Науырзым қорығында қызғалдақтың «Қызыл кітапқа» енген 4 түрі өседі. Бұл өңірдегі қосгүлді, жатаған, шренк, биберштейн қызғалдақтары сәуір-мамыр айларында Қарамеңді, Әулиекөл, Қайғы, Шолақсай, Аманкелдіге дейінгі сайын даланы сан түрлі бояуға малып, құбылта құлпыртып, жұпар аңқытып жібереді.
Қорық мамандарының айтуынша, ғұмыры қысқа қыр гүлі заң күшімен қорғауға алынған.
– Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды жұлуға, сақтауға, сатуға, әрі-бері алып жүруге, жоюға тыйым салынған. Көктем гүлін жұлған адамдар Қылмыстық кодекстің 339-бабының 1-бөліміне сәйкес мүлкі тәркіленіп, лауазымынан айырылып, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға жегіледі. Үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы да мүмкін. Қорыққа келушілерге тек суретке түсіруге рұқсат етіледі. Сирек кездесетін гүлдерді қорғау, насихаттау мақсатында біз аудандық білім мекемелерімен бірлесіп, оқушылар арасында «Науырзым қызғалдақтары» атты шығармашылық фестиваль өткізіп тұрамыз, – дейді қорық қызметкерлері.
Мұның сыртында, Науырзым ауданында жыл сайын көктемде Қызғалдақтар фестивалін өткізу дәстүрге айналған.
Қостанай облысы