард теңгеге көбейді. Ал ақпан айында орын алған ақшаның кері қайтуын қоса есептегенде, бұл көрсеткіш 10 пайыздан асты. Сол сияқты біздер валю­та бағамының түзетілуі ел эконо­микасына оң нәтижесін берге­нін атап өтуіміз керек. Оның ішінде  биылғы жылдың бірінші тоқса­ны­ның қорытындысы бойынша төлем балансының оң сальдосы қалыптасып, 6,3 миллиард доллардан асты. Толайым алғанда осы барлық кезеңде Ұлттық банктің алтын-валюта қоры өсіп отырды. 9 шілдедегі көрсеткіш бойынша ол 27,5 миллиард доллар болды. Ұлттық қордың резервтерінің өсуі есебінен  еліміздің алтын-валю­та қорының жиынтығы  103 миллиард доллардан асты. Бұл көрсет­кіш­тер­дің барлығы да мемлекеттегі макроэкономикалық жағдайдың тұрақты екендігін сипаттап, Елба­сының ұзақмерзімді стратегия­сы мен жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауындағы тапсырмаларын орындауға мүмкіндік береді, – деді банкир. Брифинг барысында Қайрат Келімбетов тамыз айының басын­да Мемлекет басшысының төраға­лық етуімен алғашқы  жарты­жылдықтың экспорт-импорт көрсет­кіштеріне өндірістің барлық салалары бойынша алдын ала қоры­тындылар жасалатынын жеткізді. Оған қоса, қаржы сек­торының да мәселелері талқы­ланып, Елбасының тапсырма­сы бойынша қаржы саласын 2030 жылға дейін дамыту тұжырым­­дама­сының жобасы бойынша жұмыс­тар жүргізілмек. Сол сияқ­ты экономикалық өсімнің көрсеткіш­тері бойынша болжамдар, инфляциялар, қаржы секторы, несиелер мен депозиттер жағдайы талқыға түспек, деді Ұлттық банк төрағасы. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсіргендер С.Бондаренко, Б.Отарбаев.