Облыс орталығындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі халқымыздың біртуар перзенті, ақын, әнші-композитор Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 180 жыл толуына орай республикалық дәстүрлі әншілер байқауын өткізді.
Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық дәстүрлі әншілер байқауына қазақ даласының бар қиырынан дәмелі әншілер жиналды. Олар жас ерекшелігіне қарай үш топқа бөлінді. Әр топтың үздіктері арнайы марапаттарға ие болса, сонымен бірге, «Құлагер», «Маңмаңгер», «Майда қоңыр», «Балқадиша» сынды арнайы жүлделер тағайындалды.
Облыстық мәдениет және білім басқармаларының демеуімен өткен республикалық ән додасы дәстүрлі ән өнерін дамытуды, арыдағы аруақты аталарымыздың ұлттық өнерімізге қосқан өлшеусіз еңбегін насихаттауды мұрат тұтқандығын сөз арасында сыналап айта кеткен жөн. Әрине, жауапты жұмыстың түпқазығын ұстаған Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі. Жинақтап айтқанда, Ақан серінің есімі берілген оқу орны мен Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, колледж директоры Құралай Ыдырысованың еңбегі зор.
– Еліміздің тұс-тұсынан Ақанның әнін әуелетіп жеткен өрімдей жастар көңілге қуаныш сыйлап, өлмес әннің ертеңін елестетті. Он екіге енді толған жас әншілердің балғын дауыстары бабына жеткен жиырма бестегі әншілердің залды кернеген дауыстарымен біртіндеп баурап алды. Әрине, Арқаның асқақ әнін, иірімі мол, мың құбылған Ақанның әнін шебер орындау жас әнші үшін оңай емес. Дегенмен, байқауға түскен қырық шақты әншінің ішінен озып шығып, гала-концертке қатысқан өрімдей өрендердің талабы таудай екен, – деді зерделі көрерменнің бірі Марал Жақыпова. – Серінің әнін майталман кәсіби әншілердің орындауында құлақ құрышын қандыра тыңдап үйренген көрермен ретінде мені кешегі жастардың салған әні сол аққу сазды, гәкку назды әуендердің үзілмегенімен, жасампаздығымен қуантты.
Ән байқауы айрықша тартысты өтті. Ең бастысы, өнер иелеріне, киелі соқпаққа түскен жастарға қиянат жасалған жоқ. Барынша әділ баға берілді. Сондықтан да өкпелеген ешкім болмады. Бұл да үлкен жетістік. Әншейінде өнерлі ортада арагідік кездесіп қалатын жат көрініс орын алмады.
12-15 жастағы талапкерлер арасында бас жүлдеге Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы колледждің білім алушысы Іңкәр Нүптеке ие болды. Бірінші орын Астана қаласындағы Роза Бағланова атындағы №2 білім ошағының оқушысы Томирис Рамазанға бұйырды. 16-19 жастағы жасөспірімдер арасындағы додада бас жүлдені Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы колледждің білім алушысы Мадетхан Айдын алды. Бірінші орынға Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің өкілі Әлбосын Таңнұр көтерілді.
Келесі топта бас жүлдеге Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданынан келген жас әнші Қуандық Төкенов лайықты деп танылды. «Маңмаңгер» аталымына Алматы қаласындағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледждің білім алушысы Данияр Нұрмолдаев, «Балқадиша» аталымына Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы колледждің білім алушысы Гаухар Халық, «Майда қоңыр» аталымына Ұлытау облысының Жезқазған музыкалық колледжінің білім алушысы Азамат Нұрғалиұлы, «Мақпал» аталымына Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы Естай атындағы балалар музыкалық мектебінің өкілі Агиля Тавлетеева, «Құлагер» аталымы бойынша Солтүстік Қазақстан облысындағы Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінің білім алушысы Мұрат Қажкен ие болды.
КӨКШЕТАУ