Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Зәки Ахметовтің туғанына 95 жыл толуына орай «Гуманитарлық ғылымдар тоғысындағы әдебиеттанудың жаңа парадигмалары» атты екі күнге созылатын халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның ашылуы болды. Оған отандық және шетелдік ғалымдар қатысты.
Алқалы жиын құттықтаулармен басталды. Қазақстан Президентінің кеңесшісі, академик Бауыржан Омарұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың конфренцияға жолдаған құттықтауын оқып берді. Онда: «Қадірлі қауым, сіздерді көрнекті әдебиеттанушы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Зәки Ахметовтің туғанына 95 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның ашылуымен құттықтаймын! Зәки Ахметов – қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан әйгілі әдебиет теоретигі. Ол әлемге танымал түрколог Сергей Маловтың жетекшілігімен ғылыми еңбек қорғап, атақты әдебиеттанушы Виктор Жирмунскийдің жоғары бағасын алған ғибратты ғалым. Сондай-ақ Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры болған білікті басшы. Зәки Ахметұлы әдебиет теориясы саласында тыңнан түрен салды. Ұлы Абайдың мұрасының тереңіне бойлап, қазақ өлеңінің құрылысын жан-жақты зерттеді. Оның «Лермонтов және Абай», «Өлең сөздің теориясы», «Қазақ өлеңінің құрылысы», «Абайдың ақындық әлемі» сияқты іргелі еңбектері ұлт руханиятының құнды қазынасы. Зәки Ахметов – білікті ғалымдардың тұтас шоғырын тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Оның шәкірттері бүгінде аға буынның жолын жалғастырып, ғылымға зор еңбек сіңіріп жүр. Бүгінгі алқалы жиында ғалымның еңбектері туралы салиқалы ой тұжырымдар айтылады деп сенеміз», деп жазылған.
Сондай-ақ конференцияға Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов та құттықтау хатын жолдаған. Оны Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай оқыды.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов ғибратты ғалымның өмір жолы туралы қысқаша айтып өтті.
– Отандық әдебиеттану ғылымын биікке көтеруге өлшеусіз үлес қосқан тұлғаға деген құрмет уақыт өткен сайын еселене түсті. Ахмет Байтұрсынұлы ғылыми негізін қалаған қазақ классикалық филологиясын әлемдік деңгейде дамытуда академик Ахметовтің атқарған ісі орасан зор. 1947-1950 жылдары КСРО ғылым академиясының Ленинградтағы Шығыстану институтының аспирантурасында оқығанда оның әдебиет теориясындағы зияткерлік ізденісі айтулы ғалымдарды мойындатты. Әдебиеттануда алғаш рет Абай шығармашылығын шетел ақындарымен қатар зерттеп, «Лермонтов және Абай» атты тақырыпта кандидаттық еңбегін жазды. Одан соң «Қазақ өлеңінің құрылысы» атты докторлық диссертациясын қорғады. Бүгінге дейін ол тек түркі халықтарының ғана емес, барлық елдің поэзиясына арналған ғылыми еңбек ретінде бағаланады. Қысқасы, академиктің зерттеу еңбектері қазақ әдебиеттану ғылымы үшін маңызын жоғалтпайтын қымбат жәдігерге айналды, – деп жиынға қатысушыларға табыс тіледі.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова мен «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли де сөз алып, жиын қонақтарына ізгі лебізін жеткізді. Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы әкімдігінің өкілі Е.Сатыев ғалымның кіндік қаны тамған жердің сәлемін жеткізді. Онлайн байланыс арқылы академик Сейіт Қасқабасов біртуар тұлға туралы жылы естелік айтты.
Сонымен қатар «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы алқалы жиынның мәні мен мазмұны жөнінде айта келіп, Зәки Ахметовтің зиялылық қасиеті мен әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі туралы салмақты ой қозғады.
– Зәки Ахметов – тағдыр талайы ауыр қазақ зиялыларының жолын жалғап, өз еңбегімен ғылымның нәтижелі биігін көрсетті. Ол сол деңгейді жиырмадан енді асқанда бағындырды. «Қазақ өлеңінің құрылысы» – Зәки атаның іргелі зерттеуі. «Қазақ өлеңі» деген сөз халқымыздың тағдыры ғана емес, қазақтың бүкіл әдебиетінің жүріп өткен жолы. Осының бәрін ол кісі орыс тілінде үлкен әдеби орталарда, атап айтсақ, қазіргі Санкт-Петербург пен Мәскеудің әдебиеттану мектебінде дәлелдеп, қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымын жоғары деңгейге көтерді, – деп ғалым еңбегіне жоғары баға берді.
Құттықтаулардан соң сөз кезегі баяндамашыларға тиді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Шәкір Ибраев «Қазақ әдебиеттану ғылымы және З.Ахметовтің іргелі зерттеулерінің мәні» атты баяндамасында айтулы академиктің ғылымның теориялық талабын жоғары қойып, аналитикалық талдаулар мен категориялық ұғымдарды негіз етіп, зерттеудің жүйелі академиялық бағытын ұстанған ғалым екендігін сөз етті.
– Қазақ әдебиеттану ғылымының іргелі академиялық бағыттағы теориялық деңгейінің көтерілуіне, дамуына, зерттеудің базалық негізін нығайтуға ерекше үлес қосқан ғалымдар саны санаулы ғана десем, шындықтан алыс кете қоймаспыз. Өйткені кеңес дәуіріндегі қоғамдық ғылым салаларының салмақ басар ауырлығы – ең алдымен идеология жағында болғандықтан іргелі академиялық зерттеулерге, тәуелсіз теориялық ізденістерге, объектінің өзіне тән табиғи жаратылысын тура тануға жол беріле қоймайтын. Іс жүзінде ғылым мен идеологияның бірге қосақталуынан көбінесе идеологиялық нәтиже үстем шығатын. Қалай айтсақ та, Зәки Ахметов – әдебиеттануды социологиялық көсемсөздерден ажыратып, іргелі ғылымның отауын тұғырына апарып қондырған тұлға. XX ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиеттану ғылымының академиялық мінездемесін Зәки Ахметовтің еңбектерінсіз көзге елестету қиын. Оның ғылымдағы кәсібилігі – әдеби үдерістің белгілерін, құрылымдық бітімін, көркемдік құбылыстың тұтас картинасын жинақтап беруімен байланысты, – деді ол.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, қаламгер Сауытбек Абдрахманов академиктің аударматанушылығына жан-жақты тоқталды.
– Кешегі кеңестік кезеңде бір жақсы нәрсе болды. Ол – мәдениеттер арасындағы бәсеке байланыс. Осыған байланысты әр халық әр саладан өзінің алға ұстар ұлдарын шығарды. Нақты әдебиеттануға келсек, өткен ғасырдың 50-жылдары қазақ әдебиеттануы одақтық аренаға Зәки Ахметовті алға ұстады. Академик Ахметов секілді тау тұрпатты тұлғалар көз алдымызға жарқырап тұратын алуан қырлы ақ алмасты елестетеді. Осы ретте, ғалымның көп сөз бола бермейтін аударматанушылығы туралы айтсам деймін. Ғалымның 23 жасында жарық көрген «Лермонтов және Абай» атты еңбегі салған беттен үлкен жаңалықтарымен көзге түсті. Ең алдымен Зәки Ахметов аударманың тұжырымдамалық мәселесін сол еңбегінде айта білді. Ол – аударма аударылған ақынның ғана емес, аударған ақынның да өлеңі дегенді алғашқы кандидаттық диссертациясында көтерді. Бұл сол кез үшін тың жаңалық қана емес, батылдық та еді», деді ғалым.
Сондай-ақ конференция барысында Ә.Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік Өзбек тілі мен әдебиеті университетінің профессоры У.Жоракулов «Зәки ағаның зиялылығы», Қырғызстан ұлттық ғылым академиясы Ш.Айтматов орталығының директоры, ғалым Н.Ыйсаева «Зәки Ахметовтің қырғыз әдебиеттану іліміне қосқан үлесі», Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры Арап Еспенбетов «Қазақ әдебиеттану ғылымының заңғар тұлғасы», профессор Б.Мамраев «Академик Зәки Ахметов – классикалық монографияның авторы» атты тақырыпта баяндама жасап, академик Ахметовтің сан алуан қыры жан-жақты зерделенді. Басқа да ғалымдардың баяндамалары тыңдалды.
Сонымен қатар мазмұнды жиын аясында көрнекті ғалымның үш томдығы таныстырылып, академиктің еңбектері қойылған кітап көрмесі ұйымдастырылды.