Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Бүкілармиялық кеңес отырысы басталды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қарулы Күштеріміз – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі. Туған елдің тәуелсіздігін және бейбіт өмірін қорғау – қасиетті парыз. Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау – қастерлі борыш. Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы жерінің шетін жауға бастырмай, бізге мирас етті. Осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз. Біртұтас әрі қуатты мемлекетті ұрпаққа табыстау – негізгі мақсатымыз. Ел іші – тыныш, қоғам – тұрақты болса, жасампаз әрі өркениетті мемлекетке айналамыз. Яғни, дамыған ел боламыз десек, ең алдымен, бейбітшілік және тыныштық керек», деді Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның Қарулы Күштері осы қастерлі құндылықтарды қорғауға тиіс. Десе де, соңғы уақытта әлемде жаппай қарулану белең алып барады. Бұл ретте Қазақстан армиясы ел егемендігін сақтауға әрдайым дайын болуы тиіс.
«Барлық мәселе халықаралық құқық аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес шешілуге тиіс деп санаймыз. Алайда, заман күнде құбылып жатыр. Мемлекеттер өз мүддесін қорғау үшін жиі күш қолданатын болды. Әлемде жаппай қарулану белең алды. «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөз бар. Қазіргі күрделі кезеңде армияның рөлі күшейе түсті. Армия егемендігімізді қорғауға әрдайым дайын болу қажет. Оның кәсіби дайындығы, заманауи қару-жарақпен, озық технологиямен жабдықталуы басты факторға айналды», деп атам өтті Президент.Отырыс барысында Қасым-Жомарт Тоқаев әскердің біліктілігі мен ұтқырлығы ұрыс нәтижесіне тікелей әсер ететінін қадап айтты.
«Армия осы талапқа сай болса, өз міндетін ойдағыдай атқарады. Түрлі қауіп-қатерге тойтарыс бере алады», деді Мемлекет басшысы.