• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
04 Маусым, 2010

“МЕН СЕНІ КҮТЕМІН, ЖАНЫМ!”

710 рет
көрсетілді

Шынайы махаббат шекара мен шектеулерге қарамайды. Шуақты  көктем айының соңында Застан­ционный кентіндегі ЕЦ – 166/23 мекемесінде тергеу тұтқынында отыр­ған Кенжебек пен Айнұрдың неке қию рәсімі болып өтті. Осы­нау қарапайымдау ғана салтанат­тың қуанышы мен наласы жас жұ­байлар мен ата-аналардың, тілектес жамағаттың жүрегін шымырлата тербеткені анық. Жанардан үзіліп түскен жасты, үміт болып жар­қы­раған отты көрудің өзі оңай емес еді. Көкшетау қалалық АХАЖ бө­лімінің бастығы Жанат Тәшенова жас жұбайларға неке куәліктерін тап­сырып, қиыншылығы мен қы­зығы қатар тұрар өмірде бір-біріне сүйеу болып, жұптасып тіршілік кешулеріне, діңгегі берік шаңырақ құруларына тілектестігін білдірді. Сондай-ақ қуаныш иелерін меке­менің аға заң кеңесшісі, әділет лейтенанты Айгүл Сайымбетова құттықтады. ЕЦ – 166/23 мекемесінің бас­ты­ғы Жанат Мұқашев жас жұ­бай­ларға құтты болсын айтып, қос жү­ректің жарасым табуы адам өмі­рін­дегі ең үлкен бақыт екендігін еске салды. “Тәуелсіз мемлекетіміздің заң­дары мен демократиялық қағи­далары азаматтардың тең құқық­ты­ғына кепілдік беріп, бақытты өмір сүруіне қамқорлық жасайды,–деді ол. – Мұндай өтініштер бізде ара­кідік болып тұрады. Оны қолдай­­­мыз. Өйткені, жаза басқан жан­дар­дың көкірегіндегі үміт сәулесі сөнбеуі тиіс”. Махаббат – құдірет! Құдірет қол­дап жүрсін сендерді, жас жұ­бай­лар! “Адасқанның айыбы жоқ, қазығын қайта айналып тапқан соң” дейді халқымыз. Тек бойла­рың­да сендерге жазған отбасылық өмір­дің ауыр салмағын көтеруге же­терлік жігер мен төзім болғай. Той рәсімінің еркіндікте өтпегені өкінішті, әрине. Бірақ, жастар жана­рындағы жалын сол еркіндікке ұмтылысты байқатып тұрғанына қуандық. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.