• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 05 Мамыр, 2023

Мемлекет отандық өнеркәсіпке қандай қолдау көрсетеді?

383 рет
көрсетілді

«QazIndustry Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арыстанбек Сағиев Отандық өнеркәсіпке көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі өзекті сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

1. Өнеркәсіпті мемлекеттік тұрғыда ынталандыру дегенді тарқатып айтып берсеңіз және оның кәсіпорындарға қандай тиімділігі бар?

− Өнеркәсіп кәсіпорындарын мемлекеттік ынталандыру – отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілетіп, еңбек өнімділігін арттыруға арналған мемлекеттен ұсынылатын шаралар пакеті.

Кәсіпорындар мемлекеттің көмегімен белгілі бір шығындарды өтеу арқылы, мысалы өз қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттырып, өндірістегі технологиялық процестерді жетілдірудің нәтижесінде (цифрлы технологияларды енгізу арқылы) шығаратын тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді ішкі нарыққа ұсына алады.

Бұл амалдың барлығы отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп,елішілік құндылықты арттыруға ықпал етуі тиіс.

Өз кезегінде мемлекет бизнесті қаржылай және басқа да қолдау тетіктері арқылы ынталандырып, әлеуметтік-экономикалық және өзге де көрсеткіштердің жақсаруын күтеді.

 

2. Qazindustry тарапынан мемлекеттік ынталандыру шараларының қандай түрлері ұсынылып отыр?

− Біз кәсіпорындарға екі негізгі бағыт бойынша шығындардың бір бөлігін өтеуге жәрдемдесе аламыз. Атап айтқанда, өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің еңбек өнімділігін арттыру мен өнімдер, көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілетуге жұмсалған шығындар.

Жеке тізбектейтін болсақ, біріншіден өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындардың бір бөлігін өтеу үшін қажетті өтінішті жолдауға хақылы. Мұндай шығындардың төрт түрі өтеледі:

- қызметкерлердің құзыреттілігін нығайтуға арналған;

- технологиялық процестерді жетілдіруге жұмсалған;

- өндірісті ұйымдастыру тиімділігін арттыруға бағытталған;

- цифрлы технологияларды енгізуге байланысты шығындар.

Мемлекет аталған шығын түрлері бойынша күнтізбелік жылға сәйкес 30-дан 60 млн теңгеге дейін аралықта жалпы соманың 40%-на дейін өтей алады.

Екіншіден, өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері шығаратын тауарларды, жұмыстарды және көрсететін қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілету бойынша шығындарды өтеуге өтініш беруге құқылы. Бұл шығарылатын өнімге сертификат алу мен зертханалық сынақтар жүргізуге, оның ішінде сынақ нәтижелерін сараптауға, сертификаттарды тіркеу мен т.б. шығындарға қатысты болуы мүмкін. Мұндай жағдайда мемлекет шығындардың 50%-на дейін өтей алады. Алайда ол 3 мың АЕК-тен аспауға тиіс.    

Сондай-ақ бағдарламалық қамтамасыз етуімен бірге сәйкестендіру құралдарын алуға арналған жабдықты сатып алу үшін жұмсалған шығындарды өтеу жолдары қарастырылған. Мысал ретінде аяқ киім өнімдерін таңбалау жабдықтарын айтуға болады. Бұл жағдайда да мемлекет шығындардың 50%-на дейін өтей алады. Бірақ оның мөлшері 10 мың АЕК-тен аспау қажет.    

 

3. Шығынды өтеуге байланысты мемлекеттің қаржылай қолдауын иелену үшін қандай талаптар қойылады?

Біріншіден, бұл отандық тауар өндіруші болуға тиіс.

Екіншіден, кәсіпорын шығаратын өнім түрлері ҚР ИИДМ-нің 2022 жылдағы 30 мамырдағы №306 бұйрығында бекітілген басым тауарлар тізбесіне сай болу қажет.

Үшіншіден, кәсіпорынның өтініш берген уақыттағы салықтар, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі болмау керек.

Төртіншіден, бизнес субъектісі әділет органдарында тіркелген күннен бастап операторға өтініш түскен күнге дейін кемінде бір күнтізбелік жыл өтуге тиіс.

Осы ретте акцияларының 50%-на және одан да көп үлесіне ие тікелей немесе жанама түрде мемлекетке, ұлттық холдинг пен ұлттық компанияға тиесілі субъектілер мемлекеттік ынталандыру шараларын пайдалана алмайтынын ескерте кеткен жөн.

 

4. Мемлекеттік ынталандыру қызметтерін алу тәртібі қандай әрі оған қандай құжаттар қажет?

2020 жылдың 26-шы наурызынан бастап өтініштер мен құжаттарды қабылдау www.qazindustry.gov.kz порталы арқылы электронды түрде жүзеге асырылып жатыр.

Өтініш беру үшін порталға тіркелу қажет, ал осы құжатқа қол қою үшін – электронды цифрлы қолтаңба кілті болуға тиіс. Сондай-ақ аталған платформа арқылы Synergy Agent бағдарламасын жүктеп, орнату керек.

Өтініш беру үшін қажетті құжаттардың тізбесі және оларды дайындау бойынша қадамдары көрсетілген нұсқаулық www.qazindustry.gov.kz сайтында орналастырылған («бизнесті қолдау» бөлімі). Сол бөлімде «өтініш беру» батырмасы бар.

Өтінішдерді қабылдау жыл бойы жүргізіледі.

Мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы 8 (7172) 79 33 90 (ішкі – 444) байланыс телефоны арқылы хабарласып, толық ақпарат алуға болады.

 

5. Мемлекеттік ынталандыру қызметтерін иеленген кәсіпорындардан қандай да бір қайтарым талап етіле ме?

− Әрине, қажетті көмек көрсету арқылы мемлекет кәсіпорындардан белгіленген міндеттемелердің орындалуын талап етуге құқылы, оның аясында әлеуетті өтініш беруші мемлекет салған бір теңгеден табыс көлемін кемінде екі теңгеге дейін ұлғайту жөніндегі міндеттемені өзіне алады.

Мысалы, кәсіпорын 30 млн теңге көлемінде өтемақы алған жағдайда екі жыл ішінде бұл соманы 60 млн теңгеге дейін ұлғайтуға тиіс.

Осы қарсы міндеттемелер орындалмаған жағдайда кәсіпорын қол жеткізген көрсеткіштеріне сай келетін өтемақы сомасын қайтару қажет.

Бұл орайда өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілетіп, еңбек өнімділігін арттыруға басымдық берген отандық өнеркәсіп кәсіпорындары мемлекеттік қолдау шараларын пайдалана алатынын айта кетейік. Мұндай қолдауды қазір «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ көрсетіп келеді.