• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Құрылыс 04 Мамыр, 2023

Жаңа көпірден үміт зор

272 рет
көрсетілді

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Павлодар қаласы үшін Ертіс өзенінің үстінен салынатын жаңа автомобиль көпірінің құрылысы өте маңызды. Себебі Астана бағытындағы ескі көпір құлағалы тұр. Бұл жол арқылы жеңіл машиналардан бөлек, Екібастұз бен Ақсу қалаларына да күнделікті үлкен автобустар қатынайды. Көлік ағыны бір толастамайтын стратегиялық нысан жаңарса, қаланы айналып өтіп жатқан жүк көліктерінің де жолы қысқара түспек.

Құрылысы сонау 2019 жылы жобаланып қойған жаңа көпірдің мәселесі ұзақ уақытқа созылып келді. Өткен жылдың соңында өңірімізге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодардың орасан зор транзиттік әлеуеті бар екенін атай келіп, Ертістен өтетін ескі көпір көлік-логистика саласын дамытуға мүмкіндік бермей отырғанына тоқталған. «Көпірдің апатты жағдайда тұрғанына біраз жыл болды. Көпір арқылы жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Бұған дейін облыс орта­лығын айналып өтетін жаңа көпір салу жоспарланған. Үкіметке келесі жылы осы жобаны бастауды тапсырамын. Жолды күтіп ұстауға баса назар аудару қажет», деген еді Президент.

Бұл тапсырманың нәтижесі көп күттірген жоқ. Былтыр қараша айында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жаңа көпірдің құрылысы 2023 жылы басталады деп сүйіншіледі. Жалпы ұзындығы 2,7 шақырым, төрт жолақтан тұратын жаңа стратегиялық нысан ескі көпірдің жанынан салынатыны белгілі болды. Оның құрылысына ел бюджетінен әу баста 40,3 млрд теңге қарастырылса, кейін сома 39 млрд теңгеге дейін қысқартылды.

«ҚазАвтоЖол» акционерлік қоға­мының ақпаратына сүйенсек, жаңа көпірдің құрылысы алдағы бір-екі айда басталады. Сәуір айында құры­лысты жүргізетін мердігер – «Қазақ­жолқұрылыс» ЖШС-мен шарт жасалған. Атал­ған компания кезінде Астана – Өскемен тасжолының бөлігі сана­латын «Нұрлы жол» көпірін тұр­ғыз­ғанын айтып өтуіміз керек.

– Ертістің үстінен өтетін жаңа көпір ескі көпірдің оң жағы­нан 40 метр жерден салынады. Жол полициясының бекеті жаңа көпірдің сол жағында қалып қояды. Құрылысы жағы­нан көпір Американың ірі қала­ларында жиі салынатын экстрадоз типін­дегі аспалы нысан ретінде тұрғы­зыл­мақ. Құрылыс­ты 4 үлкен тірек ұстап тұрады. Мұн­дай конс­трукция өзінің берік­тігін дәлел­деген. Әрі жасалған жоба да мемлекеттік сараптама­дан сәт­ті өтті. Нысанда ванталы көпір­лердегі сияқты болат арқан­дар да қарастырылған. Көпірге түсе­тін салмақты құрылыстың бар­лық тіректеріне бірдей тарату үшін жүйенің артықшылығы ба­сым. Көпірдің құрылысы күр­де­лілігі басымырақ типке жатады. Жұмыстар қыс айларын есеп­ке алмағанда, шамамен 25 айға созылуы керек. Бастапқы кезеңде дайындық жұмыстары жүр­гізіледі. Себебі болашақ кө­­пір­дің тіректері қағылатын қала аумағы бөлігінде инфрақұ­ры­лымдық коммуникациялар орна­­ласқан. Ермак, Ракетная көше­леріндегі кәріз желілері мен жылу және байланыс торапта­рын қысқарту, қайта құру үшін техникалық шарттарды рәсім­дедік. Құрылысқа өте көп мөл­шер­де темір арматуралар мен бетон қажет. Аралық құрылысты жүр­гі­зуге арналған арнайы тайғақ қалыптардың өзін әзірлеуге ұзақ уақыт қажет. Айтпақшы әлгін­­дей қалыптар бұған дейін Қа­зақ­­станда жасалмаған, маман­дар оны тек осы көпірге арнап құрастырмақ, дейді «ҚазАвто­Жол» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Алексей Логвиненко.

Көпірді салу кезінде қолданы­ла­тын материалдардың 95 пайызы отандық өндірістікі бола­ды деп шамалануда. Тек ван­та­лы болат арқандар мен аралық қосылыс жүйелерін, деформациялық тігіс­терді Қытайдан алдыру көзделген. Себебі мұндай өнімдер біздің елдің аумағында шығарылмайды екен. Жаңа көпірдің ұзындығы 691 метрді құраса, оған қатысты барлық жолдың ұзындығы 2,7 километрге жетеді. Норматив бо­йынша жаңа көпірдің құрылысы 25 айда салынуы керек. Одан соң ескі көпір бұзылып, бөлшектеліп алынады. Оған шамамен қосымша 14 ай жұмсалады. Жоба барлығы 39 ай ішінде еңсерілуге тиіс.

Айтып өтейік, өзен үстіндегі ескі автомобиль көпірі құжат бойынша 1961-1962 жылдары тұрғызылған екен. 2018 жылы мамандар көпірді тексере келе оның тіректері мен аралық бетон қабаттары әбден тозғанын айтып, үлкен жүк көліктерінің өтуіне тыйым салған. Бүгінде салмағы 10 тоннаға дейінгі көліктер ғана көпір үстінен жүре алады әрі көлік құралдарының арақашықтығы 30 метрден кем болмауы керек деген ереже бар. Астана немесе Қарағанды бағытынан шыққан үлкен жүк көліктері Ресейге барар болса, Павлодар қаласын оңтүстік-шығыс жағынан, «Нұрлы жол» көпірі арқылы айналады. Бұл – артық 48 шақырым жол жүру керек деген сөз. Тіпті күз бен қыста жергілікті кеніштерден қалаға көмір тасығанда да ауыр жүк көліктері шаһарды айналып келуге мәжбүр. А.Логвиненко бұл қолайсыздық 2025 жылға дейін жалғасатынын айтады. Жаңа көпірде барлық жайлылық қарастырылатын болады. Төрт жолақтан тұратын жаңа страте­гиялық нысанның екі беткейіне қауіпсіздік жолақтары және жаяу жүргіншілер жолдары да са­лы­нады деп жобаланған.

 

ПАВЛОДАР