• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Мамыр, 2023

Ресей домбырашылары Құрманғазының «Адай» күйін орындады

4786 рет
көрсетілді

Биыл – қазақтың қайталанбас композиторы, күйші Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл. Осыған орай Ресейдегі Астрахань облысының домбырашылары композитордың «Адай» күйін орындап, Атырау облысына челлендж жолдады.

Ресейлік домбырашылар бұл күйді Құрманғазы кесенесінің алдында тартты. Домбырашылардың арасында ересектер де, балалар да бар.

«Биыл қазақтың ұлы композиторы, күйші, домбырашы Құрманғазы Сағырбайұлының мерейтойын атап өтеміз. Осыған орай бүгін біз – Астрахань облысының домбырашылары Атырау облысына челлендж жолдаймыз», дейді Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталығының директоры Амангелді Әбілғазиев.  

Құрманғазы Сағырбайұлы Ресей Федерациясындағы Алтынжар ауылында жерленген. Бұл  ауыл Астрахань облысының Володар ауданында орналасқан.

«Алтынжар ауылында 2005 жылы Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталығы ашылды. Қазір аталған орталық Астрахань облысындағы маңызды мәдени және танымал туристік нысандарының біріне айналды. Біздің орталыққа алыс-жақын шетелдерден жыл сайын 1000-ға жуық адам келеді. Туристерге Құрманғазы Сағырбайұлының, онымен замандас болған қазақтардың өмірі туралы мағлұмат береміз» дейді Амангелді Әбілғазиев.

Оның айтуынша, орталықта ұлы күйшінің шығармашылығы, өмірі туралы сыр шертетін экспонаттар қойылған музей мен туристер үшін қонақүй ашылған. Орталықтың Самал» қазақ музыкалық ансамблі мен «Белый город» орыс музыкалық ансамблінде 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Дені – қандастарымыз, арасында 25 домбырашы бар.